Мазмұнға өту

Ехоба куәгерлері адамдарды өз діндеріне күштеп кіргізе ме?

Ехоба куәгерлері адамдарды өз діндеріне күштеп кіргізе ме?

Жоқ, біз адамдарды күштемейміз. “Күзет мұнарасы” деп аталатын біздің негізгі журналымызда: “Адамдарды дінін өзгертуге мәжбүрлеу дұрыс емес”,— делінген болатын a. Мұның келесідей себептері бар:

  • Бізге жақсы үлгі қалдырған Иса пайғамбар адамдарды үйреткен ілімдерін қабылдауға ешқашан күштемеген. Ол айтқан хабарын азғана адам қабылдайтынын білген (Матай 7:13, 14). Бірде Иса пайғамбардың сөздері кейбір шәкірттеріне ұнамай қалған болатын. Сонда пайғамбар оларды ұстап қалуға тырыспай, өз жөндерімен кетулеріне жол берді (Жохан 6:60—62, 66—68).

  • Иса пайғамбар ізбасарларына да өзгелерді мәжбүрлемеуді өсиет еткен. Оның ізбасарлары адамдардың қалауын елемей, Патшалық туралы ізгі хабарды күштеп қабылдатқызған жоқ, қайта, тыңдауға ықыласты жандарды іздеді (Матай 10:7, 11—14).

  • Адамды күштеп дінге кіргізу — құр бекершілік, себебі Құдай тек шын жүректен жасалатын құлшылықты қабыл алады (Мұсаның 5-жазбасы 6:4, 5; Матай 22:37, 38).

Біздің мақсатымыз адамдарды өз дінімізге тарту ма?

Біздің ел алдында және үйден үйге жүріп, ізгі хабарды жердің қиыр шетіне дейін жариялайтынымыз рас. Осылайша біз Киелі кітаптағы өсиетті орындаймыз (Елшілердің істері 1:8; 10:42; 20:20). Иса пайғамбардың алғашқы ізбасарларына айып тағылғанындай, бүгінде де Ехоба куәгерлеріне “өзгелерді заңсыз түрде үгіттейді” деген айып тағылып жатады (Елшілердің істері 18:12, 13). Бірақ, шын мәнінде, бұлай айыптауға еш негіз жоқ. Біз ешкімді өзіміздің дінімізді қабылдауға мәжбүрлемейміз. Біз тек әрбір адам қажетті білім алуға құқылы деп есептейміз. Сонда адам бәрін өзі бағамдап, таңдау жасай алады.

Біз адамдарды басқа дінді қабылдауға итермелемейміз, дінді жамылып, саяси мақсатты көздемейміз я ақша ұсынып не басқа жағынан көмек беріп, өз қатарымызды көбейтуге тырыспаймыз. Біз “Иса пайғамбардың ізбасарларымыз” деп жүріп, осы аталған істермен оның атына кір келтіретіндер сияқты емеспіз b.

Адамның өзге дінді қабылдауға құқы бар ма?

Ыбырайым пайғамбар ата-бабасының дінін ұстанбауды шешті

Киелі кітаптан көрінетіндей, адамның өзге дінді қабылдауға құқы бар. Ол жерде ата-бабалары ұстанған дін бойынша жүрмей, өз еріктерімен шынайы Құдайға құлшылық етуді шешкен адамдардың өмірбаяны жазылған. Ыбырайым пайғамбар, Рут, Афины қаласының тұрғындары және елші Пауыл — сондай кісілердің кейбірі ғана (Ешуа 24:2; Рут 1:14—16; Елшілердің істері 17:22, 30—34; Ғалаттықтарға 1:14, 23). Киелі кітапта тіпті адам Құдай мақұлдайтын діннен кетуді шешіп жатса, бұл оның өз еркі екені айтылған (Жоханның 1-хаты 2:19).

“Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясында” әрбір адамның өзге дінді қабылдауға құқы бар екені жазылған. Біріккен Ұлттар Ұйымы бұл декларацияны “адам құқықтары жөніндегі халықаралық стандарттардың негізі” деп атады. Аталмыш құжатта әр адамның “өз дінін немесе наным-сенімін өзгертуге”, діни ақпараттар мен идеяларды “еркін іздеп, кез-келген құралдар арқылы таратуға” құқы бар екені мәлімденген c. Әрине, бұл құқықтар қосымша міндеттер жүктейді: әрбір адам басқалардың өз нанымдарын ұстануға және келіспейтін идеяларды қабылдамауға құқылы екенін мойындауы әрі бұған құрметпен қарауы керек.

Адамның басқа дінді қабылдауы ата-бабасын және олардан қалған дәстүрді құрметтемегені ме?

Міндетті түрде, олай емес. Киелі кітапта дініне қарамай, барлық адамды құрметтеуіміз керектігі жазылған (Петірдің 1-хаты 2:17). Бұған қоса, ата-анасы басқа дінді ұстанса да, Ехоба куәгерлері Киелі кітаптағы “әке-шешеңді құрметте” деген өсиетті орындайды (Ефестіктерге 6:2, 3).

Десе де Киелі кітаптың көзқарасымен екінің бірі келісе бермейді. Замбияда туып өскен бір әйел былай дейді: “Біздің қоғамда өз дініңді тастап, өзге дінді қабылдау... опасыздыққа жатады. Саған отбасыңды да, айналаңдағы адамдарды да сатып кеткен адамдай қарайды”. Бұл әйел жасөспірім кезінде Ехоба куәгерлерімен Киелі кітап сабағын бастап, көп ұзамай дінін өзгертуді шешкенде, осындай қиындыққа тап болған. Ол былай дейді: “Ата-анам менің бұл шешіміме разы емес екендерін және оларды жерге қаратқанымды қайта-қайта айтатын. Бұл маған өте ауыр тиетін, себебі мен олардың қолдауына қатты мұқтаж едім... Діни салт-жораларға емес, Ехоба Құдайға адал болғаның отбасыңды сатып кеттің дегенді білдірмейді ғой” d.

a “Күзет мұнарасының” келесі санын қараңыз: 2002 жыл, 1 қаңтар, 22-бет, 15-абзац.

b Мысалы, Ұлы Карлдың б. з. 785 жылдары шығарған жарлығына сай, Саксонияда мәсіхші ретінде шомылдыру рәсімінен өтуден бас тартқандардың бәрі өлім жазасына кесілу керек еді. Сонымен қатар б. з. 1555 жылы Киелі Рим империясындағы бір-бірімен қарсыласқан топтар қол қойған “Аугсбург діни бітімінде” әр аймақтық билеушінің я католик, я лютеран болуы керектігі, ал сол билеушінің қол астындағы азаматтар оның дінін қабылдау керектігі жазылған болатын. Бұдан бас тартқан азаматтар жер аударылатын.

c Адамның осындай құқықтары туралы келесі құжаттарда да сөз етіледі: Адам және халықтар құқықтары жөніндегі Африка хартиясы, Адамның құқықтары мен міндеттері жөніндегі Америка декларациясы, 2004 жылғы Адам құқықтары жөніндегі Араб хартиясы, Оңтүстік-Шығыс Азия елдері қауымдастығының адам құқықтары жөніндегі декларациясы, Адам құқықтары жөніндегі Еуропалық конвенция, Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пакті.

d Ехоба — Киелі кітапта жазылған Жаратушы Құдайдың есімі.