Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Неге біз қасірет шегеміз, қартаямыз, өлеміз?

Неге біз қасірет шегеміз, қартаямыз, өлеміз?

Жаратушымыз бізге өмір бергендіктен, оның балаларымыз. Сондықтан ол біздің қиналып, қасірет шеккенімізді мүлдем қаламайды. Онда неге жер бетінде қайғы-қасірет сонша көп?

Біз түп ата-анамыздың кесірінен қасірет шегеміз

“Бір адам арқылы дүниеге күнә, ал күнә арқылы өлім келді, осылайша адамдардың бәрі өлетін болды” (РИМДІКТЕРГЕ 5:12).

Құдай Тағала адамзаттың атасы мен анасы болған Адам мен Хауаны мықты денсаулықпен, кемел ақылмен жаратты. Сөйтіп, екеуін Едем деп аталатын әсем жұмақ бағына қоныстандырды. Оларға бақтағы барлық жеміс ағашынан жеуге болатынын, тек біреуіне ғана тиіспеу керектігін айтты. Бірақ Адам ата мен Хауа ана Құдайды тыңдамай, сол ағаштың жемісін жеп, күнә жасады (Мұсаның 1-жазбасы 2:15—17; 3:1—19). Сол себептен Құдай оларды жұмақтан қуып жіберді. Содан бастап олардың өмірі қиындап кетті. Кейіннен туылған балаларының да өмірі азапты болды. Олардың бәрі қартайып, өлді (Мұсаның 1-жазбасы 3:23; 5:5). Адам ата мен Хауа ананың ұрпағы болғандықтан, біз де ауырамыз, қартаямыз және өлеміз.

Зұлым періштелердің кесірінен қасірет шегеміз

“Бүкіл дүние Шайтанның билігінде” (ЖОХАННЫҢ 1-ХАТЫ 5:19).

Шайтан — Құдайға қарсы шыққан періште (Жохан 8:44; Аян 12:9). Кейін оған басқа періштелер де қосылды. Бұл періштелер “жын-перілер” деп аталады. Жын-перілер өте күшті. Олар адамдарды алдап-арбап, Құдайдан алыстатуға тырысып бағады. Көп адам солардың ықпалымен жамандық жасайды (Зәбүр 106:35—38; Тімөтеге 1-хат 4:1). Шайтан мен жындар адамдарды қинап, азапқа салудан ләззат алады.

Кейде өз кінәміздан қасірет шегеміз

“Адам не ексе, соны орады” (ҒАЛАТТЫҚТАРҒА 6:7).

Біз Адам ата мен Хауа анадан берілген күнәнің кесірінен, сондай-ақ Шайтан мен жын-перілердің кесірінен түрлі қасірет шегеміз. Бірақ кейде адамдар жамандыққа өздері барып ұрынады. Қалай? Егер олар бұрыс шешімдер қабылдайтын я жаман істерге баратын болса, сонысының салдарын тартып жатады. Ал дұрыс әрекет етсе, мұның жемісін көреді. Мысалы, адал, еңбекқор, отбасын сүйетін ер адам өз ісінің игілігін көреді, отбасы да бақытты болады. Ал жалқау, құмар ойындарға үйір, араққұмар адам өзін де, отбасын да жоқшылыққа ұшыратады. Жаратушымыз болса біздің өмірде тек жақсылықты орып, “зор тыныштыққа кенелгенімізді” тілейді (Зәбүр 119:165). Сондықтан оның ақыл-кеңесімен жүруден артық ештеңе жоқ!

Заманның ақырында өмір сүріп жатқандықтан қасірет шегеміз

“Соңғы күндері... адамдар тек қара басын ойлайтын, ақшақұмар.., ата-анасына мойынсұнбайтын.., ұстамсыз, бұзақы, жақсылықты жек көретін... болады” (ТІМӨТЕГЕ 2-ХАТ 3:1—5).

Заманның ақырында адамдардың көбісі осындай болып кететіні Жазбаларда алдын ала айтылған. Мұның растығын өзіміз де көріп жүрміз. Бұл осы заманның “соңғы күндері” өмір сүріп жатқанымызды дәлелдейді. Жазбаларда заманның ақырында соғыс, ашаршылық, қатты жер сілкіністері мен індеттер болатыны да айтылған (Матай 24:3, 7, 8; Лұқа 21:10, 11). Міне, осы нәрселер де қаншама адамды қайғыға батырып, өмірін жалмауда.