Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Ғасырлар бойы жасырын болған қазына

Ғасырлар бойы жасырын болған қазына

Ғалым өз көзіне өзі сенбей отыр. Ол бір көне мәтіннің үзіндісін қайта-қайта мұқият қарастыруда. Мәтіннің көркем етіп жазылғанынан және оның грамматикасынан ғалым бұл жазбаның грузин тіліндегі Киелі кітаптың ең көне аудармасының үзіндісі екенін түсінеді.

БҰЛ қазынаны Иване Жавакхишвили есімді ғалым 1922 жылдың желтоқсан айының соңына таман, грузин әліпбиінің қалай пайда болғанын зерттегенде, тапқан болатын. Оның қолына Иерусалим Талмудының көшірмесі түседі. Оны зерттеп жатып ғалым еврей мәтінінің астарындағы жарым-жартылай өшірілген грузин тіліндегі жазбаны байқайды *.

Талмудтың астарында “жасырын” жатқан бұл жазбалар Еремия кітабының б. з. V ғасырында жасалған көшірмесінің бір бөлігі еді. Бұл жазбалар табылмай тұрып, грузин тіліндегі Киелі кітаптың б. з. ІХ ғасырында жазылған қолжазбалары қолда бар қолжазбалардың ең көнесі болатын. Кейіннен б. з. V ғасырында не тіпті одан ертерек жазылған Киелі кітаптың басқа да бөліктерінің қолжазбалары табылды. Ойлап көріңізші, Иса мен елшілер өмір сүрген заманнан бірнеше жүз жылдан кейін ғана жазылған Киелі кітап үзінділерінің табылғаны ғажап емес пе!?

Сол үзінділерді кім аударған? Бұл жұмыспен бір ғана адам айналысты ма, әлде бірнеше адал аудармашылардан құралған топ па? Бүгінгі күнге дейін аудармамен кім айналысқанына қатысты ешқандай тарихи мәлімет жоқ. Қалай болған күнде де, Киелі кітаптың не оның бөліктерінің грузин тіліне төртінші ғасырда аударылғаны әрі сол уақыттан бері грузин халқына Киелі кітап өз ана тілдерінде қолжетімді болғаны анық.

Грузин халқы Жазбалармен қаншалықты таныс болғанын шамамен бесінші ғасырда жазылған “Киелі Шушаник патшайымның азап шегуі” деп аталатын кітаптан білуге болады. Патшайымның қайғылы оқиғасын баяндай келе жазушы Забур, Інжіл және Киелі кітаптың басқа да кітаптарынан тармақтар келтірген. Сондай-ақ бұл кітапта Шушаниктің күйеуі Варскен — Грузияның Картли патшалығының билеушісі — парсы билеушілеріне жағу үшін “мәсіхшілікті” тастап, парсылардың зороастризм дінін қабылдағаны және әйелінен де солай етуді талап еткені жазылған. Бірақ Шушаник патшайым өз нанымдарынан бас тартпағандықтан өлімге кесіліп, өмірінің соңғы күндеріне дейін Киелі жазбаларды оқудан жұбаныш тапты.

Бесінші ғасырдан кейін де Киелі кітапты грузин тіліне аудару және оның көшірмесін жасау ісі тоқтамағаны анық. Грузин тіліндегі көптеген Киелі кітап қолжазбалары адал көшірмешілер мен аудармашылардың осы салада ерен еңбек атқарғандарын көрсетеді. Қазір екі қызықты жайтты — Киелі кітаптың аударылуы мен басып шығарылуын — қарастырып көрейік.

КИЕЛІ КІТАПТЫ АУДАРУ ІСІНІҢ ЗОР ҚАРҚЫНМЕН ЖҮРУІ

“Мен, Георгий, қарапайым монах, осы Забур кітабын заманауи грек тілінен грузин тіліне ұқыптылықпен әрі көп күш салып аудардым”. Бұл — XI ғасырда өмір сүрген Георгий Мтатсминдели есімді грузин монахтың сөздері. Бірнеше ғасырдан бері грузин тіліндегі Киелі кітап қолда бар болса да, неліктен оны аудару қажет болды?

XI ғасырға таман грузин тіліндегі Киелі кітаптың көне қолжазбаларының аз ғана даналары қалған болатын. Ал кейбір кітаптар түгелімен жоғалды. Оның үстіне, тіл де біршама дамып өзгерді, сол себепті оқырмандарға көне көшірмелерді түсіну қиынға соқты. Көптеген аудармашылар грузин тіліндегі Киелі кітапты қайта қалпына келтіруге тырысып-баққанымен, Георгий осы іске зор үлес қосты. Ол грузин тілінде бар Киелі кітап нұсқаларын грек тіліндегі қолжазбалармен салыстырды және аударылмаған бөліктерін, тіпті толық кітаптарды да аударды. Күндіз Георгий монастырь басшысы ретіндегі міндеттерін атқарса, кешке Киелі кітапты аудару ісімен айналысқан.

