Мұсаның 1-жазбасы 18:1—33

  • Ыбырайымға үш періштенің келуі (1—8)

  • Сараның ұлды болатыны жайлы уәде; оның күлуі (9—15)

  • Ыбырайымның Содом үшін өтінуі (16—33)

18  Бұдан кейін Ехоба+ Ыбырайымға Мамредегі үлкен ағаштардың+ арасында көрінді. Ыбырайым күннің қатты ысыған шағында шатыр аузында отырған еді.  Бір кезде сонау жерде тұрған үш кісіні көзі шалды+. Оларды көре салысымен, алдарынан жүгіріп шығып, жерге дейін иіліп тағзым етті.  Сосын былай деді: “Ехоба*, егер ықыласыңа ие болсам, құлыңның үйінен дәм татпай кетпе.  Рұқсат етсеңіздер, аяқ жуатын су әкелгізейін+. Сосын ағаштың көлеңкесіне жайғасыңыздар.  Құлдарыңызға келген екенсіздер, осында нан әкелейін, әлденіп алыңыздар. Содан кейін әрі қарай жүре берерсіздер”. Олар: “Жарайды, айтқаның болсын”,— деді.  Ыбырайым тез шатырдағы Сараға барып: “Тездетіп үш табақ* жақсы ұннан қамыр илеп, күлше нан пісір”,— деді.  Сосын табынға жүгіріп барып, еті жұмсақ жас бұқаны таңдап алып, қызметшісіне берді. Ол мұны тездетіп дайындауға кірісті.  Кейін Ыбырайым май, сүт және пісірілген жас малдың етін әкеліп, қонақтардың алдына қойды. Олар ағаштың көлеңкесінде тамақтанып жатқанда, Ыбырайым қастарында тұрды+.  Олар: “Әйелің Сара+ қайда?”— деп сұрады. Ыбырайым: “Осында, шатырдың ішінде”,— деп жауап берді. 10  Сонда біреуі: “Келесі жылы осы уақытта қайтып келемін. Әйелің Сара ұл туады+”,— деді. Олардың ту сыртында, шатырдың аузында тұрған Сара бұл сөздерді естіді. 11  Ыбырайым мен Сара егде тартқан болатын+, сондықтан Сара бала туатын жастан шыққан еді+. 12  Сонда Сара: “Өзім де, қожайыным да қартайған шақта, осындай қуанышқа кенелер ме екенмін+?!”— деп іштей күлді. 13  Ехоба Ыбырайымға былай деді: “Сара: —Қартайған шағымда бала туамын ба?!— деп неге күледі? 14  Ехоба үшін мүмкін емес нәрсе бар ма+? Келесі жылы осы уақытта келгенде, Сараның ұлы болады”. 15  Бірақ Сара қорыққандықтан: “Мен күлген жоқпын”,— деп мойындамады. “Жоқ, сен күлдің”,— деді ол. 16  Кейін қонақтар жолға шықпақ болып орындарынан тұрды да, Содом жаққа көз тастады+. Ыбырайым оларды шығарып салу үшін бірге жүрді. 17  Сонда Ехоба былай деді: “Өзімнің не істегелі жатқанымды Ыбырайымнан қалай жасырмақпын+?! 18  Ыбырайымнан міндетті түрде ұлы әрі мықты халық шығады. Жер бетіндегі барлық халықтар ол арқылы жарылқанады+. 19  Мен Ыбырайымды жақсы білемін, әрі оның өз ұлдарына және үрім-бұтағына Ехобаның жолынан таймай, тура да әділ нәрсені істеуді өсиет ететініне сенімдімін+. Сонда Ехоба оған уәде еткендерінің бәрін орындайды”. 20  Сосын Ехоба мынаны айтты: “Содом мен Ғомораның күнәсі өте ауыр+, олардың үстінен шағым айтып зарлаған дауыстар естілуде+. 21  Сондықтан төмен түсіп, маған жеткен зар шынымен орынды ма, олардың істері шынымен соншалықты зұлым ба, соған көз жеткізейін+. Мен соны анықтап білейін”. 22  Сөйтіп, екеуі сол жерден Содомға қарай жол тартты. Ал Ехоба+ Ыбырайыммен қалып қойды. 23  Ыбырайым оған жақындап, былай деді: “Шынымен әділді жауызбен бірге құртпақсың ба+? 24  Қалада елу әділ адам бар шығар. Сонда елу әділ адам үшін қалаға рақым етпейсің бе? Оның тұрғындарын шынымен жоймақсың ба? 25  Осылай істеп, әділ адамды жауызбен бірге өлтіріп, оған жауыздың кебін кигізуің мүмкін емес қой+! Сен ешқашан бұлай етпейсің+. Бүкіл әлемнің Төрешісі әділ әрекет етпеуші ме еді+?!” 26  Сонда Ехоба: “Егер Содомнан елу әділ адам тапсам, солар үшін бүкіл қалаға рақым етемін”,— деді. 27  Ыбырайым тағы: “Сөзіме құлақ түрші, мен күл мен топырақтан жаралсам да, Ехобамен тілдесуге дәтім барып тұр. 28  Әділдердің саны елу емес, одан бесеуі кем болса ше? Бесеуге бола бүкіл қаланы жоясың ба?”— деді. Бұған ол: “Егер қаладан қырық бес әділ адам тапсам, оны жоймаймын+”,— деп жауап берді. 29  Ыбырайым сөзін жалғап: “Қалада қырық әділ адам бар шығар”,— дегенде, ол: “Қырық адам үшін де қалаға тиіспеймін”,— деді. 30  Ыбырайым сонда: “Уа, Ехоба, тағы да айтсам, ашулана көрме+. Ал ол жерде тек отыз әділ адам болса ше?”— деді. Бұған ол: “Отыз адам болса да тиіспеймін”,— деді. 31  Ыбырайым: “Сөзіме құлақ түрші, Ехобамен тілдесуге дәтім барып тұр. Онда тек жиырма әділ адам бар шығар”,— дегенде, ол: “Жиырма адам үшін де қаланы жоймаймын”,— деді. 32  Ақырында, Ыбырайым былай деді: “Уа, Ехоба, тағы бір рет қана айтайын, ашулана көрме. Қаладан он-ақ әділ адам табылатын шығар”. Бұған ол: “Он адам үшін де оны құртпаймын”,— деп жауап қатты. 33  Ехоба Ыбырайыммен сөйлесіп болған соң, өз жолымен кетті+, ал Ыбырайым шатырына қайтты.

Сілтемелер

Ыбырайым Ехобаның періштесімен оның өзімен сөйлескендей сөйлескен.
Сөзбе-сөз “3 сеа”. 1 сеа 7,33 л-ге тең. Ә14 қосымшасын қараңыз.