Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

БАҚЫТҚА БАСТАР ЖОЛ

Үміт

Үміт

“Сендерге апат жіберуді емес, тыныштық беруді, жарқын болашақ пен үміт сыйлауды ойлап жүрмін” (Еремия 29:11).

“ҮМІТ ӨРГЕ ТАРТАДЫ, ҮМІТСІЗДІК КӨРГЕ ТАРТАДЫ” деген халық нақылы бар. Расында да, бір кітапта айтылғандай, шарасыздық, жалғыздық пен үрей сияқты сезімдердің ең жақсы емі — үміт (“Hope in the Age of Anxiety”).

Біздің үмітке зәру екеніміз жайында Киелі жазбаларда да айтылған. Бірақ ол жалған үміттен сақ болу керектігін де ескертеді. Мысалы, Зәбүр 146:3-тен былай деп оқимыз: “Бекзадаларға арқа сүйемеңдер, еш құтқара алмайтын адам баласына да сенім артпаңдар”. Пенденің күшіне үміт артқанша, берген уәделерінің бірін қалдырмай орындай алатын құдіретті Жаратушыға арқа сүйегеніміз дұрыс. Ал Жаратушы бізге нені уәде етеді?

ЗҰЛЫМДЫҚ ЖОҚ БОЛЫП, ӘДІЛ АДАМДАР МӘҢГІЛІК ТЫНЫШТЫҚҚА КЕНЕЛЕДІ. “Көп ұзамай зұлымдар жоқ болады... Ал момындар жерді мұра етеді, керемет тыныштық орнағанын көріп, шаттыққа кенеледі” (Зәбүр 37:10, 11). “Әділдер жерде... мәңгі бақи өмір сүреді” (Зәбүр 37:29).

СОҒЫСТАР ТОҚТАЙДЫ. “Ехоба... күллі жержүзіндегі соғыстарды тоқтатады, садақты сындырып, найзаны да быт-шыт қылады, соғыс арбаларын отқа жағып құртады” (Зәбүр 46:8, 9).

АУРУ-СЫРҚАУ, АЗАП ПЕН ӨЛІМ-ЖІТІМ БОЛМАЙДЫ. “Міне, Құдайдың тұрағы адамдар арасында!.. Құдай олардың көзіндегі әрбір жасты сүртіп тастайды, енді қайтып өлім, жоқтау, зар еңіреу мен ауру болмайды. Бұрынғы жайттар құрып жоқ болды” (Аян 21:3, 4).

АСТА-ТӨК МОЛШЫЛЫҚ БОЛАДЫ. “Жер бетіне астық мол шығады, таулардың басында да ағыл-тегіл болады” (Зәбүр 72:16).

ЖЕРЖҮЗІНДЕ БІР ҒАНА ҮКІМЕТ — МӘСІХТІҢ ПАТШАЛЫҒЫ БИЛІК ЕТЕДІ. “[Иса Мәсіхке] халықтар, ұлттар мен әртүрлі тілдің адамдары қызмет ету үшін, қолына билік, даңқ пен патшалық берілді. Оның билігі — еш бітпейтін мәңгілік билік, патшалығы ешқашан жойылмайды” (Даниял 7:14).

Бұл уәделердің жүзеге асатынына кепілдік бар ма? Иса Мәсіх жерде өмір сүрген кезінде Патша болып тағайындалуға лайық екенін халыққа көрсетті. Ол адамдарды ауруларынан жазды, кедей-кепшікті тойындырды, өлгенді тірілтті! Бірақ бұлардан да маңыздысы — оның тәлімдері. Себебі олар адамзатты бейбітшілік пен бірліктің саясында мәңгі өмір сүруге жетелейді. Иса Мәсіх болашақта орын алатын жайттарды да, яғни қазіргі заманның соңына нұсқайтын оқиғаларды да айтып кеткен.

ДАУЫЛ АРТЫ ТЫНЫШТЫҚ

Иса осы заманның соңғы күндерінде тыныштық пен қауіпсіздіктен мүлдем алыс жағдайлар орын алатынын айтып кетті. Ол “осы заманның аяқталып қалғанын білдіретін белгіні” ұлтаралық соғыстар, ашаршылық, індеттер мен жерсілкіністері құрайтынын айтты (Матай 24:3, 7; Лұқа 21:10, 11; Аян 6:3—8). Иса сонымен қатар: “Заңсыздық көбейіп кеткендіктен, көпшіліктің сүйіспеншілігі суып кетеді”,— деді (Матай 24:12).

Сүйіспеншіліктің суып кететіні адамдардың мінез-құлқынан қалай білінетіні Киелі кітаптың басқа бір жерінде анық жазылған: “соңғы күндері” адамдардың көбісі тек қара басын ойлайтын, ақша мен ләззат-ермекке құмар, өркөкірек, бұзақы, бауырмалдықтан жұрдай болады, балалар болса ата-аналарына бағынбайды, көп жерлерде адамдар тек сырт көзге ғана құдайшыл болып көрінеді (Тімөтеге 2-хат 3:1—5).

Сұрапыл дауылдай болып жатқан оқиғалар осы заманның ақыры таяғанын дәлелдейді. Бұлар Мәсіхтің тыныштық әкелетін билігі жақындап қалғанын да көрсетеді. Иса соңғы күндер жайлы пайғамбарлық еткенде, мынадай жайттың да болатынын айтып кеткен: “Патшалық жайлы осы ізгі хабар барлық халықтар есту үшін бүкіл жер бетінде уағыздалады. Содан кейін осы заманның соңы келеді” (Матай 24:14).

Бұл ізгі хабарда жамандық жасаушыларға ескерту, ал әділ жандарға үміт бар. Әділдер жуырда Құдайдың мол батасына кенелетін болады. Бұл қандай баталар? Мұны білу үшін осы журналдың соңғы бетін көріңіз.