Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ТӨРТІНШІ ТАРАУ

“Сіз қайда барсаңыз, мен де сонда барамын”

“Сіз қайда барсаңыз, мен де сонда барамын”

1, 2. а) Рут пен Нағиманың сапары және бастарына түскен қиындықтары жайлы айтып беріңіз. ә) Рут пен Нағиманың сапарының айырмашылығы қандай?

РУТ пен Нағима түрлі бағыттан жел соғып тұратын Моаб жазығымен келе жатыр. Жапан далада бұл екеуі жылжып бара жатқан кішкентай нүктедей көрінеді. Көлеңкелердің ұзарып, кеш қарая бастағанын байқаған Рут түнейтін жер іздеу керектігін түсініп, енесіне қарап қояды. Ол енесі Нағиманы жанындай жақсы көреді және оған қамқорлық көрсету үшін қолынан келгеннің бәрін істеуге дайын.

2 Бұл екі әйел қайғының ауыр жүгін арқалап келеді. Бірнеше жыл бұрын Нағима жесір қалған еді. Кейін Килион мен Махлон деген екі ұлы да қайтыс болып, оның қайғысына қайғы қосылды. Бұл бақытсыздық Руттың да қабырғасын қайыстырды. Себебі Махлон оның күйеуі болатын. Рут пен Нағима Исраилдегі Бетлехем деген қалаға бет алып, бір бағытта келе жатса да, екеуі үшін бұл сапар екі түрлі еді. Өйткені Нағима туып-өскен жеріне келе жатса, Рут туған елін, туыстарын, салт-дәстүрі мен құдайларын тастап, мүлдем бейтаныс елге келе жатты (Рут 1:3—6 оқыңыз).

3. Осы тарауда қандай сұрақтарды қарастырамыз?

3 Бұл жас әйелдің өмірін түбегейлі өзгертуіне не түрткі болды? Жаңа өмір бастауға, енесі Нағиманы қамқорлауға оның шамасы келе ме? Осы сұрақтарды қарастыра отырып, моабтық Руттың бізге үлгі боларлық көп қырларын байқаймыз. ( “Кішкентай өнер туындысы” деген қоршауды қараңыз.) Ал қазір Рут пен Нағиманың не себепті Бетлехемге жол жүріп бара жатқанын көрейік.

Үйді қайғының қара бұлты басты

4, 5. а) Неге Нағиманың отбасы Моаб жеріне көшпек болды? ә) Моаб жерінде Нағима қандай қиындыққа кезікті?

4 Рут Өлі теңіздің шығысында жатқан Моаб деген шағын елде туып-өскен. Моаб — ойлы-қырлы, терең құздары бар, орман-тоғайы сирек кездесетін жер. Топырағы құнарлы. Тіпті көрші Исраил елін аштық жайлағанда да, Моаб егіндіктері өнім беріп отырған. Осы себептен исраилдік бір отбасы Моаб еліне көшіп келеді. Рут болашақ жары Махлонмен осылай танысса керек (Рут 1:1).

5 Исраилді ашаршылық жайлағандықтан, Махлонның әкесі Елимелек туған елін тастап, отбасымен Моаб еліне көшпек болады. Бөтен елде олардың әрқайсысының сенімі сыналмақ еді. Себебі олар өз елдерінде Ехобаға ғибадат ету үшін, ол таңдаған жерге жиналып тұратын (Мұс. 5-ж. 16:16, 17). Өкінішке қарай, кейінірек Нағиманың күйеуі дүниеден озды. Жүрегін қақ айырған бұл жағдайда Нағима Ехобаға деген сенімін берік етіп сақтап қалды (Рут 1:2, 3).

6, 7. а) Ұлдары моабтық қыздарға үйленгенде, неге Нағима уайымға батты? ә) Нағиманың келіндеріне жақсы қарағаны неліктен мақтауға тұрарлық?

