Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

СЕНІМІН СЕРІК ЕТКЕНДЕР | ЕНОХ ПАЙҒАМБАР

Ол “Құдайға ұнамды болды”

Ол “Құдайға ұнамды болды”

ЕНОХ ПАЙҒАМБАР ұзақ ғұмыр кешті. Ол шамамен 365 жасты алқымдап барып дүниеден өтті. Осыншама жасты елестету қиын шығар, өйткені бұл уақыт біздің заманымызда ұзақ ғұмыр кешкен төрт адамның жасымен тең! Бірақ осы жасқа келген пайғамбар әлі қартайған жоқ еді. Ол заманда, яғни осыдан 5000-нан аса жыл бұрын, адамдар әлдеқайда ұзақ өмір сүретін. Мысалы, Енох пайғамбар туылғанда, адамзаттың түп атасы Адам атаның жасы 600-ден асқан болатын. Одан кейін ол тағы үш ғасырдай өмір сүрді! Адам атаның ұрпақтарының ішінде одан да ұзақ ғұмыр кешкендері де болған. Сондықтан 365 жастағы Енох пайғамбардың әлі күш-қуаты тасып тұрған болса керек, оның алда әлі бірталай ғұмыры бар еді. Бірақ жағдай басқаша өрбіді.

Енох пайғамбардың өміріне үлкен қауіп төнген болу керек. Оның әлдебіреулерден қашып бара жатқандағы жүзін елестетіп көріңізші. Өзінен Құдай хабарын естіген адамдардың наразылығы оның зәре-құтын қашырған көрінеді. Олардың бет-жүздері қаһар шашып тұрды. Жұрт Енох пайғамбарды жек көретін, айтып жүрген хабарын да, оны жіберген Құдайды да олардың жандары жаратпайтын. Олар пайғамбардың Құдайы Ехобаға ештеңе істей алмағанмен, оның пайғамбарын құртып жібере алар еді! Жанын шүберекке түйген пайғамбар осы сәтте “Өз отбасымды қайта көрем бе екен?” деп ойлаған да шығар. Ол әйелін, қыздарын, ұлы Мәтусаланы және немересі Ләмехті ойға алған болар (Мұсаның 1-жазбасы 5:21—23, 25). Халық оның түбіне жетіп тынар ма екен?

Киелі кітапта Енох туралы онша көп айтылмайды. Ол жайлы небәрі үш қысқа үзіндіде сөз қозғалады (Мұсаның 1-жазбасы 5:21—24; Еврейлерге 11:5; Яһуда 14, 15). Десе де осы азғана тармақтың өзінен оның сенімі зор болғанын көреміз. Сіздің отбасыңыз бар ма? Құдайдың әділ заң-талаптарын ұстану үшін кейде күрес жүргізуіңіз керек бола ма? Сенімі берік болған Енох пайғамбардан бұл жағынан үйренеріміз көп.

“ОЛ ҚҰДАЙ ЖОЛЫНАН ТАЙМАДЫ”

Енохтың заманында адамзат әбден бұзылды. Бұл уақытта жетінші ұрпақ дүниеге келген еді. Бұл ұрпақ Адам мен Хауа айырылып қалған кемелділікке әлі де жақын болғандықтан, өте ұзақ өмір сүрді. Бірақ, бір өкініштісі, адамдар Құдайдан безіп, ар-ұяттан жұрдай болып кеткен еді. Жерді зорлық-зомбылық жайлады. Зұлымдыққа бастау берген Қабыл есімді адам болды. Адам атадан кейінгі екінші ұрпақ болған ол өз інісі Әбілді аяусыз өлтірді. Ал Қабылдың ұрпақтарының бірі одан анағұрлым қатыгез әрі кекшіл болғанын мақтан тұтқан! Үшінші ұрпақ пайда болғанда, адамдар басқа бір сорақылыққа көшкен еді. Олар Ехоба Құдайдың есімін шақыра бастады. Бірақ олардың мақсаттары Ехоба Құдайға құлшылық ету емес-тін. Халық Құдайдың киелі есімін қорлап, аяқасты еткен көрінеді (Мұсаның 1-жазбасы 4:8, 23—26).

Осындай арамдалған ғибадат Енох пайғамбардың заманында кең етек алды. Ер жеткенде Енохқа екі жолдың бірін таңдау керек болды. Ол замандастарына қосыла ма, жоқ әлде аспан мен жерді жаратқан шынайы Құдай Ехобаны іздей ме екен? Құдай жолында өліп кеткен арғы атасы Әбілдің сенімі оған қатты әсер еткен болу керек. Өйткені Енох пайғамбар Әбілдің жолын қууды шешті. Мұсаның 1-жазбасы 5:22-де “Енохтың Құдай жолымен жүргені” айтылған. Бұл сөздер құдайсыз дүниеде өмір сүрген пайғамбарды Құдай жолында берік тұрған әділ адам ретінде айрықшалайды. Енох Киелі кітаптағы осы бір ерекше сөздермен сипатталған адамдардың алғашқысы болып отыр.

