Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Олар Құдайдың уәде еткендерін “көрді”

Олар Құдайдың уәде еткендерін “көрді”

“Құдайдың уәде еткендеріне ие болмаса да... соларды алыстан көрді” (ЕВР. 11:13).

1. Көрмеген жайттарды елестеткеніміздің қандай пайдасы бар? (Осы беттегі суретті қара.)

БІЗ ешқашан көрмеген жайттарды көз алдымызға елестете аламыз. Бұндай қабілетті бізге Ехоба сыйлаған. Осының арқасында өмірімізді дұрыс жоспарлаймыз, алдағы жақсылықты тағатсыздана күтеміз. Ехоба болашақтағы жайттарды біледі, әрі бізді де олардан бейхабар қалдырмай, біразын Киелі кітапқа жаздырған. Сол көзге көрінбейтін нәрселерді көре білу арқылы біз сенімімізді паш етеміз (Қор. 2-х. 4:18).

2, 3. а) Неге көз алдымызға елестететін нәрселердің жай ғана қиял болмағаны маңызды? ә) Осы мақалада қандай сұрақтарды қарастырамыз?

2 Кейде біз қиялдан туатын нәрселерді елестетеміз. Мысалы, кішкентай қыз көбелекке мініп, ұшып жүргенін елестететін шығар. Өмірде бұлай болуы мүмкін емес. Ал Ханна Самуилді киелі шатырда қызмет етуге әкелгенін көз алдына келтіргенде, қиялдамаған. Бұл оның берік шешімі болған, әрі осының арқасында мақсатын назарында ұстаған (Сам. 1-ж. 1:22). Құдайдың уәделерін елестеткенде, біз де қиялдамаймыз, қайта, міндетті түрде жүзеге асатын жайттар туралы ойланамыз (Пет. 2-х. 1:19—21).

3 Ежелде өмір сүрген адал кісілердің де Ехобаның уәделерін көз алдарына елестеткенінде дау жоқ. Бұның оларға қандай пайдасы болды? Құдайдың керемет уәделерінің жүзеге асатыны жайлы ойланудың біз үшін пайдасы бар ма?

АЛДАҒЫНЫ “КӨРІП”, СЕНІМІ НЫҒАЙҒАНДАР

4. Әбілдің адам баласының болашағы жарқын болады деп күтуіне не нәрсе негіз болған?

4 Ехобаның уәделеріне сенген ең бірінші адам Әбіл еді. Ол Адам мен Хауа күнә жасағаннан кейін, Ехобаның былай дегенін білген: “Мен әйел екеуіңді, сенің ұрпағың мен әйелдің ұрпағын өзара өштестіріп қоямын. Әйелдің ұрпағы сенің басыңды мыжиды, ал сен оның өкшесін шағасың” (Мұс. 1-ж. 3:14, 15). Әбіл осы уәде жайында көп ойланып, мынадай түйін жасаса керек: адам баласы қайтадан Адам мен Хауа сияқты кемелді болып, өмірдің рақатын көреді, бірақ бұл үшін біреудің “өкшесі шағылу” керек. Болашаққа қатысты нені елестетпесін, Әбіл Құдайдың уәдесіне сенген, сондықтан Ехоба оның құрбандығын қабыл алған (Мұсаның 1-жазбасы 4:3—5; Еврейлерге 11:4 оқы).

5. Неге болашақты елестеткені Енохты жігерлендірген?

5 Енох Құдайға қарсы “сұмдық сөздер” айтатын адамдардың арасында тұрғанмен, сенімнен таймаған. Ол киелі рухтың жетелеуімен: “Ехоба сансыз көп киелі періштесімен келді. Ол бәрін соттап, құдайсыздардың арсыздықпен істеген зұлым істерін және күнәкарлардың өзіне қарсы айтқан барлық сұмдық сөздерін әшкерелеу үшін келді”,— деп пайғамбарлық еткен (Яһд. 14, 15). Сенімі мықты болған Енох құдайдан безген адамдар болмайтын дүниені елестеткен шығар (Еврейлерге 11:5, 6 оқы).

6. Нұх топан судан кейін нені жадынан шығармаса керек?