6 Осыған дейін екі ұлының моабтық қыздарға үйленгені де Нағиманың жанына батқан болса керек (Рут 1:4). Себебі ол арғы атасы Ыбырайымның қолынан келгенін істеп, баласы Ысқаққа Ехобаға ғибадат ететіндердің арасынан әйел алып бергенін білетін (Мұс. 1-ж. 24:3, 4). Сондай-ақ Мұса Заңы да басқа құдайларға бет бұрып кетпеулері үшін исраилдіктерге жатжерліктермен қыз алысып, қыз берісуге рұқсат етпейтін (Мұс. 5-ж. 7:3, 4).

7 Әйтсе де Махлон мен Килион өздеріне әйелді моабтықтардың арасынан таңдады. Бұл Нағиманы уайымға батырған болса да, ол келіндері Орпа мен Рутқа шынайы сүйіспеншілік пен мейірімділік танытуға тырысты. Бәлкім, келіндері күндердің күнінде Ехобаға ғибадат етуді таңдар деп үміттенген шығар. Рут пен Орпаның да Нағиманы қатты жақсы көргенінде күмән жоқ. Осындай жылы қарым-қатынастың арқасында олар қайғының қара бұлты төнген уақытта бір-біріне демеу бола алды. Бұл екі әйел жастай жесір қалып, тіпті бала сүйіп те үлгермеген еді (Рут 1:5).

8. Руттың Ехобаға жақындауына не әсер етті?

8 Руттың кішкентай кезінен ұстанып келе жатқан діні оған осындай қайғылы кезде тірек бола алды ма? Бұлай болуы екіталай. Моабтықтар көптеген құдайға, соның ішінде басты құдайлары Хамосқа табынатын (Мұс. 4-ж. 21:29). Олардың діні сол кезде кеңінен тараған қатыгез әрі қорқынышты рәсімдерге толы болатын. Мәселен, олар балаларын құрбандыққа шалатын. Рут күйеуі мен енесінен Исраилдің сүйіспеншілікке толы әрі мейірімді Құдайы Ехоба жайлы білгенде, ол өз тәңірлері мен Ехобаның айырмашылығы жер мен көктей екенін түсінді. Себебі Ехоба қызметшілерінің өзіне қорыққандықтан емес, жақсы көргендіктен ғибадат еткендерін қалайтын (Мұсаның 5-жазбасы 6:5 оқыңыз). Күйеуінен айырылып, қайғы жұтқан Рут Нағимаға жақын бола түссе керек және енесінің Құдіреті шексіз Құдайы Ехоба жайлы, оның жасаған кереметтері мен халқына көрсеткен сүйіспеншілігі, мейірімділігі жайлы айтқандарын зор ықыласпен тыңдаса керек.

Бастарына қасірет түскенде, Рут Нағимаға жақындай түсіп, ақылмен әрекет етті

9—11. а) Нағима мен келіндері қандай тоқтамға келді? ә) Рут кітабында жазылған оқиғадан не білеміз?

9 Нағима туған өлкесінен тағатсыздана хабар күтіп жүрді. Күндердің күнінде ол жиһанкез саудагерлерден болса керек, Исраилде ашаршылықтың тоқтағанын естіді. Ехоба халқына назар аударып, шапағатын түсірген еді. Енді Бетлехем “нан үйі” деген атына заты сай қала болды. Сөйтіп, Нағима туған жеріне оралуды шешті (Рут 1:6).

10 Ал келіндері Рут пен Орпа не істемек? (Рут 1:7). Үшеуінің басына түскен ортақ қасірет оларды бұрынғыдан бетер жақындата түскен еді. Әсіресе Рут Нағиманың мейірімділігі мен Ехобаға деген берік сеніміне тәнті болып, оны жанына жақын тұтса керек. Содан бір-біріне бауыр басып кеткен бұл үш жесір әйел Яһуда еліне қарай бет алды.

