Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ҚҰДАЙҒА ЖАҚЫНДАҢЫЗ

Ехоба “ешкімді алаламайды”

Ехоба “ешкімді алаламайды”

Сіз алалаушылықтың құрбаны болғансыз ба? Нәсіліңізге, шыққан ортаңызға не әлеуметтік жағдайыңызға бола өзгелер өтінішіңізді орындамай, жұмысқа қабылдамай не сізді басқалай да кемсіткен кездер болған ба? Олай болса, мұндай жағдаймен көп адамның кезігетінін білгейсіз. Алайда сізді қуантатын жақсы хабар бар: кемсітушілік жер бетінде жиі кездескенімен, көкте мұндай әділетсіздік мүлдем орын алмайды. Сол себепті де елші Петір: “Құдай ешкімді алаламайды”,— деп, нық сеніммен айтқан болатын (Елшілердің істері 10:34, 35 оқыңыз).

Петір бұл сөздерді өзі үшін жат жерде, яһуди емес Корнел есімді кісінің үйінде, болғанда айтқан еді. Петір яһуди болатын, ал сол кезде яһудилер өзге ұлт адамдарын таза емес деп есептегендіктен, олармен мүлдем араласпайтын. Онда неге Петір Корнелдің үйіне барды? Қысқаша айтқанда, Ехоба Құдайдың өзі олардың сол жерде кездескенін қалады. Петір көктен аян алып: “Құдай тазалағанды енді арам деп айтпа”,— деген сөздерді естіген болатын. Бұдан бір күн бұрын Корнел де аян көріп, Петірді шақыртуға нұсқау алған еді (Елшілердің істері 10:1—15). Елші Петір мұны білмеген болатын, алайда бұл жағдайға Ехоба Құдайдың басшылық бергенін түсінгенде, ол мұны өзгелерге айтудан тартынбады.

Елші Петір: “Құдай ешкімді алаламайтынын енді шынымен біліп алдым”,— деді (Елшілердің істері 10:34). “Алалау” деген грек сөзі тура мағынада “бет-жүзге қарау” дегенді білдіреді (“Патшалықтың жолма-жол аудармасы”). Бір ғалым былай деген: “Бұл тіркес қарастырылып жатқан істің мән-жайына емес, сотталып тұрған адамның бет-әлпетінің ұнайтын-ұнамайтынына негіздеп шешім шығаратын төрешіге нұсқайды”. Ал Құдай нәсіліне, ұлтына, әлеуметтік жағдайына не басқа да сыртқы көрінісіне қарап бір адамды екіншісінен жоғары санамайды.

Ехоба Құдай адамның жүрегіне қарайды (Патшалықтар 1-жазба 16:7; Нақыл сөздер 21:2). Петір сөзін жалғап былай деді: “Ол өзінен қорқатын және әділ әрекет ететін әрбір адамды, қай ұлттан шықса да, қабыл алады” (Елшілердің істері 10:35). Құдайдан қорқу деген оны құрметтеуді, қастерлеуді, арқа сүйеуді және оған ұнамсыз болатын кез келген істен аулақ болуды білдіреді. Ал әділ әрекет етуге Құдайдың көз алдында дұрыс нәрсені істеуге дайын болу жатады. Иә, Ехоба Құдайдың алдында қастерлі қорқыныш танытатын әрі дұрыс нәрсені істеуге талпынатын адам оған ұнамды (Заңды қайталау 10:12, 13).

Ехоба Құдай көктен жер бетіне қараған кезде, бір ғана нәсілді — адамзат қоғамын — көреді

Егер алалаушылық пен кемсітушілікке кезіксеңіз, елші Петірдің Құдай туралы айтқан сөздерінен жұбаныш алатыныңыз сөзсіз. Ехоба барлық халықтан шыққан адамдарды өзіне шынайы ғибадат етуге шақырады (Жохан 6:44; Елшілердің істері 17:26, 27). Ол өзіне ғибадат ететіндердің нәсілі, ұлты не әлеуметтік жағдайы қандай болмасын, олардың дұғаларын тыңдайды әрі жауап береді (Патшалықтар 3-жазба 8:41—43). Ехоба Құдай көктен жер бетіне қараған кезде, бір ғана нәсілді — адамзат қоғамын — көреді. Сіз ешкімді алаламайтын Құдай туралы көбірек білуді қалайсыз ба?

Маусымда оқитын Киелі кітап үзіндісі

Жохан 17—21 — Елшілердің істері 1—10 тараулар