Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Кім кінәлі?

Кім кінәлі?

Қайғы-қасірет Құдайдан болмаса, онда жаппай ашаршылық, тақыр кедейлік, қантөгіс соғыстар, емі жоқ аурулар мен табиғи апаттар не себепті орын алуда? Құдайдың сөзі Киелі кітапта мұның үш негізгі себебі айтылған.

  1. Өзімшілдік, ашкөздік, жеккөрушілік. “Адамның адамға билік етуі тек зиян келтіреді” (Уағыздаушы 8:9). Адамдар жиі басқалардың күнәкарлығының, өзімшілдігі мен қатыгездігінің құрбаны болып жатады.

  2. Қолайсыз уақыт пен күтпеген жағдайлар. Адамдар жиі “қолайсыз уақыт пен кездейсоқ жағдайлардың” кесірінен жапа шегеді (Уағыздаушы 9:11). Дәл сондай сәтке түсіп қалғандықтан олар қандай да бір апатқа ұшырайды, я болмаса мұқият болмайды не қателіктер жасайды.

  3. Дүниені билеп отырған Шайтан. Киелі кітапта адамзаттың қасірет шегуінің басты себебі анық жазылған. Онда: “Бүкіл дүние Шайтанның билігінде”,— делінген (Жоханның 1-хаты 5:19). Шайтан Ібіліс бастапқыда Құдайдың періштесі болған, бірақ кейін “шындықтан тайып кеткен” (Жохан 8:44). Оған басқа да періштелер қосылды. Олар қара бастарының қалауын қанағаттандыру үшін Құдайға қарсы шығып, жындарға айналды (Мұсаның 1-жазбасы 6:1—5). Құдайға қарсы шыққан уақыттан бері Шайтан мен жындар бүкіл жер бетіне қатыгездікпен ықпал етіп келеді. Олар әсіресе қазір солай етуде. Қатты ашуға мінген Шайтан “бүкіл жержүзін адастырып жүр”. Соның салдарынан адамдар қасірет шегуде (Аян 12:9, 12). Шайтан — қатыгез билеуші. Адамдардың қиналғанын көріп ол рақат алады. Демек, адамдардың басына түсіп жатқан қайғы-қасіретке Құдай емес, Шайтан кінәлі.

ОЙЛАНЫП КӨРІҢІЗ. Жазықсыз адамдарды қайғыға душар етуге тек тасжүрек, зұлым тұлғаның ғана дәті барады. Бірақ Киелі кітапта: “Құдай — сүйіспеншілік”,— делінген (Жоханның 1-хаты 4:8). Сүйіспеншілігі мол “Құдайдың зұлымдық жасауы, Құдірет Иесінің жамандыққа баруы мүмкін емес!” (Әйүп 34:10).

Бәлкім, сізде “Құдіретті Құдай Шайтанның жауыз билігіне қашанғы төзеді?” деген орынды сұрақ туындайтын шығар. Көргеніміздей, Құдай қатыгездікті жек көреді және біздің қиналғанымызды көріп жаны ауырады. Сондықтан Киелі кітап бізді: “Бар уайымдарыңды оған артыңдар, себебі ол қамдарыңды ойлайды”,— деп шақырады (Петірдің 1-хаты 5:7). Құдай бізді жақсы көреді. Оның бүкіл қасірет пен әділетсіздікті жоюға құдіреті де жетеді. Бұл жайлы келесі мақалада сөз қозғаймыз *.

^ 7-абзац Құдай қайғы-қасіретке неге жол беріп отырғаны жайлы көбірек білгіңіз келсе, Ехоба куәгерлері басып шығарған “Мәңгі бақи өмірдің рақатын көріңіз!” кітабының 26-сабағын қараңыз. Оны www.isa4310.com сайтынан тегін жүктеп алуға болады.