Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

“Ехобаға құл іспетті қызмет етіңдер”

“Ехобаға құл іспетті қызмет етіңдер”

“Еріншек болмай, істеріңді ынта-жігермен атқарыңдар... Ехобаға құл іспетті қызмет етіңдер” (РИМ. 12:11).

1. Көп адам құлдыққа қатысты не ойлайды және Римдіктерге 12:11-дегі сөздердің бұдан қандай айырмашылығы бар?

КӨП АДАМ “құл” деген сөзді естігенде, қожайындарынан жазықсыз жапа шегіп, олардың айтқанына амалсыз көніп жүретін басыбайлы адамды елестетеді. Алайда Құдайдың құлы жайлы бұлай дей алмайсың. Киелі кітапта мәсіхшілердің сүйіспеншілігі мол Құдайға өз еріктерімен құл бола алатындары айтылған. Елші Пауыл бірінші ғасырдағы мәсіхшілерді “Ехобаға құл іспетті қызмет етуге” шақырғанда, қасиетті қызметті атқаруға оларды сүйіспеншілік талпындыру керектігін айтқан (Рим. 12:11). Сонда бұл қандай құлдық? Шайтан мен оның дүниесінің құлы болып кетуден қалай сақ бола аламыз? Ехобаға адалдықпен құл іспетті қызмет ету қандай баталар әкеледі?

“ҚОЖАЙЫНЫМДЫ СҮЙЕМІН”

2. а) Еврей ұлтынан шыққан құлды бостандыққа шығу мүмкіндігінен бас тартуға не талпындыратын? ә) Қожайынына әрі қарай да қызмет еткісі келетін құлдың құлағын тесудің қандай мәні бар еді?

2 Ехобаның құлы болу үшін не қажет екені оның исраилдіктерге берген Заңынан көрінеді. Заң бойынша, еврей ұлтынан шыққан құлдар қожайынына қызмет еткен жетінші жылы бостандыққа шыға алатын (Мыс. ш. 21:2). Алайда Ехоба қожайынын қатты жақсы көретін және оған әрі қарай да қызмет еткісі келетін құлдар үшін керемет шара қарастырған. Мұндайда қожайын құлды есікке не оның жақтауына апарып, құлағын бізбен тесу керек болатын (Мыс. ш. 21:5, 6). Құлдың құлағын тесудің белгілі бір мәні бар еді. Еврей тілінде мойынсұну ұғымы негізінен есту әрі тыңдаумен байланысты сөзбен берілетін. Аталмыш шара құлдың өз қожайынына әрі қарай да қызмет еткісі және оған мойынсұнғысы келетінін көрсететін. Бұл бізге Құдайға бағышталуға не жататынын түсінуге көмектеседі. Өмірімізді Құдайға бағыштағанда, біз оны сүйетінімізді әрі оған мойынсұнғымыз келетінін көрсетеміз.

3. Құдайға бағышталуға бізді не талпындырады?

 3 Шомылдыру рәсімінен өтпес бұрын, біз Ехобаға құл іспетті қызмет етуді шешіп, өмірімізді оған бағыштаған болатынбыз. Бізді бұған ешкім мәжбүрлеген жоқ. Мұндай қадам жасауға бізді Ехобаның еркін орындауға әрі оған мойынсұнуға деген қалауымыз талпындырды. Тіпті жас бауырластардың шомылдыру рәсімінен өтуіне жай ата-аналарының қалауы себеп болмайды. Олар осындай қадам жасамас бұрын, алдымен жеке шешімдері бойынша өмірлерін Ехобаға бағыштайды. Иә, мәсіхшілерге көктегі Қожайындары Ехобаға бағышталуға сүйіспеншілік қозғау салады. Елші Жохан: “Құдайды сүю дегеніміз — оның өсиеттерін орындау”,— деген (Жох. 1-х. 5:3).

ЕРКІН БОЛА ТҰРА, ҚҰЛМЫЗ

4. “Әділдіктің құлы болу” үшін не қажет?

4 Өзінің құлы болуға мүмкіндік бергені үшін Ехобаға қаншалықты ризамыз десеңші! Мәсіхтің төлем құрбандығына деген сеніміміз бізге күнәнің қамытынан босауға көмектесті. Осының арқасында біз кемелсіз болсақ та, Ехоба мен Исаны Қожайындарымыз ретінде өз еркімізбен таңдай алдық. Пауыл мұны рухтың жетелеуімен жазған хатында былай деп түсіндірді: “Өздеріңді күнә үшін өлі, ал Мәсіх Иса арқылы Құдай үшін тіріміз деп санаңдар... Сендер мынаны білесіңдер ғой: кімге құл сияқты мойынсұнсаңдар, соның құлысыңдар. Сондықтан сендер не өлімге душар ететін күнәнің, не әділдікке жеткізетін мойынсұнушылықтың құлысыңдар. Бірақ мен Құдайға ризашылық білдіремін, өйткені бұрын сендер күнәнің құлы едіңдер, ал енді өздеріңе сеніп тапсырылған ілімге шын жүректен мойынсұндыңдар. Иә, сендер күнәнің құлдығынан босатылып, әділдіктің құлы болдыңдар” (Рим. 6:11, 16—18). Пауыл мәсіхшілерді әділдіктің Құдайы Ехобаға “шын жүректен мойынсұнуға” шақырған. Осылайша адам өмірін Ехобаға бағыштағанда “әділдіктің құлы болады”.

