Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

“Құдайға жақын болғаным қандай игі!”

“Құдайға жақын болғаным қандай игі!”

ТОҒЫЗ ЖАСТАН кейін менің бойым өспей қалды. Бүгінде жасым 43-те, ал бойым бар-жоғы 1 метр ғана. Енді бойым өспейтінін түсінгенде, ата-анам сол туралы ойлай бермеуім үшін мені аянбай еңбектенуге талпындырды. Мен есіктің алдына үстелді шығарып, жеміс сататынмын. Оны тап-тұйнақтай етіп ұстағаным сатып алушыларға ұнайтын.

Әрине, аянбай еңбектенгенмен, жағдайым өзгерген жоқ. Бойым қысқа күйі қала берді. Қарапайым нәрсенің өзі маған қиынға соғатын: мысалы, тауар сөресіне бойым жетпейтін. Барлық нәрсе менен бойы екі есе ұзын адамдарға арналғандай болып көрінді. Мен өміріме қатты налыдым, бірақ 14 жасымда бір өзгеріс болды.

Бір күні екі Куәгер әйел келіп, менен жеміс сатып алды. Сосын олар маған Киелі кітапты зерттеу сабағын ұсынды. Көп ұзамай мен Ехобаны жақыннан танып-білу бойымның қысқалығынан да маңызды екенін ұқтым. Бұл маған көп көмектесті. Зәбүр 73:28 менің сүйікті тармағыма айналды. Бұл тармақтың бірінші бөлігінде: “Менің Құдайға жақын болғаным қандай игі!”— делінген.

Отбасым аяқ астынан Кот-д’Ивуардан Буркина-Фасоға көшті. Менің өмірім күрт өзгеріп кетті. Бұрынғы тұрған жерімде жұрт мені жеміс сөресінің қасынан көріп үйренген еді. Ал жаңа жерде жұрттың көбі мені бөтенсіп, біртүрлі көрді. Олар маған тесіліп қарап қалатын. Сол үшін үйден апталап шықпай қоятынмын. Бірде Ехобаға жақындау мен үшін қандай игі болғанын есіме алдым. Мен Ехоба куәгерлерінің филиалына хат жаздым. Олар дәл маған керек адамды, Наниді, жіберді. Ол мотороллермен жүретін миссионер болатын.

Сусыған құмнан көшеде жүру қиынға соғатын, ал жауын-шашынды мерзімде жер иленіп жататын. Нани маған зерттеу сабағын өткізуге келгенде, мотороллерінен талай рет құласа да, еш берілмеді. Бірде ол мені қауым кездесулеріне шақырды. Бұл дегенің адамдардың қадалған көзіне түсу ғой! Оның үстіне, онсыз да әрең жүретін мотороллерге отырсам не болмақ?! Бірақ мен не де болса мініп көрейін дедім, өйткені сүйікті тармағымның “мен Әлемнің Әміршісі Ехобаны паналадым” деген сөздері көкейімде сайрап тұрды.

Нани екеуміз кейде балшыққа құлап түсетінбіз. Бірақ бұған қарап жатқан біз жоқ, өйткені қауым кездесулері маңызды еді. Патшалық сарайының ішіндегі күлімсіреген жүздер мен сырттағы тесілген көздердің айырмашылығы жер мен көктей болатын! Мен тоғыз айдан соң шомылдыру рәсімінен өттім.

Сүйікті тармағымның тағы бір бөлігінде: “Барлық істерін жариялау үшін”,— делінген. Қызметке шығу мен үшін қиынның-қиыны болатынын білдім. Ең алғаш үйме-үй жүріп уағыздағаным әлі есімде. Үлкен-кіші демей, бәрі маған тесіле қарап, соңымнан еріп, жүрісімді салатын. Бұл маған өте ауыр тиді, бірақ мен сияқты, олардың да жұмаққа мұқтаж екенін қайта-қайта есіме салып тұрдым. Бұл әрі қарай да табанды болуыма көмектесті.

Жағдайымды жеңілдету мақсатымен қолмен басқарылатын үш аяқты велосипед алдым. Қызметтегі серігім мені қырға итеріп шығаратын да, сосын велосипедке секіріп отырып алып, екеуміз төмен қарай зулай жөнелетінбіз. Алғашында қызмет қиынға соққанмен, кейін қуанышымның көзіне айналды. Қызметті ұнатқаным сонша — 1998 жылы тұрақты ізашар болдым.

Менің Киелі кітап зерттеу сабақтарым көп болды. Зерттеген адамдардың төртеуі шомылдыру рәсімінен өтті. Қуанышыма қуаныш қосқан — сіңлімнің де шындықты қабылдағаны болды! Басқалардың рухани өсіп жатқанын есту мұқтаж болған кезімде бойыма қанат бітіреді. Бірде безгекпен ауырып, жаным қатты қиналғанда, Кот-д’Ивуардан хат келді. Буркина-Фасода бір студентпен Киелі кітап зерттеу сабағын бастап, бір ер бауырласқа табыстаған едім. Ол жігіт кейін Кот-д’Ивуарға көшіп кетті. Оның шомылдыру рәсімінен өтпеген жариялаушы болғанын естігенде, қуанышым қойныма сыймады!

Мен күнімді қалай көріп жүр дейсіз ғой? Жарымжандарға жәрдемдесетін қоғам маған тігін тігуді үйретті. Бір мұғалім менің жұмысқа деген ептілігімді байқап: “Біз саған сабын жасауды үйретейік”,— деді. Содан олар маған сабын жасауды үйретті. Мен үйде кір сабын мен иіс сабын жасаймын. Жұртқа менің сабындарым ұнап, олар өзгелерге жарнамалайды. Мен оларға сабынды үш аяқты мотороллеріммен өзім апарып беремін.

Өкінішке орай, 2004 жылы арқам шыдатпай ауырып, ізашарлық қызметті тоқтатуға тура келді. Дегенмен қазір қызметке жүйелі түрде шығып тұрамын.

Жұрт мені жүзімнен күлкі үйірілмейтін адам ретінде таниды. Менің қуанышты болуыма себеп көп, өйткені Құдайға жақын болғаным мен үшін игі! (Айтып берген Сара Мига.)