Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Елші Петір алғашқы Рим папасы болды ма?

Елші Петір алғашқы Рим папасы болды ма?

“Кардинал Хорхе Марио Бергольо Жоғары егемен понтифик [Рим папасының лауазымы], Петірдің 265-інші мұрагері болып сайланды” (“ВАТИКАННЫҢ АҚПАРАТ ҚЫЗМЕТІ”, ВАТИКАН ҚАЛАСЫ, 13 НАУРЫЗ, 2013 ЖЫЛ)

“Рим епископы әлемдік шіркеуге үстемдік етеді, өйткені ол Иса Мәсіхтен осындай артықшылық алған Әулие Петірдің мұрагері” (“РИМ ЕПИСКОПЫНЫҢ АЛҒАШҚЫ ҮШ ҒАСЫР БОЙҒЫ ҮСТЕМДІГІ”, 1903 ЖЫЛ, ВИНСЕНТ ЭРМОНИ)

“Егер әлдебіреу Рим понтифигін Жарылқанған Петірдің дәрежесін мұра етпеген десе, оған анафема шығарылсын [яғни дінбұзар еретик атансын]” (ВАТИКАННЫҢ БІРІНШІ КЕҢЕСІ, 18 ШІЛДЕ, 1870 ЖЫЛ)

ЖЕРЖҮЗІНДЕГІ миллиондаған католиктер үшін 1870 жылы Ватикан кеңесінің шығарған жарлығы Рим шіркеуінің мызғымас ілімі болып табылады. Алайда бұл орайда мұндай сұрақтар туындайды: Бұл Жазбаларға негізделген ілім бе? Рим папасы Франциск расында да елші Петірдің мұрагері ме? Сондай-ақ Петір алғашқы Рим папасы болды ма?

“МЕН ОСЫ ЖАРТАСҚА ӨЗ ҚАУЫМЫМДЫ ТҰРҒЫЗАМЫН”

1870 жылы Ватикан кеңесі Матай 16:16—19 және Жохан 21:15—17 тармақтарды бұрыс түсінгендіктен аталмыш жарлықты шығарған. Иса мен Петірдің осы үзінділер мен Киелі кітаптың басқа да жерлерінде жазылған әңгімелерінен көрінетіндей, елші Петір мәсіхшілер қауымының бастапқы кезеңінде маңызды рөл атқарған. Иса Петірмен алғаш жүздескен кезде оның тасқа тән қасиеттер танытатынын алдын ала айтқаны да рас (Жохан 1:42). Алайда Иса Петірге үстемдік берген бе?

Матай 16:17, 18-де Исаның Петірге айтқан келесі сөздерін оқимыз: “Сен Петірсің [оның есімі “тас” дегенді білдіреді]. Мен осы жартасқа өз қауымымды тұрғызамын”. Иса өзінің қауымын Петір деген жұмыр басты пендеге “тұрғызатынын” айтқысы келді ме? Петір Исаның барлық ізбасарларының басшысы болмақ па еді? Сол әңгімені естіген басқа елшілер Исаның сөздерін қалай түсінген? Ізгі хабарларда айтылғандай, олар осы оқиғадан кейін араларында ең ұлысы кім екендігі жайында бірнеше рет дауласқан болатын (Матай 20:20—27; Марқа 9:33—35; Лұқа 22:24—26). Егер Иса Петірді өзгелерден үстем яки басым еткен болса, олар бұлай дауласар ма еді?

Ал Петірдің өзі Исаның сөздерін не деп түсінген? Исраилдік болған Петір Киелі жазбалардағы “тас” немесе “іргетас” туралы пайғамбарлықтармен таныс болғаны шүбәсіз (Ишая 8:13, 14; 28:16; Зәкәрия 3:9). Бауырластарына арнаған хатында сол пайғамбарлықтарды келтіре отырып, Петір “іргетастың” Иса, яғни уәде етілген Мәсіх екенін түсіндірген. Петір гректің петра сөзін (Матай 16:18-де айтылған жағдайда да Иса дәл осы сөзді қолданған) тек Мәсіхке қатысты қолданған (Петірдің 1-хаты 2:4—8).