5. Бәріміз іштей қандай күрес жүргіземіз және неліктен?

5 Алайда кейбір нәрселер бізге бағышталғанымызға сай өмір сүруге кедергі жасайды. Бізге екі нәрсемен күресуге тура келеді. Біріншісімен Пауылдың өзі де күрескен. Ол былай деген: “Іштей Құдай заңына қуанамын, алайда бойымда басқа бір заңның бар екенін байқаймын: ол ой-санамдағы заңға қарсы күресіп, мені күнә заңының тұтқыны етеді” (Рим. 7:22, 23). Кемелсіздікті мұра еткендіктен, біз тәндік қалауларымызбен әрдайым күресіп отырамыз. Елші Петір бізді мынаған шақырған: “Сендер еркін адамсыңдар, бірақ еркіндіктеріңді жаман істеріңді жасыру үшін емес, Құдайдың құлдары ретінде пайдаланыңдар” (Пет. 1-х. 2:16).

6, 7. Шайтан осы дүниені қалай қызықты етіп көрсетеді?

6 Екіншіден, біз Шайтанның билігіндегі осы дүниеге қарсы күресеміз. Шайтан бізді Ехоба мен Исаға деген адалдығымыздан тайдыру үшін кез келген қару-жарақты қолданады. Ол бізді түрлі жолдармен азғырып, өзінің құлы еткісі келеді (Ефестіктерге 6:11, 12 оқы). Мысалы, ол осы дүниені қызықты да тартымды етіп көрсетеді. Алайда елші Жохан мынаны ескертеді: “Кімде-кім осы дүниені сүйсе, оның Әкеге деген сүйіспеншілігі жоқ. Себебі осы дүниедегінің бәрі — тән құмарлығы, көздің қалауы және дүние-мүлікке мақтану — Әкеден емес, осы дүниеден бастау алған” (Жох. 1-х. 2:15, 16).

7 Шайтан адамдарды “ақшаң көп болса, бақытты боласың” дегенге сендіргісі келеді. Бүгінде дүниенің төрт бұрышында адамдардың бар ойлайтыны баю. Үлкен сауда орталықтары барған сайын көбейіп жатыр. Ал жарнамалар адамдарды бар өмірлерін дүние-мүлік жинаумен және көңіл көтерумен өткізуге талпындырады. Туристік фирмалар  түрлі экзотикалық жерлерге саяхаттауды ұсынады. Жиі олар саяхатқа осы дүниенің көзқарасымен өмір сүретін адамдармен бірге аттандырып жатады. Иә, айналадағының бәрі өмірімізді осы дүниенің көзқарасына сай “жақсартуға” үгіттейді.

8, 9. Біз үшін қандай үлкен қауіп бар және неге одан сақ болғанымыз маңызды?

8 Осы дүниелік көзқарасқа бой алдырған бірінші ғасырдағы мәсіхшілерге Петір мынаны ескерткен: “Олар күндіз шалқып өмір сүруді рақат санайды. Киімге түскен дақ, беттегі кір сияқты олар сендермен бірге тойлағанда, жалған ілімдерін таратудан шексіз ләззат алады. Себебі бос сөздермен көпіре мақтанады, теріс жолмен жүргендердің арасынан енді ғана құтылып шыққандарды тән құмарлықтарымен, арсыз әдеттерімен азғырады. Оларға еркіндікті уәде етіп жүргенімен, өздері азғындалудың құлы. Өйткені адам неден жеңілсе, соның құлы болар” (Пет. 2-х. 2:13, 18, 19).

9 “Көздің қалауын” қанағаттандыруды ойлайтын адам еркін бола алмайды. Қайта, ол осы дүниенің көзге көрінбейтін қожайыны Шайтан Ібілістің құлына айналады (Жох. 1-х. 5:19). Дүниеқұмарлықтың құлы болу өте қауіпті. Өйткені бұл құлдықтан оңайлықпен босана алмайсың.

ҚАНАҒАТ ӘКЕЛЕТІН ӨМІР ЖОЛЫ

10, 11. Бүгінде Шайтан әсіресе кімдерді нысанаға алады және осы дүние ұсынатын жоғарғы білім қандай қиындық тудыруы мүмкін?