11 Рут кітабы қайғы-қасіреттің адамды жақсы не жаман деп таңдамай, бәрінің басына бірдей түсетінін еске салады (Уағ. 9:2, 11). Сондай-ақ бұл оқиғадан көтере алмастай ауыр азапқа ұшыраған адамның өзгеден жұбаныш іздегені дұрыс екенін көреміз. Мұндай жұбаныш көзі Ехоба Құдайды пана ететін Нағима сияқты адамдар бола алады (Нақ. с. 17:17).

Руттың айнымас сүйіспеншілігі

12, 13. Неліктен Нағима Рут пен Орпаның өз үйлеріне қайтқандарын қалады және олар Нағимаға не деді?

12 Үйінен алыстаған сайын, Нағиманың жүрегін басқа бір уайым басты. Ол келіндері жайлы, олардың өзіне және екі ұлына көрсеткен сүйіспеншілігі туралы ойланып келе жатты. Нағима келіндерінің ауыртпалығына ауыртпалық қосқысы келмеді. Екеуі туған жерін біржолата тастап, онымен бірге барса, Бетлехемде Нағима оларға қамқорлық көрсете ала ма?

13 Ақыры Нағима келіндеріне: “Аналарыңның үйіне қайта ғойыңдар. Марқұм күйеулеріңе де, маған да айнымас сүйіспеншілік танытқандарың үшін Ехоба да сендерге лайым айнымас сүйіспеншілік танытсын”,— деді. Сондай-ақ ол Ехобаның Рут пен Орпаны жарылқауын, оларды жақсы күйеуге жолықтырып, жаңа өмір бастауға көмектесуін тіледі. Сосын беттерінен сүйіп қоштасқанда, келіндері еңіреп жылап қоя берді. Олар Нағимаға: “Біз де сізбен бірге ел-жұртыңызға барайықшы”,— деп тұрып алды. Рут пен Орпаның бұл ақжүрек те мейірімді әйелге неліктен бауыр басып кеткендері түсінікті де (Рут 1:8—10).

14, 15. а) Орпаның туған жерінде қалуды шешкені нені білдіреді? ә) Қалай Нағима Рутты райынан қайтармақ болды?

14 Нағима айтқанынан қайтпады. Ол өзін асырайтын күйеуінің жоқ екенін және оларға күйеу бола алатын өзге ұлдарының да жоқ екенін айтып, Исраилде оларды қамқорлай алмайтынын түсіндірді. Нағима олардың алдында өзінің дәрменсіз екеніне қатты күйінетінін де айтты. Ақырында Орпа Нағиманың сөздеріне құлақ асты. Ол Моабта анасы мен жылы үйі күтіп тұрғанын ойлап, туған жерінде қалуды шешті. Сөйтіп, Орпа Нағиманы қимай тұрса да, бетінен сүйіп қоштасып, кері қайтты (Рут 1:11—14).

15 Ал Рут ше? Нағиманың сөздері оны райынан қайтарды ма? Киелі кітапта: “Рут енесінен ажырамады”,— делінген. Бәлкім, Рут Нағиманың соңынан ілесіп отырған шығар. Нағима мұны байқағанда: “Міне, абысының өз еліне, өз құдайларына оралды. Сен де онымен бірге қайт”,— деді (Рут 1:15). Нағиманың бұл сөздері бізге маңызды бір жайтты аян етеді. Келіні Орпа тек өз еліне ғана емес, өз құдайларына да оралған еді. Ол Хамос пен басқа да жалған тәңірлерге ғибадат ете беруге қарсы болмаған. Ал Рут туралы не деуге болады?

16—18. а) Қалай Рут айнымас сүйіспеншілік танытты? ә) Руттың әрекетінен айнымас сүйіспеншілік қасиеті жайлы не білеміз? (34, 37-беттердегі суреттерді қараңыз.)

