Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

“Аңғал әрбір сөзге сенеді”

“Аңғал әрбір сөзге сенеді”

“Ешқашан газет оқымайтын адам ақымақ, ал газетте жазылған екен деп, оқығанының бәріне сене беретін адам одан өткен ақымақ”. Август фон Шлёцер, неміс тарихшысы әрі журналисі (1735—1809).

ЕГЕР адам осыдан 200 жыл бұрын газет бетінде жазылғанға сене алмаған болса, ХХI ғасырда интернеттен оқығандарымыздың көбісі жайлы да тап солай деуге болады емес пе?! Заманауи технологияның арқасында не көп, мәлімет көп. Олар тура не жалған, пайдалы не пайдасыз, зиянды не зиянсыз болуы мүмкін. Сондықтан не оқып, не қойып жатқанымызға мұқият болуымыз керек. Әсіресе адам интернетті енді қолдана бастаса, қандай да бір хабарды яки жаңалықты, онлайн оқығандықтан не достары жібергендіктен ғана рас деп ойлауы мүмкін. Бұл мәлімет өте оғаш көрінсе де олар сеніп жатады. Алайда Киелі кітапта мынадай ескерту жазылған: “Аңғал әрбір сөзге сенеді, парасатты әр қадамын ойлап басады” (Нақ. с. 14:15).

Қалайша біз “парасатты” болып, компьютер бетіне шыққан мағлұматтың жалған, аңыз әңгіме не алдап-сулау еместігін ажырата аламыз? Алдымен, келесі сұрақтар жөнінде ойланып көр: “Бұл мәлімет ресми, сенуге тұрарлық веб-сайттан ба, әлде қандай да бір блогтан не беймәлім сайттан ба? Сенімді сайттар сол мәліметті жоққа шығара ма?” * Сосын әр нәрсенің “байыбына жете біл” (Нақ. с. 1:3). Егер қандай да бір жаңалық күдікті болып көрінсе, демек, бұл солай болғаны. Сондай-ақ мәлімет біреуді жаманатты ету мақсатымен жазылған болса, оны тарату кім үшін пайдалы екенін және неге оны таратқысы келетіні жайлы ойлан.

ЭЛЕКТРОНДЫ ХАТТАРДЫ БАСҚАЛАРҒА ЖІБЕРУГЕ АСЫҒАСЫҢ БА?

Кейбіреулер соңғы жаңалықтарды байланыс тізімінде кім болса, соның бәріне жібере салады. Олар мағлұматтың рас-өтірігін тексермейді, я оны жіберген соң арты не боларын ойланып жатпайды. Бәлкім, олар жаңалықты бірінші болып таратып, жұрттың назарына іліккісі келетін шығар (Сам. 2-ж. 13:28—33). Алайда біз “парасатты” болсақ, мұның арты неге апарып соғуы мүмкін екенін ойлаймыз. Мәселен, ол әлдекімнің яки ұйымның беделіне нұқсан келтіруі мүмкін.

Әрине, мәліметтің растығын тексеру үшін күш пен уақыт жұмсау керек. Сондықтан кейбіреулер хатты алған адамның өзі оны тексеріп алады деп ойлайды. Бірақ ол адам үшін де уақыт қымбат қой (Ефес. 5:15, 16). Сол себептен “Күмәндансаң, жібере сал” демей, “Күмәндансаң, өшіріп таста!” деген қағиданы ұстанған жөн.

“Мен электронды хаттарды міндетті түрде басқаларға жіберем бе? Адамдарға жіберіп алып, артынан дұрыс емес, тіпті өтірік мағлұматты жібергенім үшін кешірім сұраған кезім болған ба? Менен электронды хаттарды жібермеуімді өтінгендер болды ма?”— деп ойланып көр. Мына жайтты ұмытпа: достарыңда электронды пошта болса, демек, олар интернетті де қолдана алады, сондықтан керек мәліметті өздері-ақ тауып алады. Оларға қызықты оқиғаларды, бейнероликтер не суреттерді қарша боратудың қажеті жоқ. Сондай-ақ Киелі кітапқа негізделген баяндамалардың аудио не жазбаша нұсқасын жіберу даналыққа жатпайды *. Оның үстіне, іздену барысында тапқан мәліметті, Киелі кітап тармақтарына қатысты ойларды немесе қауым кездесуінде қарастыратын сұрақтардың жауабын біреуге жіберсек, оның өзінің ізденуіне кедергі жасауымыз мүмкін.

