Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Қате түсініктің қаупі

Қате түсініктің қаупі

Зауыттан будақтап шығып жатқан түтінді көрген кішкентай қыз “бұл зауыт бұлт шығарады екен” деп ойлап қалуы мүмкін. Біз кішкентай баланың осындай қызық ойына тәнті болатын шығармыз. Алайда күрделі мәселелерге келгенде, жаңсақ ой өмірімізге қауіп төндіруі мүмкін. Мысалы, қандай да бір дәрі-дәрмектің сыртындағы жазуын қате оқысақ, мұның ауыр зардабын тартуымыз ықтимал.

Діни жайттарға қатысты қате пікірдің зардабы бұдан да ауыр болуы мүмкін. Кезінде кейбір адамдар Иса пайғамбардың тәлімін дұрыс түсінбеген еді (Жохан 6:48—68). Содан, олар пайғамбардан көбірек дәріс алудың орнына, оның барлық тәлімінен бас тартып, көп нәрседен құр қалды!

Сіз Киелі кітапты оқығанда ол жерден ақыл-кеңес іздейсіз бе? Бұлай еткеніңіз өте жақсы. Бірақ басқалар сияқты сіздің де ондағы сөздерді дұрыс түсінбей қалуыңыз әбден мүмкін. Қазір кең тараған үш жаңсақ түсінікке тоқталып өтейік.

  • Кейбіреулер Киелі кітаптағы “Құдайдан қорқу” дегенді одан үрейлене қорқу керек деп қате түсінеді (Уағыздаушы 12:13). Бірақ Құдай өзіне сиынатын адамдардың осындай жағымсыз сезімде болғанын қаламайды. Қайта, ол Киелі жазбаларда былай деген: “Еш қорықпа, мен саған жар боламын. Еш абыржыма, мен сенің Құдайыңмын. Мен сені нығайтамын, саған көмектесемін” (Ишая 41:10). Демек, Құдайдан қорқу деген оны қастерлеп, оған зор құрметпен қарауды білдіреді.

  • Жер отпен жойыла ма?

    “Әр нәрсенің өз уақыты бар: туылатын уақыт, өлетін уақыт” деген сөздерді кей адамдар дұрыс түсінбейді. Олар Құдай әр адамның өлетін күнін белгілеп қойған деп ойлайды (Уағыздаушы 3:1, 2). Бірақ мұнда адам өмірінің әртүрлі кезеңдері мен өлімнен ешкім қашып құтыла алмайтыны жайында айтылған. Сондай-ақ Киелі кітапта қабылдаған шешімдеріміздің өмір ұзақтығына әсер ете алатыны сөз етіледі. Мысалы, онда: “Ехобадан қорқу ғұмырды ұзартар”,— деп жазылған (Нақыл сөздер 10:27; Зәбүр 90:10; Ишая 55:3). Бұны қалай түсінуге болады? Мәселен, егер адам Құдайдың Сөзін құрметтесе, маскүнемдік не жүгенсіздік сияқты құрдымға жетелейтін жүріс-тұрыстан аулақ болады (Қорынттықтарға 1-хат 6:9, 10).

  • Әлдебіреулер аспан мен жер “отпен жойылу үшін сақталып отыр” дегенді сөзбе-сөз түсініп, Құдай Жер планетасын жойғалы жатыр деген ойға келеді (Петірдің 2-хаты 3:7). Бірақ Құдай Жердің ешқашан жойылмайтынын уәде еткен. Ол “Жерді берік негізге орнатты, ол өз орнынан ешқашан жылжымайды” (Зәбүр 104:5; Ишая 45:18). Демек, тура мағынадағы Жер планетасы емес, ондағы бүлінген адамзат қоғамы отпен жойылғандай мәңгіге жоқ болмақ. Аспан сөзі де мұнда тура мағынада қолданылмаған. Өйткені тура мағынадағы аспан әдетте жұлдызды ғаламға, көкке я Құдайдың мекеніне нұсқайды. Ал бұлардың ешқайсысы жойылмайды.

ЖАҢСАҚ ТҮСІНІКТІҢ ПАЙДА БОЛУЫНА НЕ СЕБЕП?

Жоғарыда айтылған мысалдардан көретініміздей, адамдар Киелі кітаптағы ойларды жиі қате түсініп жатады. Құдай бұған неге жол беріп отыр? Кейбіреулер: “Құдай бәрін білетін асқан дана болса, бізге кез келген адам оңай түсінетін кітап беруші еді ғой. Ол неге солай істемеді?”— деп ойлауы мүмкін. Қазір мұның үш себебін қарастырайық.