16 Нағимаға қарап тұрған Руттың жүзінен күмәннің бірде-бір ұшқыны байқалмады. Оның шешімі берік еді. Руттың жанары Нағимаға және Ехоба Құдайға деген сүйіспеншілікке тұнып тұрды. Ол былай деді: “Сізді тастап, кері қайт деп мені қинай көрмеңіз. Сіз қайда барсаңыз, мен де сонда барамын, сіз қайда түнесеңіз, мен де сонда түнеймін. Сіздің халқыңыз менің халқым, сіздің Құдайыңыз менің Құдайым болады. Сіз қайда өлсеңіз, мен де сонда өлемін, менің сүйегім сіз жатқан жерге жерленеді. Көзімнің тірісінде сізден ажырасам, Ехоба мені жазалаған үстіне жазалай түссін!” (Рут 1:16, 17).

“Сіздің халқыңыз менің халқым, сіздің Құдайыңыз менің Құдайым болады”

17 Руттың бұл сөздерді айтқанынан бері 30 ғасыр өтсе де, олар әлі ұмыт болған жоқ. Осы сөздерінен оның айнымас сүйіспеншілігі көрінді. Руттың Нағимаға деген сүйіспеншілігінің адал да берік болғаны сонша — ол Нағима қайда барса, сонда баруға дайын болды. Тек өлім ғана оларды айырмақ еді. Рут Нағиманың халқын өзінің халқы етуді шешті. Ол Моабтағының бәрін, соның ішінде құдайларын да артта қалдырды. Орпаға қарағанда Рут Ехобаны өзінің Құдайы етуді шын жүректен қалады *.

18 Сөйтіп, Нағима мен Рут Бетлехемге бағытталған ұзақ сапарын жалғастырды. Бір есепке сай, мұндай сапар бір аптаға созылатын болған. Қиын-қыспақ уақытта Рут пен Нағима бір-бірі үшін нағыз демеу бола алды.

19. Отбасында, достар мен бауырластар арасында қалай Рут сияқты айнымас сүйіспеншілік таныта аламыз?

19 Адамзат бүгінде қым-ғуыт, тым суыт уақытты бастан өткізіп жатыр. Киелі кітапта “ерекше қиын уақыт” деп аталған осы алмағайып заманда бәріміз де жақындарымыздан айырылып, әртүрлі қиындыққа тап болып жатамыз (Тім. 2-х. 3:1). Сондықтан әсіресе бүгін Рут танытқан айнымас сүйіспеншілікті таныту аса маңызды. Айнымас сүйіспеншілік — ешқашан суымайтын, үздіксіз танытылатын қасиет. Ол осы түнек басқан заманда адамды жақсылық істеуге талпындырушы күш болып табылады. Некеде, отбасында, достар мен бауырластар арасында бұл қасиет ауадай қажет (Жоханның 1-хаты 4:7, 8, 20 оқыңыз). Айнымас сүйіспеншілікті дамытар болсақ, Руттың қалдырған керемет үлгісіне еліктейміз.

Рут пен Нағиманың Бетлехемге келуі

20—22. а) Көңіліндегі қаяу Нағиманың жүзінен қалай байқалды? ә) Нағима басына түскен қасірет жайында қандай бұрыс көзқараста болды? (Жақып 1:13-ті де қараңыз.)

20 Әрине, айнымас сүйіспеншілік жайлы айту мен оны таныту — екеуі екі бөлек нәрсе. Руттың енді тек Нағимаға ғана емес, Құдайы етіп таңдаған Ехобаға да өзінің айнымас сүйіспеншілігін көрсететін кезі келді.

21 Нағима мен Рут Иерусалимнен оңтүстікке қарай 10 шақырым жерде орналасқан Бетлехемге келіп жетті. Нағима мен оның отбасын жұрттың көбісі жақсы таныса керек, өйткені оның қайтып келгені жайлы жаңалық бүкіл қалаға тез тарап кетті. Әйелдер оны көргенде: “Мынау шынымен Нағима ма?!”— деп таңғалысқан. Соған қарағанда Моабтағы өмірі мен жақындарын жоғалтқаны оның бет әлпетінде терең із қалдырған болса керек (Рут 1:19).

