Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

2-ТАРАУ

Адам мен Хауаның жұмақтан қуылуы

Адам мен Хауаның жұмақтан қуылуы

Адам мен Хауа бүлікші періштенің сөзіне иланып, Құдайдың билігінен бас тартты. Нәтижесінде бүкіл адамзат күнә мен өлімді мұра етті.

АДАМДАРДЫ жаратпас бұрын, Құдай мың сан періштелерді жаратты. Осы рухани жаратылыстардың бірі, кейіннен Шайтан Ібіліс атанған бүлікші періште, тыйым салынған ағаштың жемісін жеуге Хауаны азғырмақ болды.

Шайтан Хауаға жылан арқылы сөйлеп, Құдай олардан бір жақсы нәрсені жасырып отыр дегенге меңзеді. Ол Хауаға күйеуі екеуі тыйым салынған жемісті жесе, өлмейтіндерін айтты. Осылайша Құдайды өтірікші етіп көрсетті. Шайтанның сөздері мойынсұнбаушылық айрықша білім мен еркіндікке жол ашады дегенге саяды. Алайда мұның барлығы өтірік болатын. Өтірік атаулы осыдан бастау алған еді. Шайтан, түптеп келгенде, Құдайдың бүкіләлемдік билігін дауға салды. Ол Құдайдың билік ету құқына және билігін әділдікпен әрі қол астындағыларына игілік әкелетіндей етіп жүргізетініне шек келтірді.

Хауа Шайтанға сенді. Енді оған жеміс тартымды болып көріне бастады. Содан, ол жемісті алып жеді. Кейін күйеуіне де берді, ол да жеді. Осылайша екеуі де күнә жасады. Осы бір болмашы болып көрінген әрекетімен Адам мен Хауа, шын мәнінде, Құдайға қарсы шықты. Құдайдың заңын біле тұра бұзуымен олар өздеріне кемелді өмір мен барлық басқа игіліктерді берген Жаратушының билігінен бас тартты.

Ұрпақ “басыңды мыжып, ал сен оның өкшесін шағатын боласың” (Жаратылыс 3:15).

Құдай бүлікшілерге үкім шығарды. Ол уәде етілген Ұрпақ, яғни Құтқарушы келіп, жылан арқылы сөйлеген Шайтанды жоятынын айтты. Құдай Адам мен Хауаны бірден жоймады, осылайша олардың болашақ ұрпақтарына мейірімділік танытты. Құдай жіберген Құтқарушы Едемдегі бүліктің салдарын жойып, Адам мен Хауаның ұрпақтарына үміт сыйламақ еді. Ехоба Құдайдың бұл Құтқарушыға қатысты ниеті қалай жүзеге асатыны және оның кім болатыны Киелі кітапта бірте-бірте ашылды.

Құдай Адам мен Хауаны жұмақтан қуып жіберді. Енді оларға нандарын маңдай терін төгіп жүріп табуға тура келді. Хауа бала көтеріп, тұңғыштары Қабылды дүниеге әкелді. Олардың Әбіл, Сет және тағы басқа ұл-қыздары болды. Сеттің үрім-бұтағынан Нұх пайғамбар шықты.

Жаратылыс кітабының 3—5 тарауларына және Аян 12:9 негізделген.