Мазмұнға өту

Шынайы дінді қалай анықтауға болады?

Шынайы дінді қалай анықтауға болады?

Киелі кітаптың жауабы

 Шынайы дінді ұстанатындар мен ұстанбайтындардың айырмашылығы Киелі жазбаларда келесі мысалмен түсіндірілген: “Оларды жемістерінен танисыңдар. Тікеннен жүзім, түйетікеннен інжір жинамайды, солай емес пе?” (Матай 7:16). Жүзім мен тікенді жемістерінен айыруға болатынындай, жалған дін мен шынайы дінді де айыруға болатын белгілер бар.

  1.   Шынайы дінді ұстанатындар адамдардың пәлсапасын емес, Киелі кітаптағы шындықты үйретеді (Жохан 4:24; 17:17). Бұған аруақтарға және жер бетіндегі жұмақта мәңгі өмір сүруге қатысты ілімдер жатады (Зәбүр 37:29; Ишая 35:5, 6; Езекиел 18:4). Сонымен қатар олар жалған ілімдерді әшкерелеуден тартынбайды (Матай 15:9; 23:27, 28).

  2.   Олар адамдарды Құдаймен таныстырып, оның есімі Ехоба екенін ашады (Зәбүр 83:18; Ишая 42:8; Жохан 17:3, 6). Сонымен қатар Құдайдың бізден алыс емес екенін, оны танып-біліп, онымен дос бола алатынымызды түсіндіреді (Жақып 4:8).

  3.   Құдайдың Иса Мәсіх арқылы құтқарылуға жол ашқанына айрықша көңіл бөледі (Елшілердің істері 4:10, 12). Олар Исаның өсиеттерін ұстанады, әрі оның үлгісіне еліктеуге тырысады (Жохан 13:15; 15:14).

  4.   Адамзаттың барлық қиындықтарын тек Құдай Патшалығы шешетініне сенеді. Сондай-ақ сол Патшалық туралы хабарды өзгелерге жеткізеді (Матай 10:7; 24:14).

  5.   Олар риясыз сүйіспеншілік танытады (Жохан 13:35). Нәсіліне, ұлтына, мәдениеті мен тіліне, сондай-ақ шыққан ортасына қарамай, адамдардың бәрін құрметтеу керек деп үйретеді (Елшілердің істері 10:34, 35). Барлық адамдарды жақсы көретіндіктен ешқандай соғысқа қатыспайды (Миха 4:3; Жоханның 1-хаты 3:11, 12).

  6.   Олардың арасында қызметіне ақы алатын не жоғары лауазымды дінбасылар жоқ (Матай 23:8—12; Петірдің 1-хаты 5:2, 3).

  7.   Олар саяси істерде бейтараптық сақтайды (Жохан 17:16; 18:36). Десе де Киелі кітаптағы: “Патшанікін патшаға, ал Құдайдікін Құдайға беріңдер”,— деген талапқа сай, жергілікті билік басындағыларды құрметтейді, әрі оларға мойынсұнады (Марқа 12:17; Римдіктерге 13:1, 2).

  8.   Шынайы дінді ұстану — белгілі бір дәстүрлерді ұстану не ғибадаттың ырымын жасай салу емес, өмір салты. Сондықтан шынайы дінді ұстанатындар әрқашан Киелі кітаптың жоғары талаптарына сай өмір сүреді (Ефестіктерге 5:3—5; Жоханның 1-хаты 3:18). “Бақытты Құдайға” ғибадат ететіндіктен олар мұны қабақ шытып емес, қуана істейді (Тімөтеге 1-хат 1:11).

  9.   Шынайы дінді ұстанатындар көп болмайды (Матай 7:13, 14). Жұрт оларды кемсітеді, мазақ қылады, Құдайдың еркін орындап жүргендері үшін қудалайды (Матай 5:10—12).

Шынайы дін — өзімізге ұнайтын дін емес

 Дінді тек сезімге ғана жүгініп таңдау қауіпті. Киелі кітапта: “[Адамдар] құлақтарына жағатынды айтатын [діни] ұстаздарды айналасына жинайды”,— делінген. Бұл — осындай адамдардың пайда болатынына қатысты айтылған пайғамбарлық (Тімөтеге 2-хат 4:3). Сонымен қатар онда, өзгелерге ұнамайтынына қарамай, “Құдайымыз әрі Әкеміздің көз алдындағы таза да арамдалмаған ғибадатты” ұстану керектігі айтылған (Жақып 1:27; Жохан 15:18, 19).