22 Нағима туыстары мен көршілеріне көкірегіне толған қайғысы мен ащы өмірінің тауқыметі жайлы айтып берді. Ол тіпті “сүйінішім” дегенді білдіретін есімін “ащы” деген мағынасы бар Мара деген есімге ауыстырғысы келген. Байғұс Нағима-ай! Ол да жүздеген жыл бұрын өмір сүрген Әйүп сияқты, басына түскен қасіретті Ехоба Құдай жіберді деп ойлаған (Рут 1:20, 21; Әйүп 2:10; 13:24—26).

23. Рут не істеуге кірісті және Мұса Заңында кедей адамдарға қандай шара қарастырылған еді? (Сілтемені де қараңыз.)

23 Бетлехемге келген соң, Рут өзін де, енесі Нағиманы да асыраудың қамын жасай бастады. Ол Ехобаның Исраил халқына берген Заңында кедей-кепшіктер үшін шара қарастырылғанын білді. Осы шараның арқасында жарлылар орақ кезеңінде танаптарға барып, егін орушылардың соңынан масақ тере алатын және танаптың жиегінде қалған егінді жинай алатын * (Мұс. 3-ж. 19:9, 10; Мұс. 5-ж. 24:19—21).

24, 25. Бағоздың егіндігіне кездейсоқ тап болған Рут не істеді және неге масақ теру оңай іс болмаған?

24 Бұл егіншілер арпа жинап жатқан уақыт болатын. Біздің күнтізбе бойынша сәуір айы болса керек. Рут егіндікке барып, кедейлерге арналған шараға сай, рұқсат еткен егіндіктен масақ жинамақ болды. Содан ол Нағиманың марқұм күйеуі Елимелектің ауқатты аталас туысы Бағоздың танабына түсіп кетті. Заңға сай, Руттың масақ теруге толық құқығы болса да, ол егін жинаушылардың үстінен қарайтын кісіден сол танапта жұмыс істеуге рұқсат сұрайды. Ол кісі келісімін берген соң ғана Рут жұмысқа кіріседі (Рут 1:22—2:3, 7).

25 Көз алдымызға Руттың егіндікте жүргенін елестетіп көрейікші. Ол шақпақтастан жасалған орақтарымен арпа орып жүргендердің соңынан масақ жинап барады. Рут орақшылар қалдырып кеткен не түсіп қалған масақтан бау байлап, бауларын астық бастыратын жерге апарады. Бұл көп тер төгуді талап ететін ауыр еңбек еді. Әсіресе күн жоғары көтерілген сайын жұмыс істеу одан бетер қиындай түсетін. Әйтсе де Рут бел жазбай еңбек етті. Ол тек маңдайдан аққан терін сүрту үшін не жұмысшыларға көлеңке болсын деп тұрғызылған күркеде жүрек жалғап алу үшін ғана кідіріп, сол кезде ғана тынығатын.

Енесі мен өзін асырау үшін Рут ауыр әрі төмен саналатын жұмыс істеуге дайын болды

26, 27. Бағоз қандай адам болған және ол Рутқа қалай қарады?

26 Рут өзіне біреу назар аударады деп мүлдем ойламаған шығар. Алайда оны Бағоз байқап, орақшылардың үстінен қарайтын жігіттен ол туралы сұрастырды. Бағоз бір күнге жалданғаны бар, жатжерлігі бар — барлық жұмысшыларымен “Ехоба жар болсын!” деп амандасты. Олар да Бағозбен осылай жылы амандасты. Бағоз Құдайдан қорқатын, рухани толысқан, егде жастағы кісі болатын. Ол Рутқа қызындай қарады (Рут 2:4—7).

