Мазмұнға өту

Ақырзаманның белгісі қандай?

Ақырзаманның белгісі қандай?

Киелі кітаптың жауабы

 Киелі кітапта “ақырзаманның жақындап қалғанын” қандай оқиғалардан, құбылыстардан және адамдардың қылықтарынан біле алатынымыз жазылған (Матай 24:3; “Жаңа өмір баспасы”). Бұл кезең Киелі кітапта “соңғы күндер”, “ақырғы уақыт” немесе “заманның ақыр соңы” деп аталады (Тімөтеге 2-хат 3:1; Даниял 8:19, “Жаңа өмір баспасы”).

Киелі кітапта ақырзаманға қатысты алдын ала не айтылған?

 Киелі кітапта көптеген оқиғалар бір уақытта болады деп алдын ала айтылып кеткен және ақырзаманның белгісі солар болмақ (Лұқа 21:7). Солардың кейбірін келтіре кетейік:

 Әлемдегі соғыстар. Иса пайғамбар: “Ұлт ұлтқа қарсы, мемлекет мемлекетке қарсы аттанады”,— деп айтып кетті (Матай 24:7). Сондай-ақ Аян кітабында соғысты білдіретін бейнелі бір салт атты жайында айтылады. Ол “жер бетінен тыныштықты жояды” делінген (Аян 6:4).

 Ашаршылық. Иса пайғамбар: “Түрлі жерлерде ашаршылық болады”,— деп айтқан (Матай 24:7). Аян кітабында да тағы бір бейнелі салт атты туралы айтылады. Ол шапқан кезде көп жерді аштық жайлайды (Аян 6:5, 6).

 Қатты жер сілкіністері. Иса пайғамбар түрлі жерлерде “жер сілкіністері” болады деп айтқан. (Матай 24:7; Лұқа 21:11). Қатты жер сілкіністері адамдарға көп қасірет әкеліп, қанша адамның өмірін жалмап жатыр. Мұндай бұрын-соңды болған емес.

 Ауру. Иса пайғамбардың айтуынша, індеттер өрши түседі (Лұқа 21:11).

 Қылмыс. Ғасырлар бойы адамдардың қылмысқа барғаны рас, алайда Иса пайғамбар ақырзаман кезінде “заңсыздық көбейеді” деп айтып кетті (Матай 24:12).

 Жердің бүлінуі. Аян 11:18-де адамдар “жерді бүлдіреді” деп алдын ала айтылған. Олар мұны әртүрлі жолмен істейді. Зорлық-зомбылық істеумен қатар, олар қоршаған ортаны бүлдіріп, табиғатқа қиянат жасайды.

 Жаман мінез-құлық. Тімөтеге 2-хат 3:1—4 тармақтарда адамдар “алғысты білмейтін, опасыз,.. ымыраға келмейтін, жалақор, ұстамсыз, бұзақы, жақсылықты жек көретін, сатқын, қиқар, өркөкірек” болып кететіні айтылған. Адамдар қатты бұзылып кететіндіктен, біздің уақыт Киелі кітапта “ерекше қиын уақыт” деп аталған.

 Отбасының берекесі қашады. Тімөтеге 2-хат 3:2, 3-те көп адамның өз отбасына мейірімі де, бауырмалдығы да болмайтыны, балалардың “ата-анасына мойынсұнбайтыны” айтылып кеткен.

 Құдайды сүюден қалады. Иса пайғамбар: “Көпшіліктің сүйіспеншілігі суып кетеді”,— деген (Матай 24:12). Бұл жерде пайғамбардың айтқысы келгені — көп адамның Құдайға деген сүйіспеншілігі суи бастайды. Осыған ұқсас сөздер Тімөтеге 2-хат 3:4-те бар. Соңғы күндері көпшілік “Құдайдан гөрі ләззат-ермекті артық көретін болады”.

 Діни екіжүзділік. Тімөтеге 2-хат 3:5-тегі алдын ала айтылған сөздерге сай, адамдар құдайшыл болып көрінгенмен, шын мәнінде оның заң-талаптарымен өмір сүрмейтін болады.

 Киелі кітаптағы пайғамбарлықтарға қатысты түсінік молаяды. Даниял кітабында айтылғанға сай, “ақырғы уақытта” көп адам Киелі кітаптағы шындықтардың, соның ішінде осы пайғамбарлықтардың да мәнін жете түсінетін болады (Даниял 12:4, сілтеме).

 Жаһандық уағыз ісі. Иса пайғамбар былай деп айтып кеткен: “Патшалық жайлы осы ізгі хабар... бүкіл жер бетінде уағыздалады” (Матай 24:14).

 Кең таралған селқостық пен мазақ. Иса пайғамбар заманның соңы бітуге шақ қалғанын білдіретін анық айғақтарды адамдар елемейтінін айтқан (Матай 24:37—39). Бұдан қала берсе, Петірдің 2-хаты 3:3, 4-те кейбіреулер сол айғақтарды мазақ қылып, жоққа шығаратыны жазылып кеткен.

 Барлық пайғамбарлық сөздердің орындалуы. Иса пайғамбардың айтуынша, заманның соңында осы айтылған пайғамбарлықтардың бірен-сараны я көбісі ғана емес, бәрі түгелімен әрі бір уақытта орындалады (Матай 24:33).

Біз ақырзаманда өмір сүріп жатырмыз ба?

 Иә. Дүниедегі ахуал мен Киелі кітаптағы оқиғалар хронологиясынан көрінетіндей, заманның ақыры 1914 жылы, Бірінші дүниежүзілік соғыс бұрқ еткен жылы басталды. Заманның ақырында өмір сүріп жатқанымыздың дәлелін мына бейнероликтен көріңіз:

 1914 жылы Құдай Патшалығы көкте билік ете бастады. Оның алғашқы әрекеті — Шайтан Ібіліс пен жын-перілерді көктен лақтыру еді. Содан бастап Шайтанның теріс ықпалы тек жерге жүретін болды (Аян 12:7—12). Шайтанның адамдарға ықпал етіп жатқаны олардың жаман жаққа өзгергенінен және сұмдық істерінен анық байқалады. Сондықтан да Киелі кітапта соңғы күндерді “ерекше қиын уақыт” деп атап кеткен (Тімөтеге 2-хат 3:1).

 Осындай қиын уақыт көптің мазасын қашырды. Олар адамдардың бір-бірімен тіл табыса алмай, татулықта тұра алмай жатқанына қынжылады. Кейбіреулер адамзат түбінде бір-бірін қырып тастай ма деп қорқып жүр.

 Әлемнің нашар ахуалын көре тұра болашаққа үмітпен қарайтын жандар да аз емес. Әлемдегі бар қиындықтарды жою үшін Құдай Патшалығы жақын арада әрекет ететініне олар нық сенеді (Даниял 2:44; Аян 21:3, 4). Құдай өз уәдесін орындайтын кезді олар шыдаммен күтіп отыр. Иса пайғамбардың мына сөздері бойларына күш құяды: “Соңына дейін табандылық танытқан адам құтқарылады” (Матай 24:13; Миха 7:7).