Аталмыш тармаққа сай, Енох Мәтусала есімді ұлы туылғаннан кейін де, Ехобаның жолымен жүрген. Ол шамамен 65 жасында балалы болған. Оның Киелі жазбаларда аты аталмаған әйелі мен нақты саны белгісіз “басқа да ұл-қыздары” болған. Отағасы Құдайдың жолымен жүргісі келсе, отбасына Киелі жазбалардағы заң-талаптарға сай қамқорлық көрсетуге тырысуы керек. Енох пайғамбар Ехобаға ұнамды отағасы болу үшін әйеліне адал болу керектігін түсінген (Мұсаның 1-жазбасы 2:24). Сондай-ақ ол балаларын Ехоба Құдайдың жолында тәрбиелеуге бар күшін салғаны шүбәсіз. Мұның нәтижесі қандай болды?

Киелі жазбаларда бұл жайында мәлімет көп емес. Мысалы, оның ұлы Мәтусаланың сенімі жайлы еш сөз қозғалмайды. Жазбаларда аты аталғандардың ішінде ең ұзақ өмір сүрген ол Топан су болған жылы дүние салған. Мәтусаладан Ләмех туылды. Ол бір ғасырдан аса уақыт бойы атасы Енохпен замандас болған. Ләмех сенімі мықты адам еді. Ехобаның қозғау салуымен ол өз ұлы Нұхқа қатысты бір пайғамбарлық сөз айтты. Бұл пайғамбарлық Топан судан кейін орындалды. Кейіннен Нұх та арғы атасы Енох сияқты, Құдай жолымен жүрген пайғамбар аталды. Енох Нұхты ешқашан көрмесе де, оған жақсы үлгі қалдырды. Нұх ол жайында әкесі Ләмехтен я атасы Мәтусаладан, болмаса Енохтың әкесі Иәреттен білсе керек. Иәрет Нұх 366 жасқа келгенде қайтыс болған (Мұсаның 1-жазбасы 5:25—29; 6:9; 9:1).

Адам ата мен Енохтың арасында үлкен айырмашылық бар. Адам кемелді бола тұра, Ехобаға қарсы күнә жасап, күллі ұрпақтарына бүлікшіл рух пен қайғы-қасіретті мұраға қалдырды. Ал Енох кемелсіз бола тұра, Құдай жолымен жүріп, ұрпақтарына берік сенімнің үлгісін көрсетті. Енох 308 жаста болғанда, Адам ата көз жұмды. Қара басын ойлаған өзімшіл аталары қайтыс болғанда, ұрпақтары оны жоқтап жылады ма екен? Бұл жағы белгісіз. Бірақ Енох жайында бір білеріміз, “ол Құдай жолынан таймады” (Мұсаның 1-жазбасы 5:24).

Балаларыңыз бар болса, сіздің Енохтан үйренеріңіз көп болар. Оларды асырау үшін көп күш салып жүрген шығарсыз. Алайда балаларды Құдай жолында тәрбиелеуден маңызды ештеңе жоқ (Тімөтеге 1-хат 5:8). Бұл үшін сөздеріңізге ғана емес, іс-әрекеттеріңізге де мән бергеніңіз жақсы. Енох сияқты Құдайдың нұсқауларына бағынып, онымен бірге жүруді шешсеңіз, сіз де отбасыңызға керемет үлгі көрсетесіз.

ЕНОХ “ОЛАР ЖӨНІНДЕ ПАЙҒАМБАРЛЫҚ ЕТКЕН”

Сенімі берік Енох пайғамбар сенімнен жұрдай адамдар арасында өзін жалғыз қалғандай сезінген шығар. Өзі сиынған Құдайы Ехоба оны елеп-ескерді ме екен? Әлбетте. Ехоба өзінің адал қызметшісіне тіл қатқан күн де келіп жетті. Құдай оны өз пайғамбары етіп тағайындап, замандастарына хабарын жеткізуді тапсырды. Осылайша Енох Құдайдан алған хабары Киелі кітапқа жазылған алғашқы пайғамбар болды. Бұған қандай айғақ бар? Содан бірталай ғасыр өткеннен кейін өмір сүрген Иса пайғамбардың Яһуда есімді бауыры Енохтың пайғамбарлық сөздерін Құдай рухының жетелеуімен Киелі жазбаларға жазып қалдырған *.