27 Бағоз Рутты “қызым” деп шақырып, масақты әрі қарай да оның егіндігінен тере беруді айтты, әрі жұмысшылардың ешқайсысы оған тиісіп жүрмеуі үшін, қызметші қыздардың қасында жүруге кеңес берді. Бағоз Руттың түсте тамақ жеп алуының да қамын жасады (Рут 2:8, 9, 14 оқыңыз). Ал, ең маңыздысы, ол Рутты мақтап, оған қанат бітірді.

28, 29. а) Көпшілік Рутты кім деп білді? ә) Руттың Ехобадан пана іздегенінен сіз қандай үлгі аласыз?

28 Рут өзіне, жатжерлік әйелге, осындай мейіріммен қарайтындай не жақсылық істегенін сұрағанда, Бағоз оған енесі Нағимаға көрсеткен қамқорлығы жайлы естігенін айтады. Соған қарағанда Нағима Бетлехемдегі әйелдерге жақсы көретін келінін мақтап, кейіннен бұл сөздер Бағозға да жетсе керек. Бағоз Руттың Ехобаға ғибадат ете бастағанынан да хабардар болатын, себебі ол Рутқа: “Жасаған жақсылықтарың үшін Ехоба саған батасын төксін! Исраилдің Құдайы Ехоба қанатының астынан пана іздеген саған қарымтаңды толығымен қайтарсын!”— деген (Рут 2:12).

29 Бұл сөздер Руттың бойына қайрат бітірген! Расында да ол қорғаныш іздеп анасының бауырына ұмтылған балапандай, Ехобаның қанатының астынан пана іздеді. Ол Бағозға осындай жылы сөздері үшін алғыс білдірді де, масақ теруге кірісіп, қас қарайғанша еңбек етті (Рут 2:13, 17).

30, 31. Руттың еңбексүйгіштігі, ризашылығы мен айнымас сүйіспеншілігі бізге қай жағынан үлгі болып табылады?

30 Руттың іс-әрекетінен көрінген сенімі күн көру қиын мына заманда біз үшін үлгі болып табылады. Ол жесір болғандықтан басқалар өзіне қол ұшын беруге міндетті деп санаған жоқ. Алайда кімде-кім көмегін ұсынып жатса, мұны ризашылықпен қабыл алды. Рут өзіне қымбат адамды асырау үшін ауыр еңбек етуден, тіпті төмен саналатын жұмысты атқарудан тартынбады. Ол қай жерде және кіммен жұмыс істеуге қатысты кеңеске ықыласпен құлақ асты. Ал, ең бастысы, Рут негізгі қамқоршысы Ехоба Құдайдан пана іздеді.

31 Рут сияқты айнымас сүйіспеншілік пен кішіпейілділік танытсақ және еңбексүйгіш болып, Ехоба Құдай жайлы білгенімізді бағаласақ, біздің де сеніміміз өзгелерге үлгі болады. Ал келесі тарауда Ехобаның Рут пен Нағимаға қалай қамқорлық көрсеткенін талқылаймыз.

^ 17-абзац Көңіл қоярлық бір жайт — Рут басқа жатжерліктер сияқты жай ғана “Құдай” деп емес, “Ехоба” деп Құдайдың есімін қолданған. “Бұдан жазушының жатжерлік әйелдің шынайы Құдайға ғибадат ете бастағанын атап өткісі келгені көрінеді” (“The Interpreter’s Bible”).

^ 23-абзац Рут бұрын-соңды мұндай керемет заң жайында естімеген еді. Сол заманда Таяу Шығыстағы жесір әйелдердің өмірі аса ауыр болатын. Бұл туралы бір кітапта былай деп жазылған: “Күйеуі көз жұмған соң, жесір әйел балаларына арқа сүйейтін. Ал егер баласы болмаса, ол өзін құлдыққа сататын не жезөкшелікке салынатын. Кейбір жесір әйелдер тіпті өліп кететін”.