6 Нұх сенімі болғандықтан топан су кезінде аман қалған (Евр. 11:7). Ал сол апаттан кейін сенімі оны құрбандық шалуға талпындырған (Мұс. 1-ж. 8:20). Иә, Әбіл сияқты ол да күндердің күнінде адамзаттың күнә мен өлімнің бұғауынан құтылатынына кәміл сенген. Топан судан кейін қайтадан зұлымдық етек алып, Нымрод Ехобаға қарсы шыққанда да, Нұх сенімі мен үмітінен айырылмаған (Мұс. 1-ж. 10:8—12). Адамзаттың өктемшіл биліктен, мұра еткен күнә мен өлімнен құтылатын кез туралы ойланғаны оның бойына жігер құйса керек. Сол кезді біз де сенім көзімен “көре” аламыз. Ол заман келіп те қалды! (Рим. 6:23).

ОЛАР УӘДЕЛЕРДІҢ ОРЫНДАЛҒАНЫН “КӨРДІ”

7. Ыбырайым, Ысқақ пен Жақып нені “көре” алған?

7 Құдай Ыбырайымға, Ысқақ пен Жақыпқа солардың ұрпағы арқылы жер бетіне батасын қондыратынын уәде еткен, сондықтан олар болашақты елестете алды (Мұс. 1-ж. 22:18; 26:4; 28:14). Олардың үрім-бұтағы көп болып, Уәде етілген жерде өсіп-өнбек еді (Мұс. 1-ж. 15:5—7). Құдайдан қорқатын сол кісілер ұрпақтарының сол жерде тұрып жатқанын сенім көзімен “көре” алған. Ехоба о бастан адал қызметшілерін Адам атаның кесірінен айырылып қалған баталарды мәңгіге жоғалтпағандарына сендірген.

8. Ыбырайымның сенімінің болаттай берік болуына не ықпал еткен?

8 Ыбырайым аса қиын жағдайларда Ехобаға мойынсұнған. Бұлай етуге оған Құдайдың уәделерін елестете алу қабілеті көмектессе керек. Киелі кітапта Ыбырайым мен басқа да адал кісілер көзі тірілерінде “Құдайдың уәде еткендеріне ие болмаса да”, “соларды алыстан көріп қуанғаны” айтылған (Еврейлерге 11:8—13 оқы). Ыбырайым Ехобаның ешқашан сөзінен таймайтынына сенімді болғаны соншалық — әлі орындалмаған жайттарды көріп тұрғандай болған!

9. Ыбырайым Құдайдың уәделеріне сенгенінің қандай пайдасын көрді?

9 Ыбырайымның Құдайдың уәделеріне деген сенімі оның еркін орындауға деген шешімін нығайтқан. Сенімінің арқасында ол Ур қаласын тастап шыққан, Қанахан елінің ешбір қаласына қоныс теппеген. Ур қаласы сияқты олардың да басшылары құдайдан безген адамдар болғандықтан, Ыбырайым бұл қалалардың іргесі берік емес екенін білген (Ешуа 24:2). Ұзақ ғұмыр кешкен ол өмір бойы “сәулетшісі де, құрылысшысы да Құдайдың өзі болған, іргетасы берік қаланған қаланы күтті” (Евр. 11:10). Ыбырайым өзінің мәңгі мызғымайтын Ехобаның елінде тұрып жатқанын елестетті. Әбіл, Енох, Нұх, Ыбырайым және басқалар өлгендердің қайта тірілетініне сенді, сондай-ақ “іргесі берік қаланған қалада”, Құдайдың өзі билік құратын жер бетінде, өмір сүретін уақытты күтті (Еврейлерге 11:15, 16 оқы).

10. Болашақты елестеткенінің Сара үшін пайдасы болды ма?

10 Ал Ыбырайымның әйелі Сара жөнінде не деуге болады? 90-ға келгенше бала сүймесе де, болашаққа деген оң көзқарасы оның сенімін сарқылтпады. Былайша айтқанда, ол өз ұрпақтарының Ехобаның батасына кенелгенін көрді (Евр. 11:11, 12). Бұл жай ғана қиял ма еді? Жоқ, Ехоба оның күйеуіне: “Мен оған батамды беріп, саған одан ұл сыйлаймын. Оны [Сараны] жарылқап, одан көп ұлт таратамын, сондай-ақ халықтардың патшаларын шығарамын”,— деп уәде еткен (Мұс. 1-ж. 17:16). Сондықтан Ысқақтың дүниеге келуі Сараға Құдайдың уәделерінің бәрі орындалатынын елестетуге берік негіз берді. Біз де Ехобаның уәделерінің орындалғанын елестете аламыз, сонда сеніміміз сарқылмайды.