Георгийдің замандасы Ефрем Мтсире есімді кісі аудармашылар үшін маңызы зор басшылықты құрастырды. Бұл басшылыққа аударманың негізгі принциптері кірді. Мысалы, мүмкіндігінше түпнұсқа тілінен аудару және аударманың тура, сөйте тұра табиғи болуын қадағалау. Сондай-ақ ол грузин аудармаларына түсіндірме және сәйкес тармақтарды көрсететін сілтемелерді енгізді. Ефрем көптеген Киелі кітап бөліктерінің жаңа аудармасын жасады. Осылайша Георгий мен Ефрем алдағы аударма жұмыстарына жақсы бастама берді.

Кейінгі ғасырларда Грузияда кітаптарды шығару ісі алға басты. Гелати мен Икалто қалаларында академиялар құрылды. Көптеген ғалымның ойынша, Грузияның қолжазбалар ұлттық орталығында сақталған “Гелати Киелі кітабы” Гелати не Икалто қалаларынан шыққан ғалымдардың бірі аударған жаңа Киелі кітап аудармасы болып табылады.

Бұл Киелі кітап аудармалары грузия халқына қалай әсер етті? XII ғасырда Шота Руставели есімді жазушының “Вепкхис-ткаосани” (Жолбарыс терісін жамылған батыр) деген еңбегі ғасырлар бойы халыққа қатты әсер еткені сонша — ол грузиндердің екінші Киелі кітабы деп аталып кетті. Грузияның ғалымы К. Кекалидзенің айтуынша, аталмыш еңбекте жазушы жазба орындарын тікелей келтірілмесе де, “оның кейбір көзқарасынан Киелі кітаптың түрлі үзінділерінің мазмұны байқалады”. Жазушы шығармасын тым асқақтатып жазса да, ол шынайы достық, жомарттық, әйелдерге құрмет әрі бейтаныс адамдарға деген риясыз сүйіспеншілік сияқты тақырыптарды жиі қозғаған. Киелі кітапта жазылған осындай құнды шындықтар ғасырлар бойы грузин халқының ой-саналарына әсер еткен және әлі күнге дейін олар үшін құнды ұстанымдар болып есептеледі.

ПАТША ӘУЛЕТІНІҢ КИЕЛІ КІТАПТЫ БАСЫП ШЫҒАРУ ІСІНЕ КІРІСУІ

XVII ғасырдың соңына таман патша әулеті Киелі кітапты басып шығаруды қатты қалады. Осы мақсатпен Вахтанг VI патша ел астанасы Тбилисиде баспахана соқты. Алайда Киелі кітап мәтіні басып шығарылуға әлі дайын емес-тін. Осылайша грузин тіліндегі Киелі кітап қайтадан жасырын қалды деуге болады. Сол уақыттары аяқталмаған қолжазбалардың кейбір бөліктері ғана болды әрі оларда қолданылған тіл көнерген еді. Сол себепті Киелі кітап мәтінін қайта қарастырып, қалпына келтіру ісі тіл маманы Сулхан-Саба Орбелианиге тапсырылды.

Орбелиани осы іске жан сала кірісті. Грек пен латын тілдерімен қатар басқа да тілдерді білгендіктен, ол грузин қолжазбаларын және басқа да мәлімет көздерін қолдана алған. Алайда Грузин Православ шіркеуі Орбелианидің Киелі кітапты сол уақытта қалыптасқан көзқарас бойынша аудармағанына наразы болды. Дінбасылары Орбелианиді шіркеуге сатқындық жасады деп айыптап, патшадан оның бұл істі тоқтатуын сұрады. Грузин тіліндегі кейбір мәліметтерге сай, шіркеу кеңесінде дінбасылары Орбелианиді Киелі кітапты аудару ісінде жылдар бойы жасаған жұмысын өртеп жіберуге мәжбүрледі.

Бүгінгі күнге дейін сақталған әрі “Сабаның Киелі кітабы” деп те аталатын Эмтскета (Мскета) қолжазбасының бір көшірмесінде Орбелианидің жазған түсініктемелері бар. Кейбіреулер бұл жазбаның дінбасылары жарық көруіне қарсы болған Киелі кітап екеніне күмәнданады. Бірақ Эмтскета қолжазбасындағы қосымша мәліметтерді Орбелианидің өзі жазғаны даусыз.

Қиындықтарға қарамастан патша әулетінің кейбір мүшелері үшін Киелі кітапты басып шығару басты орында болды. 1705 пен 1711 жыл аралығында Киелі кітаптың кейбір бөліктері басып шығарылды. Ал Бакари мен Вахушти есімді грузин ханзадаларының арқасында 1743 жылы Киелі кітаптың толық нұсқасы жарық көрді. Енді бұл қазына жасырын қалмады.

^ 3-абзац Ежелде жазуға арналған материалдар қымбат әрі тапшы болатын. Сондықтан да сол кездері қолжазбалардан ескі мәтінді қырып тастап, соған қайтадан жаңа мәтінді жазатын болған. Мұндай қолжазбаларды палимпсест деп атайды, грек тілінен “қайтадан қырып тастау” дегенді білдіреді.