  1. Киелі кітап кішіпейіл әрі үйренуге дайын адамдар түсіне алатындай етіп жазылған. Иса Құдайға былай деп тіл қатқан: “Көк пен жердің Иесі — Әке, сені ел алдында мадақтаймын! Себебі сен бұларды данышпандар мен білімпаздардан мұқият жасырып, бала сияқты кішіпейіл адамдарға аштың” (Лұқа 10:21). Осыдан көретініміздей, Киелі кітаптағы хабарды ниеті түзу адамдар ғана түсіне алады. Ал “данышпандар мен білімпаздар” сияқты өркөкірек адамдар ондағы ойларды бұрыс түсінеді. Киелі кітапты оқыған адам “бала сияқты кішіпейіл” әрі үйренуге дайын болса, ондай адамның қарымтасы қайтарылып, жақсы түсінікке ие болады. Құдай Киелі кітапты нендей тапқырлықпен жаздырған десеңіздерші!

  2. Киелі кітаптағы хабар Құдайдың көмегіне жүгінетін ақпейіл адамдарға арнап жазылған. Иса өзінің үйреткен тәлімдерін толық түсіну үшін адамдарға көмек қажет болатынын айтқан. Мұндай көмек қайдан келмек еді? Ол былай деген: “Әкем менің атымнан жіберетін көмекші, киелі рух, сендерге бәрін үйретеді” (Жохан 14:26). Киелі кітаптан оқығандарын түсінуге көмектесу үшін Құдай адамдарға өзінің құдіретті күші — киелі рухын береді. Алайда ол өзінен көмек іздемегендерге рухын бермейді, сондықтан мұндай адамдарға Киелі кітап түсініксіз болып жатады. Сонымен қатар киелі рухтың қозғауымен көбірек білімі бар Құдай қызметшілері тереңірек түсінікке ие болғысы келгендерге көмектесе алады (Елшілердің істері 8:26—35).

  3. Адамдар Киелі кітаптағы кейбір ойларды белгіленген уақыты келгенде ғана түсіне алады. Мысалы, Даниял пайғамбар болашаққа арналған хабарды жазып қоюы керек болған. Періште оған: “Даниял, ақырғы уақытқа дейін бұл сөздерді құпия сақтап, кітапты мөрмен бекітіп қой”,— деген. Көп адам ғасырлар бойы Даниялдың кітабын оқығанмен, оны шын мәнінде түсіне алмаған. Тіпті Даниял пайғамбардың өзі де жазған хабарын жете түсінбеген. Мұнысын ол: “Мен болсам, естісем де, түсінбедім”,— деп кішіпейілділікпен мойындаған. Ақырында, адамдар Даниял пайғамбар жазып қалдырған хабарды дұрыс түсінетін кез келмек еді, бірақ бұл Құдай белгілеген уақыт келгенде ғана орын алмақ-тын. Сол үшін де періште пайғамбарға: “Бар, Даниял, себебі ақырғы уақытқа дейін бұл сөздер құпия сақталып, мөрмен бекітулі болады”,— деп айтқан болатын. Ақырғы уақытта Құдайдың хабарын кімдер түсінбек еді? Киелі кітапта айтылғандай, “зұлымдардың ешқайсысы бұл сөздерді ұқпайды, бірақ ақыл-парасаты барлар ұғады” (Даниял 12:4, 8—10). Өзіміз көргендей, Құдай Киелі кітаптағы кей сөздердің мәнін белгіленген уақыты келмейінше ашпайды.

Ехоба куәгерлерінің Киелі кітаптағы ойларды дұрыс түсінбеген кездері болған ба? Иә, болған. Бірақ Құдай белгілеген уақыт келгенде, Ехоба куәгерлері даярлықпен ойларын түзеткен. Осылайша олар Иса пайғамбардың елшілеріне еліктеуге тырысады. Ұстаздары елшілердің ойларын түзеткен кездері олар мұны кішіпейілділікпен қабыл алған (Елшілердің істері 1:6, 7).

Кішкентай қыздың бұлттардың қайдан пайда болатынына қатысты ойы болмашы қателік болып көрінер. Алайда Киелі кітап ілімдеріне бұлай жеңіл-желпі қарай алмаймыз. Ондағы хабардың мәні тым терең болғандықтан, оны әркім жеке отырып түсіне алмайды. Сондықтан да оқыған нәрселеріңізді дұрыс түсіну үшін көмек іздегеніңіз абзал. Бұл үшін Киелі кітапты кішіпейілділікпен зерттейтін, оны түсіну үшін Құдайдың киелі рухына арқа сүйейтін әрі дәл қазіргі уақытта Құдайдың бұрын-соңды болмаған деңгейде түсінік беретініне сенетін адамдардың көмегіне жүгініңіз. Ехоба куәгерлерімен сөйлесуден және олардың jw.org/kk сайтындағы тыңғылықты зерттеулерге негізделген әдебиеттерін оқудан тартынбаңыз. Киелі кітапта “түсінікті шақырсаң... Құдай туралы білімді табасың” деген уәде жазылған (Нақыл сөздер 2:3—5).