ОЛ БАР НАЗАРЫН АЛАР СЫЙЫНА ТІКТІ

11, 12. Мұсаның бойында Ехобаға деген сүйіспеншілік қалай дамыған?

11 Ехобаға нық сенген тағы бір адам — Мұса. Оның Құдайға деген сүйіспеншілігі де мықты болған. Жас кезінде Мысыр патшасының үйінде өскен Мұсаның билік пен байлыққа құнығып кетуіне болар еді. Бірақ ол өз ата-анасынан Ехоба туралы және оның еврейлерді құлдықтан босатып, Уәде етілген жерді беретінін естісе керек (Мұс. 1-ж. 13:14, 15; Мұс. 2-ж. 2:5—10). Мұса Құдай халқына берілетін осы баталар жайлы жиі ойланған болса, оның бойын қандай сезім билеген: атаққұмарлық па, Ехобаға деген сүйіспеншілік пе?

12 Киелі жазбаларда былай делінген: “Сенімі болғандықтан Мұса ержеткенде перғауын қызының ұлы деп аталудан бас тартты. Ол күнәдан уақытша рақат алудан гөрі Құдай халқымен бірге жәбірленуді таңдады. Өйткені бар назарын алатын сыйына тіккендіктен, майланған ретінде қорлық көруді Мысырдың қазыналарынан артық байлыққа санады” (Евр. 11:24—26).

13. Құдайдың уәдесі туралы жиі ойланғанының Мұса үшін пайдасы болды ма?

13 Ехобаның исраилдіктерге берген уәдесі туралы ойлаған сайын, Мұсаның оған деген сенімі мен сүйіспеншілігі арта түскен. Құдайдың басқа да адал қызметшілері сияқты ол да Ехобаның адамзатты өлімнен азат ететін уақытын күтсе керек (Әйүп 14:14, 15; Евр. 11:17—19). Еврейлерге, сондай-ақ бүкіл адам баласына жаны ашитын Құдайды Мұсаның жақсы көргені таңғалдырмайды. Сенімі мен сүйіспеншілігінің арқасында ол өмір бойы Ехобаға адал қызмет етті (Мұс. 5-ж. 6:4, 5). Мысыр перғауыны жанын алмақ болғанда да, осы екі қасиет, сондай-ақ алар сыйына назар тігіп, оны елестеткені Мұсаға батылдық бергенге ұқсайды (Мұс. 2-ж. 10:28, 29).

ҚҰДАЙ ПАТШАЛЫҒЫ ОРНАҒАНЫН КӨЗ АЛДЫМЫЗҒА ЕЛЕСТЕТЕЙІК

14. Кейбіреулер болашаққа қатысты қандай ойда?

14 Бүгінде көп адам болашаққа қатысты орынсыз жайттарды ойлайды. Мысалы, кейбіреулер күндерін көре алмай жүрсе де, шіріген бай болуды, дүние қайғы-қасіретке толы болса да, қауіпсіз өмір сүруді армандайды (Зәб. 90:10). Киелі кітапта адамзаттың бар қиындығын шеше алатын тек Құдай Патшалығы екені айтылса да, олар адам баласы билеп отырған үкіметтің арқасында қайғы-мұңсыз ғұмыр кешетін кезді аңсайды (Дан. 2:44). Көпшілік Құдай мына дүниені жоймайды деп сенеді, бірақ Киелі кітапта, керісінше, міндетті түрде жоятыны айтылған (Соф. 1:18; Жох. 1-х. 2:15—17). Ехобаның еркіне қайшы келетін мұндай ойлар — бар болғаны қиял.

Жаңа дүниеде жүргеніңді көз алдыңа елестете аласың ба? (15-абзацты қара)

15. а) Болашақтағы жайттарды елестетудің мәсіхшілер үшін пайдасы бар ма? ә) Құдайдың қай уәдесінің орындалғанын асыға күтіп жүрсің?