Елші Пауыл да Исаның адал ізбасары болған. Ендеше ол Иса Петірді өзгелерден үстем етті деп ойлады ма? Петірдің мәсіхшілер қауымының бастапқы кезеңінде маңызды рөл атқарғанын мойындап, Пауыл Петірдің “қауымның тірегі деп есептелетін” адамдардың қатарында екенін жазған. Пауыл қауымның бір емес, бірнеше “тірегі” бар деп есептеген (Ғалаттықтарға 2:9). Оның үстіне, егер Петір қауымның басы болып тағайындалған болса, өзге мәсіхшілер оны қауым тіректерінің бірі деп жай есептеп қана қоймас еді.

Петірдің кейбір адамдарды алалаған кездері туралы баяндағанда, Пауыл: “Қателігін бетіне айттым: оның қылығы айыптауға тұрарлық еді”,— деп құрметпен, бірақ ашық түрде жазды (Ғалаттықтарға 2:11—14). Пауыл Петірді не кез келген басқа пендені Мәсіх қауымының іргесі деп есептемеген. Қайта, қауымның іргесі Иса Мәсіх деп білген. Ол үшін “жартас” Мәсіхтің өзі еді (Қорынттықтарға 1-хат 3:9—11; 10:4).

“СЕН ПЕТІРСІҢ...”

Сонымен біз Исаның “Сен Петірсің. Мен осы жартасқа өз қауымымды тұрғызамын” деген сөздерін қалай түсінуіміз керек? Үзіндіні түсіну үшін мәнмәтінді оқу керек. Иса мен Петір не жайлы әңгімелесіп тұрған еді? Иса бұдан алдын шәкірттерінен: “Ал сендер мені кім дейсіңдер?”— деп сұрады. Петір еш бөгелместен: “Сіз Мәсіхсіз, тірі Құдайдың Ұлысыз”,— деп жауап қатқан болатын. Сонда Иса Петірді мақтады да, артынша өз қауымын әлдеқайда мықты “жартасқа”, яғни Петір жаңа ғана нық сенім білдірген Мәсіхке, Исаның өзіне, тұрғызатынын айтты (Матай 16:15—18).

Біз Исаның “Сен Петірсің. Мен осы жартасқа өз қауымымды тұрғызамын” деген сөздерін қалай түсінуіміз керек??

Осыған сәйкес көптеген “Шіркеу әкелері” Матай 16:18-де сөз етілген жартастың Мәсіхті білдіретінін жазған. Мысалы, V ғасырда әйгілі христиан жазушысы Августин былай деп жазған: —Петір Исаға: “Сіз Мәсіхсіз, тірі Құдайдың Ұлысыз,— дегендіктен, Иеміз: —Осы жартасқа шіркеуімді тұрғызамын”,— деді. Сондықтан да сен мойындаған осы жартасқа мен өз шіркеуімді тұрғызамын”. Августин қайта-қайта “Жартас (Петра) Мәсіхтің өзі болды” деген.

Августин мен сол сияқты ойлаған көп адам қазір өмір сүргенде, католик ілімі бойынша дінбұзар деп табылар еді. Швейцар теологы Ульрих Луцтың айтуынша, бүгіндегі Киелі кітап ғалымдарының осы мәселеге қатысты ортақ пікірін 1870 жылғы Ватикан кеңесі жолдантаюшылық деп қарастырар еді.

РИМ ПАПАСЫ ПЕТІРДІҢ ОРЫНБАСАРЫ МА?

Елші Петір “папа” деген лауазымды білмеген де. Тарихи деректерге қарағанда, IX ғасырға дейін бұл лауазымды римдік емес епископтар өздеріне қатысты қолданған. Десе де XI ғасырдың соңына дейін “папа” деген сөз ресми лауазым ретінде көп қолданылмаған. Оның үстіне, ертедегі мәсіхшілердің ешқайсысы қауымның басы болған-мыс Петірдің дәрежесі артынша біреуге берілді деп санамаған. Сол себептен неміс ғалымы Мартин Хенгель “папаның “үстемдігіне” тарихи не теологиялық айқын негіз жоқ” деген тұжырымға келген.

Сонымен, Петір алғашқы папа болды ма? Оның орынбасарлары болды ма? Католик шіркеуінің папаның үстемдігі туралы ілімі Жазбаларға негізделген бе? Бұл үш сұраққа да жоқ деп жауап береміз. Қайта, шынайы мәсіхшілер қауымының іргетасы Исаның өзі екені тайға таңба басқандай анық (Ефестіктерге 2:20). Ендеше әрқайсысымыздың “Ал мен оның шынайы қауымын таптым ба?” деп ойланғанымыз жөн.