Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

 НЕГІЗГІ ТАҚЫРЫП | НЕГЕ ЖАҚСЫ АДАМДАР ҚАСІРЕТ ШЕГЕДІ?

Құдай зұлымдықты жоюды уәде етеді

Құдай зұлымдықты жоюды уәде етеді

Киелі кітапта Шайтан Ібілістің кесірінен болып отырған қайғы-қасіретті Ехоба Құдай мен оның рухани ұлы Иса Мәсіхтің жоятыны анық айтылған. Онда былай делінген: “Құдай Ұлы Ібілістің істерін талқандау үшін келді” (Жоханның 1-хаты 3:8). Иә, жуырда осы дүниені жайлап кеткен ашкөздік, жеккөрушілік пен зұлым істердің түбіне балта шабылады. Бұған қоса, Иса “осы дүниенің билеушісі” Шайтан Ібілістің “қуылатынын” уәде еткен (Жохан 12:31). Дүние Шайтанның ықпалынан босаған кезде, жер бетінде әділдік пен бейбітшілік орнайды (Петірдің 2-хаты 3:13).

Ал өмір салттарын өзгертуден бас тартып, зұлым істерінен қайтпайтын қыңыр адамдармен не болады? Нақыл сөздер 2:21, 22-де нақты жазылған мына сөздер бұған жауап болады: “Әділдер елді мекендейді, кінәратсыздар сонда тұра береді. Ал зұлымдар елден аластатылады, опасыздар түп-тамырымен құртылады”. Иә, татулық орнаған жерде зұлым адамдардың ықпалы болмайды. Сол кезде жер бетінде мойынсұнғыш адамдар кемелсіздіктерінен бірте-бірте арылады (Римдіктерге 6:17, 18; 8:21).

Құдай жаңа дүниеде зұлымдықты қалай жояды? Адамдардан таңдау еркін алып қойып, оларды робот сияқты ету арқылы ма? Әрине, жоқ. Қайта ол тілалғыш адамдарға өзінің жолдарын үйретіп, оларға жаман ойлары мен істерінен бас тартуға көмектесетін болады.

Құдай қайғы-қасіреттің барлық себебін жояды

Құдай кенеттен болатын табиғи апаттарға қатысты қандай шара қолданады? Ол жуырда өзінің Патшалығы жер бетіне билік ететінін уәде етеді. Патшалықтың патшасы ретінде тағайындалған Иса Мәсіх ауруларды сауықтыра алады (Матай 14:14). Сондай-ақ ол табиғи күштерді де қадағалай алады (Марқа 4:35—41). Демек ешкім де “қолайсыз уақыт пен кездейсоқ жағдайлардың” кесірінен жапа шекпейтін болады (Уағыздаушы 9:11 ЖД). Осылайша Мәсіхтің билігі кезінде адамзаттың басына ешқандай апат төнбейді (Нақыл сөздер 1:33).

Қайғылы жағдайлардың салдарынан жазықсыз қаза болған миллиондаған адамдар туралы не деуге болады? Қайтыс болған досы Елазарды қайта тірілтпес бұрын Иса: “Қайта тірілу және өмір — менмін”,— деген (Жохан 11:25). Иә, Исаның өмірден өткен адамдарды қайта тірілтуге құдіреті жетеді!

Жақсы адамдардың басына қайғылы жағдайлар түспейтін заман жайлы хабар сізге қызықты болса, неге Киелі кітаптан шынайы Құдай мен оның еркі туралы көбірек білім алмасқа? Аймағыңызда тұратын Ехоба куәгерлері сізге мұндай білімді алу үшін көмектесуге қуанышты болады. Біз сізді олармен хабарласуға не осы журналдың баспагерлеріне хат жазуға шақырамыз.