10 Хауаның жағдайындағыдай, бүгінде Шайтан бірінші кезекте тәжірибесіз адамдарды тура жолдан тайдыруға тырысады. Ол әсіресе жастарды нысанаға алады. Жастардың да, басқалардың да Ехобаның құлы болуды өз еркімен шешуі Шайтанды еш қуантпайды. Құдайдың жауы Шайтан өмірлерін Ехобаға бағыштағандардың бәрін адалдықтарынан тайдырғысы келеді.

11 Мұса заңы бойынша құлағын тескізген құл уақытша қиналуы мүмкін еді. Бірақ көп ұзамай жарасы жазылып, құлағында қожайынына қызмет етуді шешкенінің өшпес белгісі қалатын. Сол сияқты жастарға да құрдастарынікінен өзгеше өмір жолын таңдау қиын болуы мүмкін. Шайтан адамдарды “табыс пен мансап нағыз қанағат әкеледі” дегенге сендіргісі келеді. Алайда мәсіхшілер рухани қажеттіліктерін қанағаттандырудың маңыздылығын ұмытпаулары керек. Иса: “Құдай жайлы білімге сусағандар бақытты”,— деп үйреткен (Мат. 5:3). Бағышталған мәсіхшілер Шайтанның емес, Құдайдың еркін орындау үшін өмір сүреді. Олар Ехобаның заңынан қуаныш табады  әрі ол жайлы күні-түні ойланады (Забур 1:1—3 оқы). Алайда бүгінде көптеген білім беру орындары Ехобаның қызметшілеріне ой жүгіртуге және рухани қажеттіліктерін қанағаттандыруға уақыт қалдырмайды.

12. Бүгінде көп жастар қандай таңдау алдында тұр?

12 Бірінші ғасырда Ехобаға қызмет етпейтін қожайындар мәсіхші болған құлдың өмірін қиындатуы мүмкін еді. Пауыл қорынттықтарға жазған хатында: “Шақырылғанда құл болсаң, мұны уайымдама. Ал еркіндік алудың мүмкіндігі туса, оны пайдалан”,— деген (Қор. 1-х. 7:21). Осылайша Пауыл мәсіхшілерді құлдықтан босанудың мүмкіндігін пайдалануға шақырған. Бүгінде көп елде барлық адам орта білім алуға міндетті. Ал орта білім алғаннан кейін, оқушыларға таңдау еркіндігі беріледі. Алайда мәсіхші осы дүниеде мансап қуу мақсатымен білім алуын жалғастырса, толық уақытты қызметті атқаруға деген еркіндігі шектелуі мүмкін (Қорынттықтарға 1-хат 7:23 оқы).

Қай қожайынға қызмет етесің?

ЖОҒАРҒЫ ЖӘНЕ ЕҢ ЖОҒАРҒЫ БІЛІМ

13. Ехобаның қызметшілеріне қандай білім көбірек пайда әкеледі?

13 Пауыл Қолостағы мәсіхшілерді сақтандыру үшін былай деген: “Байқаңдар, біреу сендерді адамдардың дәстүріне негізделген пәлсапасымен, бос әрі алдамшы ойларымен, Мәсіх туралы емес, осы дүниенің қағидаларына негізделген ілімдерімен торға түсіріп алмасын” (Қол. 2:8). “Адамдардың дәстүріне негізделген пәлсапа” мен “бос әрі алдамшы ойлар” бүгінде көптеген ұстаздардың осы дүниеге тән ой-пікірлерінен көрініс табады. Бүгінде жоғарғы оқу орындарында көбіне ғылыми, теориялық білім берілетіндіктен, оқуды бітірген түлектер жиі іс-тәжірибе жағынан осалдау болып, күнделікті өмірге дайын болмайды. Ал Ехобаның қызметшілері қандай да бір кәсіпті тәжірибе жүзінде меңгеруге көмектесетін білімді таңдауға тырысады. Бұл оларға қарапайым өмір сүріп, Құдайға қызмет ете беруге мүмкіндік береді. Олар Пауылдың Тімөтеге айтқан мына бір кеңесіне құлақ асады: “Қолда барға қанағат етсек, Құдайға шын берілгендік зор пайданың көзі болады. Ендеше ішер ас, киер киім және баспана болса, соны қанағат етейік” (Тім. 1-х. 6:6, 8). Шынайы мәсіхшілер атақ, лауазымдарға не жоғарғы оқу орындары беретін дипломдарға ие болудың орнына “кепілдеме хат” алуға тырысады, яғни қызметке барынша атсалысу арқылы адамдарға Исаның шәкірті болуға көмектеседі (Қорынттықтарға 2-хат 3:1—3 оқы).

14. Пауыл Құдай мен Мәсіхке құл іспетті қызмет ету мәртебесіне қалай қараған?

