Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Отбасын бақытқа жеткізер ақыл-кеңестер

Отбасын бақытқа жеткізер ақыл-кеңестер

Неке мен бала — Жаратушымыз сыйлаған асыл қазына. Ол әлемдегі барша отбасы бақытты болса екен дейді. Сондықтан ол бір көне қасиетті кітапқа отбасын бақыт мекені ететін ақыл-кеңестерін жаздырып қалдырған. Солардың кейбірі, міне, мыналар.

Ерлер, жан жарларыңызды сүйіңіздер

“Күйеулер әйелдерін өз тәніндей сүюлері керек. Әйелін сүйген өзін де сүйеді. Ешкім де өз тәнін жек көрмейді, қайта, оған нәр беріп, аялап күтеді” (ЕФЕСТІКТЕРГЕ 5:28, 29).

Күйеулер — отбасының отағасы (Ефестіктерге 5:23). Ал жақсы отағасы дөрекі, талапшыл болмайды. Ол әйелін қымбат тұтып, күй-жайын жасайды, оның ой-сезімдерін ескереді. Әйелі жайнап-жадырап жүру үшін күйеуі қолынан келгеннің бәрін істейді (Філіпіліктерге 2:4). Ол “бәрі мен айтқандай болу керек” деп қырсығып тұрып алмайды. Жарына өз ой-сезімін ашық айтады. Ал әйелі сөйлегенде, оны бар зейінімен тыңдайды. Ол әйеліне ашу-ызасын төкпейді, оны ұрып-соқпайды, жанын сөзбен жараламайды (Қолостықтарға 3:19).

Әйелдер, күйеулеріңізді сыйлаңыздар

“Әйел... күйеуіне зор құрмет көрсетсін” (ЕФЕСТІКТЕРГЕ 5:33).

Күйеуін құрметтейтін әрі оның шешімдерін қолдайтын әйел отбасының берекесі мен тыныштығына сеп болады. Жұбайы қателесіп жатса, айыбын бетіне басып, кемсітпейді. Сондай кезде ол сабыр сақтап, күйеуіне деген сый-құрметін жоғалтпайды (Петірдің 1-хаты 3:4). Егер күйеуімен бір мәселе жайлы сөйлескісі келсе, дұрыс уақыт таңдап, ізетпен сөйлейді (Уағыздаушы 3:7).

Өмірлік серігіңізге адал болыңыз

“Еркек... әйеліне қосылады, сөйтіп, екеуі біртұтас болады” (МҰСАНЫҢ 1-ЖАЗБАСЫ 2:24).

Екі адам отау құрғанда, бір-біріне өте жақын болып кетеді. Осы жылы қарым-қатынастарын суытып алмай, берік ету үшін ерлі-зайыптылар көп күш салу қажет. Олар шер тарқатып сөйлесіп, кішкене істермен болса да бір-бірінің көңілін аулау керек. Жарының көзіне шөп салуды олар ойларына да алмауға тиіс. Өйткені опасыздықтан асқан қиянат жоқ! Өмірлік жарына адал болмаған адам сенімнен қалады, шаңырағын шайқалтады (Еврейлерге 13:4).

Ата-аналар, балаларыңызды тәрбиелеңіздер

“Баланы тәрбиелеп, тура жолға сал, Жасы ұлғайғанда да таймас одан” (НАҚЫЛ СӨЗДЕР 22:6).

Құдай Тағала ата-аналарға балаларын тәрбиелеуді жүктеген. Сондықтан олар балаларына дұрыс жүріп-тұруды үйретулері қажет. Сондай-ақ өздері де үлгі-өнеге көрсеткені жөн (Мұсаның 5-жазбасы 6:6, 7). Баласы бұзықтық жасаса, парасатты ата-ана бірден ұрса жөнелмейді. Бірдеңе айтып қалуға, ашулануға асықпайды. Алдымен балаларын жақсылап тыңдап алады (Жақып 1:19). Ал түзету керек болса, мұны ашу-ызамен емес, сүйіспеншілікпен істейді.

Балалар, ата-аналарыңның тілін алыңдар

“Балалар, ата-аналарыңа мойынсұныңдар... Әке-шешелеріңді құрметтеңдер” (ЕФЕСТІКТЕРГЕ 6:1, 2).

Балалар ата-аналарының тілін алып, оларды сыйлау керек. Сонда олардың көңілін шаттыққа бөлейді, үй-ішінде де ынтымақ-береке болады. Есейіп кеткен балалар да ата-анасын қадірлеу керек. Олардың жағдайын ойлап, қажет болса, үй тірлігіне қолғабыс етеді не қаржылай көмектеседі (Тімөтеге 1-хат 5:3, 4).