15 Сөйтсе де біз болашағымызды, мейлі ол көкпен не жермен байланысты болсын, елестетуге шақырыламыз. Сен Құдайдың уәделері жүзеге асқан кезді көз алдыңа елестете аласың ба? Сол керемет кез туралы ойланғаныңның жүрегіңе қуаныш құяры даусыз. Мысалы, өзіңнің жаңа дүниеде жүргеніңді “көрдің” делік: сен өзгелермен бірге жер бетін жұмаққа айналдырып жүрсің. Айналадағылардың бәрі өзің сияқты, Ехобаны жақсы көреді. Денсаулығың мықты, күш-жігерің тасып тұр, еш уайым-қайғың жоқ. Жерді қалпына келтіру ісінде жетекшілік етіп жүргендер сенің қамыңды ойлайды, сондықтан көңіліңде кірбің жоқ. Қайта, бар дарының мен қабілетіңді аямай, әрбір ісіңді өзгелердің игілігі мен Құдайды даңқтауға арнаудасың. Мысалы, қайта тірілгендерді Ехобамен таныстырып жүрсің (Жох. 17:3; Ел. іс. 24:15). Осындай нәрселерді елестету — қиялдау емес. Санамызда пайда болатын мұндай көріністер болашаққа қатысты Жазбалардағы шындыққа негізделген (Ишая 11:9; 25:8; 33:24; 35:5—7; 65:22).

ҮМІТІМІЗ ЖАЙЛЫ ҮНСІЗ ҚАЛМАЙЫҚ

16, 17. Болашағымызды елестетудің біз үшін қандай пайдасы бар?

16 Жаңа дүниеде немен айналысқымыз келетінін бір-бірімізге айтқанда, болашаққа қатысты санамыздағы көріністердің бояуы қанықтана түседі. Ол кезде немен айналысатынымызды нақты білмесек те, өз арман-тілектерімізді айтқанымыз бір-бірімізді жігерлендіреді. Сондай-ақ Құдайдың уәделерінің орындалатына деген сенімімізді көрсетеміз. Елші Пауыл Римдегі бауырластарына барғанда, бір-бірін жігерлендіргенінде сөз жоқ. Қиындыққа толы қазіргі заманда біз де солай етеміз (Рим. 1:11, 12).

17 Болашағымызды көз алдымызға елестеткеніміз қазіргі қиындықтар туралы тым көп ойламауға да көмектеседі. Елші Петір Исадан: “Міне, біз бәрін тастап, соңыңыздан ердік. Бұл үшін не аламыз?”— деп сұрағанда, сол кездегі қиындықтары еңсесін басып жүрсе керек. Петір мен оның қасындағыларға болашақтарын елестетуге көмектесу үшін Иса былай деді: “Сендерге шындығын айтамын, бәрі жаңаратын уақытта, Адам Ұлы салтанатты тағына отырғанда, менің соңымнан ерген сендер 12 таққа отырып, Исраилдің 12 руын соттайтын боласыңдар. Менің есіміме бола үй-жайын, бауырларын, әпке-қарындастарын, әкесін не шешесін, бала-шағасын не танабын қалдырған әркім бұларды жүз есе артығымен алады және мәңгілік өмірді мұра етеді” (Мат. 19:27—29). Осы сөздер оларға жер бетіне билік жүргізетін үкіметте алатын орындары және оның адамзат үшін қандай игілік әкелетіні туралы ойлануға негіз берді.

18. Құдайдың уәделерінің орындалуы туралы ойланғанымыздың қандай пайдасы бар?

18 Ехобаның уәделері жайлы ойлағандары оның ертедегі қызметшілеріне әрқашан пайдасын тигізген. Мысалы, Әбілге болашағын көз алдына келтіріп, келешегінің жарқын болатынына сенуіне Құдайдың ниеті туралы азын-аулақ білгені жеткілікті болған. Ыбырайым уәде етілген ұрпақты көретініне кәміл сенгенінің арқасында, аса ауыр шақтарда Ехобаға мойынсұнған (Мұс. 1-ж. 3:15). Мұса “бар назарын алатын сыйына тіккендіктен” Ехобаға деген сенімі мен сүйіспеншілігін арттырған (Евр. 11:26). Ендеше, біз де Ехобаның уәделерін көз алдымызға елестетіп, оған деген сеніміміз бен сүйіспеншілігімізді нығайта берейік. Ал мұны қалай істеуге болатынының тиімді жолдары келесі мақалада қарастырылады.