 14 Елші Пауылдың жағдайын қарастырайық. Ол яһуди заң мұғалімі Гамалиелдің өзінен тәлім алған. Пауылдың алған білімі бүгінгі университеттік білімнің дәрежесімен тең болған. Ол бұған қалай қарады? Пауыл үшін мұндай білім Құдай мен Мәсіхке құл іспетті қызмет ету мәртебесінің жанында түк те емес еді. “Ием Мәсіх Иса туралы аса құнды білім үшін мен бәрінен де бас тарттым”,— деп жазды ол. Сосын былай деп қосты: “Мәсіх үшін бәрінен айырылдым, әрі оларды түкке тұрғысыз қоқыс санаймын. Осылайша онымен тығыз қарым-қатынаста және бірлікте боламын” (Філіп. 3:8, 9). Мұндай көзқарас жас мәсіхшілерге және олардың Құдайды қастерлейтін ата-аналарына білім алуға қатысты ақылмен шешім қабылдауға көмектеседі (Суреттерді қара).

ЕҢ ЖОҒАРҒЫ БІЛІМНІҢ ПАЙДАСЫ

15, 16. Ехобаның ұйымы қандай білім береді және мұның мақсаты қандай?

15 Жоғарғы оқу орнына түскендер қандай ортада білім алады? Кейде білім ордалары саяси-әлеуметтік дау-дамай ошағына айналып кетеді емес пе? Студенттердің арасында азғындық жасау не шектен тыс ішімдік ішу сияқты істер де кең тараған (Ефес. 2:2). Ал Ехобаның ұйымында жағдай мүлдем басқа. Қауым кездесулерінде біз ең жоғарғы білімді тыныш жағдайда отырып аламыз. Бәріміздің апта сайын өтетін теократиялық қызмет мектебінен керемет тәлім алуға мүмкіндігіміз бар. Сондай-ақ ізашар салтбасты ер бауырластарға (Салтбасты ер бауырластарға арналған Киелі кітап мектебі) және ізашар ерлі-зайыптыларға (Мәсіхші ерлі-зайыптыларға арналған Киелі кітап мектебі) арналған мектептер де ұйымдастырылған. Сонда берілетін теократиялық білім көктегі Қожайынымыз Ехобаға мойынсұнуды үйренуге көмектеседі.

16 Бұған қоса, “Күзет мұнарасы басылымдарының көрсеткіші” мен компакт-дискідегі “Күзет мұнарасының кітапханасы” арқылы да рухани қазыналарды қазып алуға болады. Мұндай білімнің басты мақсаты — Ехобаға ғибадат етуге көмектесу. Сондай-ақ осы білімнің арқасында өзгелерге Құдаймен татуласуға қалай көмектесуге болатынын үйренеміз (Қор. 2-х. 5:20). Ал олар, өз кезегінде, басқаларға көмектесе алатын болады (Тім. 2-х. 2:2).

ҚҰЛДЫҢ АЛАТЫН СЫЙЫ

17. Ең жоғарғы білімді таңдағандар қандай сыйға ие болады?

17 Исаның таланттар жайлы астарлы әңгімесіндегі екі адал құл еңбектері үшін мақтауға ие болып, өздері де, қожайындары да зор қуанышқа бөленеді. Екеуіне әбден риза болған қожайын оларға көбірек жұмыс сеніп тапсырады (Матай 25:21, 23 оқы). Ең жоғарғы білімді таңдағанымыз бізге көп қуаныш пен сый әкелетіні шүбәсіз. Майклдың мысалына назар аударайық. Ол мектепте өте жақсы оқығандықтан, мұғалімдері оны университетке түсуге талпындырады. Алайда Майкл кәсіби білім беретін қысқа мерзімді курсты бітіруді шешеді. Соның арқасында оның өзін-өзі қамтамасыз етіп, жалпы ізашар болып қызмет етуге мүмкіндігі болады. Ол өзін бір нәрседен құр қалғандай сезінді ме? “Ізашар және ақсақал ретінде алып жатқан теократиялық біліміме құн жетпейді,— дейді ол.— Ие болып жатқан баталарым мен мәртебелі қызметімді ешқандай ақшамен өлшей алмайсың. Мен жоғарғы білімге ұмтылмағаныма қатты қуанамын”.

18. Ең жоғарғы білімді таңдауға сені не талпындырады?

18 Ең жоғарғы білім бізге Құдайдың еркін біліп, оған құл іспетті қызмет етуге көмектеседі. Сондай-ақ бізді “күнә мен өлімнің құлдығынан босатып”, ақырында “Құдай балаларының салтанатты бостандығына жеткізеді” (Рим. 8:21). Ал ең бастысы, көктегі Қожайынымыз Ехобаны қатты жақсы көретінімізді көрсетудің ең жақсы жолын үйретеді (Мыс. ш. 21:5).