Енох қандай пайғамбарлық айтты? Ол былай деген: “Міне, Ехоба сансыз көп киелі періштесімен келді. Ол бәрін соттап, құдайсыздардың арсыздықпен істеген зұлым істерін және күнәкарлардың өзіне қарсы айтқан барлық сұмдық сөздерін әшкерелеу үшін келді” (Яһуда 14, 15). Байқасаңыз, пайғамбар өткен шақта сөйлеп, Құдай сондағы сөздерді орындап қойғандай әсер қалдырған. Осындай ерекшелікті Киелі кітаптағы кейіннен айтылған басқа да көптеген пайғамбарлық сөздерден байқауға болады. Осының астарында жатқан ой келесідей: пайғамбардың айтқандары сөзсіз орындалатындықтан, оны болып қойған оқиғадай сипаттауға болады! (Ишая 46:10).

Енох пайғамбар зұлым адамдарға Құдайдың хабарын батыл жариялаған

Осындай хабарды дүйім жұртқа жариялау Енохқа оңай болды ма? Оның қандай пәрменді сөздер айтқанына көңіл бөлейікші. Ол адамдарды құдайсыз күнәкарлар деп атап, істері зұлым, сөздері сұмдық екенін айтып әшкереледі. Осы сөздерімен Енох адамдардың Едем бағынан қуылғаннан кейін құрған қоғамының сау жері қалмай бүлінгенін айтып ескерткен. Сондықтан Ехоба сап түзеген сансыз көп құдіретті періштесімен келіп, сол қоғамның ойран-топырын шығарып жоймақ еді. Құдайдан келген осындай ескертуді Енох жалғыз өзі батыл жариялады! Атасының қайтпас қайсарлығы жас Ләмехті таң-тамаша қалдырған шығар.

Енох пайғамбардың сенімі сізді де бейжай қалдырмай, осы дүниеге Құдайдың көзімен қарауға талпындырған болар. Енохтың жариялаған үкімі әлі де күшін жоғалтқан жоқ. Иә, сол заманда айтылған үкімнің біздің заманымызға да қатысы бар. Енохтың пайғамбарлығына сай, Ехоба Құдай Нұхтың күндерінде жерге топан су жіберіп, құдайсыз дүниені жойды. Бірақ ол бүгінде адамзаттың басына төніп тұрған ұлы апаттың нышаны ғана болған (Матай 24:38, 39; Петірдің 2-хаты 2:4—6). Бүгінде Құдай сансыз көп періштесімен осы бүлінген дүниеге шығарған әділ үкімін жүзеге асыруға дайын тұр. Сондықтан әрқайсысымыз Енохтың ескертуіне құлақ асып, басқаларды да ескерткеніміз дұрыс. Достарымыз бен туыстарымыз бізге қосылмауы мүмкін. Ондайда өзімізді жалғыз қалғандай сезінетін шығармыз. Алайда Ехоба Құдай Енох пайғамбарды ешқашан тастамаған, ол бүгінгі адал қызметшілерін де ешқашан қалдырмайды!

“ӨЛМЕУ ҮШІН ӘКЕТІЛДІ”

Енох пайғамбардың өлімі оның өмірінен әлдеқайда зор қызығушылық оятар. Бұл орайда Киелі кітап: “Ол Құдай жолынан таймады. Кейін Енох көзден ғайып болды, себебі Құдай оны алып кеткен еді”,— деп қысқа қайырады (Мұсаның 1-жазбасы 5:24). Бұл қалай болды? Кейіннен елші Пауыл былай деп жазды: “Сенімі болғандықтан Енох азапты өліммен өлмеу үшін әкетілді. Құдай әкеткендіктен, ол еш жерден табылмады. Себебі әкетілмес бұрын, Құдайға ұнамды болғаны жөнінде куәлік алған еді” (Еврейлерге 11:5). “Өлмеу үшін әкетілді” дегенді қалай түсінуге болады? Киелі кітаптың кей аудармаларында Құдай Енохты көкке алып кетті делінген. Бірақ бұлай болуы мүмкін емес. Киелі кітапқа сай, қайта тіріліп, көкке барғандардың ең алғашқысы Иса Мәсіх болған (Жохан 3:13).