Маған елді дүрліктірерлік жаңалықты басқаларға жіберу керек пе?

Егер интернеттен Ехобаның ұйымына жала жапқан мәліметті көріп қалсақ ше? Мұндай мәліметтен үзілді-кесілді бас тарту қажет. Оқығаныңды өзгелермен бөлісіп, ойларын білу, керісінше, зиянды мәліметтің одан бетер таралуына ықпал етеді. Интернеттен көрген нәрсең сені қатты мазаласа, Ехобадан даналық сұра және толысқан бауырластармен сөйлес (Жақ. 1:5, 6; Яһд. 22, 23). Жұрттың біз туралы жалған мағлұмат таратқанына таңғалмауымыз керек. Адамдар кезінде Исаға да жала жапқан. Ол жаулардың ізбасарларын қудалап, “түрлі жала жауып жамандайтынын” ескертіп кеткен (Мат. 5:11; 11:19; Жох. 10:19—21). Егер саналылық пен парықтылық танытсақ, “жалған сөйлейтін” және “қулық-сұмдыққа берілген” адамдарды ажырата білеміз (Нақ. с. 2:10—16).

ӨЗГЕЛЕРДІҢ ҚҰҚЫН ҚҰРМЕТТЕ

Бауырластар туралы біреуден естіген жаңалықпен не оқиғамен бөліскенде де, абай болуымыз қажет. Мәлімет тура болған күнде де, кейде оны өзгелерге айту дұрыс болмайды, сүйіспеншілікке де жатпайды (Мат. 7:12). Мысалы, өзгелер туралы өсек-аяң тарату ешкімді жігерлендіре қоймас (Сал. 2-х. 3:11; Тім. 1-х. 5:13). Құпия сақтау керек мәліметтер де бар. Бәлкім, кейбіреулер оны кейінірек не арнайы жолмен ашқысы келетін шығар. Сондықтан олардың қашан және қалай жария етуге құқықтары бар екенін ескеріп, құрмет көрсетуіміз керек. Мәліметті уақытынан бұрын таратсақ, арты насырға шабуы мүмкін.

Бүгінде ақпаратты — тура не жалған, пайдалы не пайдасыз, зиянды не зиянсыз болсын — өте тез таратуға болады. Егер мәліметті бір адамға жіберсең, ол қас қағымда оны бүкіл әлемге тарата алады. Сол үшін мағлұматты өзің білетін адамдардың бәріне бірден таратудан сақ бол. Сүйіспеншілік “бәріне сенетін”, күдікшіл емес болғанымен, біз кез келген жаңалыққа не қызықты оқиғаға сене салатын аңғал болмауымыз қажет (Қор. 1-х. 13:7). Біз Ехобаның ұйымын және бауырластарды жақсы көргендіктен, олар туралы айтылған өтірікке не лақап сөзге ешқашан сенбейміз. Мұндай мәліметті тарататындар “өтіріктің әкесі” болып табылатын Шайтан Ібілістің қолшоқпары екенін естен шығарма (Жох. 8:44). Олай болса, парасаттылық танытып, күнделікті мәліметтер ағымын абайлап қолданайық. Киелі кітапта айтылғандай, “аңғалдың үлесіне ақымақтық тиер, парасатты білімді басына тәж етіп киер” (Нақ. с. 14:18).

^ 4-абзац Сақ бол, өйткені бұрын жалған деп әшкереленген ақпараттың өзі қайта-қайта жарық көруі мүмкін. Оны рас етіп көрсету үшін сәл өзгертілген болуы да ықтимал.

^ 8-абзац 2010 жылдың сәуір айында шыққан “Біздің қасиетті қызметіміздегі” “Сауалдар жәшігін” қара.