Ендеше Енох қай мағынада әкетілді? Қарсыластары оны азаптап өлтірмес үшін, Ехоба оны тірілер арасынан әкетіп, өлім ұйқысына батырған көрінеді. Бірақ алдымен “Енох Құдайға ұнамды болғаны жөнінде куәлік алған” еді. Бұл қалай болды? Дәл өлер алдында Енох Құдайдан аян алған болуы мүмкін. Бәлкім, ол жұмаққа айналған жер бетін көрген шығар. Ехобаның көңілінен шыққанына көзі анық жеткен соң, Енох өлім ұйқысына батты. Елші Пауыл Енох пен басқа да адал кісілер жайлы: “Бұлардың бәрі... сенімдерін жоғалтпай дүниеден өтті”,— деп айтқан (Еврейлерге 11:13). Кейіннен қарсыластары оның денесін іздеген де шығар, бірақ “ол еш жерден табылмады”. Адамдар оның денесін қорлап немесе жалған ғибадатта қолданбас үшін, Ехоба оны көзден ғайып қылса керек *.

Әрине, Енох пайғамбардың соңғы сәттерінде оқиғалардың нақты қалай өрбігені белгісіз. Десе де Киелі жазбаларға негізделген жоғарыда айтылған жайттарды ойда тұта отырып, келесідей жағдайды көз алдымызға елестетіп көрейікші. Енох екі өкпесін қолына алып ентігіп жүгіріп келеді. Құдай үкіміне наразы болған ашулы тобыр оның соңына түсіп алған. Енох бассауғалайтын жер тауып, ентігін басты. Бірақ ол мұнда ұзақ аялдай алмайтынын біледі. Оны бас салуға дайын тұрған қуғыншылар таяп қалған еді. Пайғамбар сол жерде отырып Құдайына сиынды. Сол сәтте ол бір ғажап жантыныштығына бөленді. Айдай айқын көрінген аян оны бір керемет күйге бөледі.

Ехоба Құдай Енох пайғамбарды әкетпегенде, қуғыншылар оны азаптап өлтіруі мүмкін еді

Аянда Енох пайғамбар мүлдем басқа дүниені көрді. Бұл жер Едем бағындай әдемі болып көрінді әрі онда бақты күзетіп, адамдарды кіргізбей тұрған керубтер болмады. Денсаулықтары мықты, күштері тасып тұрған сансыз көп ерлер мен әйелдер тату-тәтті өмір сүріп жатты. Пайғамбардың өзі көрген жеккөрініш пен діни қуғын мұнда атымен жоқ еді. Енохтың өзіне келсек, ол Ехобаның сүйіспеншілігі мен ықыласына ие болғанын сезді. Ол бір кездері осы жерде тұратынына сенімді болды. Бұл жер оның үйі болмақ еді. Көңілі орныққан пайғамбар көзін жұмып, терең ұйқыға батты.

Осы күнге дейін өлім ұйқысында жатқан ол Ехоба Құдайдың мықты жадында сақтаулы! Кейіннен Иса пайғамбар уәде еткендей, болашақта Құдайдың жадында сақталғандардың бәрі Мәсіхтің даусын естіп, қабірден шығатын уақыт келеді. Олар бейбітшілік орнаған әсем жаңа дүниеде көздерін ашады (Жохан 5:28, 29).

Сіз де сол жерде болғыңыз келе ме? Ол жерде Енох пайғамбарды көруге қуанышты болатын шығарсыз. Одан үйренеріміз әлі көп екені сөзсіз! Жаңа дүниеде өмірінің соңғы сәттеріне қатысты біз ойлаған жайттардың қаншалықты шындыққа жанасатынын сұрай аласыз. Бірақ қазірдің өзінде одан міндетті түрде үйренуіміз қажет бір жайт бар. Елші Пауыл Енох жайлы айтқаннан кейін: “Сенім болмаса, Құдайға ұнау мүмкін емес”,— деген болатын (Еврейлерге 11:6). Біз үшін Енох пайғамбардың болаттай берік сеніміне еліктеуге бұдан артық себеп бар ма?!

^ 14-абзац Кейбір Киелі кітап зерттеушілерінің пікірінше, Яһуда Енохтың кітабы деп аталатын апокрифтік еңбекке сүйенген. Бірақ бұл кім жазғаны белгісіз ойдан шығарылған еңбек болып табылады. Оны Енох жазды деу — қате пікір. Аталмыш кітапта Енохтың пайғамбарлық сөздері тура жазылғанмен, бұл сөздер біздің күнімізге дейін жетпеген ежелгі қолжазбалардан я ауыздан ауызға тараған әңгімелерден алынған көрінеді. Кезінде Яһуда осындай ежелгі мәлімет көздеріне сүйенген болу керек, я болмаса Енох жайлы оның өмірін көктен бақылаған Исадан білгенге ұқсайды.

^ 20-абзац Құдай Мұса мен Иса пайғамбарлардың да денелерін осындай қауіптен сақтаған көрінеді (Мұсаның 5-жазбасы 34:5, 6; Лұқа 24:3—6; Яһуда 9).