Мазмұнға өту

Құдай тіршіліктің сан алуан түрін жарату үшін эволюцияны қолданды ма?

Құдай тіршіліктің сан алуан түрін жарату үшін эволюцияны қолданды ма?

Киелі кітаптың жауабы

 Жоқ. Киелі кітапта Құдай адамдарды, сондай-ақ жануарлар мен өсімдіктерді түр-түрімен жаратқаны анық айтылған a (Мұсаның 1-жазбасы 1:12, 21, 25, 27; Аян 4:11). Киелі кітапқа сай, бүкіл адамзат түпкі ата-бабамыз Адам ата мен Хауа анадан тараған (Мұсаның 1-жазбасы 3:20; 4:1). Осы кітаптағы жаратылыс туралы мәлімет Құдай тіршіліктің сан алуан түрін эволюцияны қолданып жаратты деген теорияны қолдамайды (бұл теорияны кейде теистік эволюция деп атайды). Десе де Киелі кітапта айтылғандар бір түрдің ішінде әркелкі түрлер пайда болады деген ғылыми деректерге қайшы келмейді b.

 Қандай пікірлер бар?

 Құдай тіршілікті эволюцияны қолданып жаратты дегенге сенетіндердің пікірі әртүрлі. “Британ энциклопедиясына” сай, кейбір адамдар “Құдай табиғат әлемін табиғи сұрыпталу процесі арқылы басқарады” деп сенеді.

 Бұл ілім келесі идеяларды да қамтуы мүмкін:

  •   Тірі организмдердің бәрі баяғыда бір ататектен шыққан.

  •   Тіршіліктің бір түрінен мүлдем басқа бір түр пайда бола алады, мысалы, маймылдың адамға айналуы (бұл түсінікті кейде макроэволюция деп атайды).

  •   Эволюция процестерін, түптеп келгенде, Құдай басқарады.

 Эволюция Киелі кітапқа сай келе ме?

 Құдай тіршілікті жарату үшін эволюцияны қолданды деген ілім Киелі кітапта Мұсаның 1-жазбасында жазылған жаратылыс туралы мағлұмат дәл емес дегенге меңзейді. Алайда Иса бұл мәліметке тарихи дерек ретінде жүгінген (Мұсаның 1-жазбасы 1:26, 27; 2:18—24; Матай 19:4—6). Ал Иса, Киелі кітапта айтылғандай, жерге келмес бұрын көкте Құдаймен бірге өмір сүрген және оған бәрін жаратуға көмектескен (Жохан 1:3). Сондықтан Құдай түрлі тіршілік иелерін эволюцияны қолданып жаратты деген теория Киелі кітаптың ілімдеріне сай емес.

 Өсімдіктер мен жануарлардың қоршаған ортаға бейімделгіштігі эволюцияны растай ма?

 Киелі кітап бір түрдің ішінде қаншалықты өзгерістер болуы мүмкін екенін түсіндірмейді. Бірақ ол будандастырудың немесе жаңа ортаға бейімделудің нәтижесінде өсімдіктер мен жануарлардың жаңа түрлері пайда болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Кейбіреулер мұндай өзгерістерді эволюция деп есептегенмен, бұл олай емес, өйткені тіршіліктің жаңа түрі пайда болмайды.

a Ғалымдардың қолданатын “түр” деген терминімен салыстырғанда Киелі кітапта қолданылатын “түр” сөзінің мағынасы анағұрлым кең. Жиі ғалымдар тіршіліктің жаңа түрлері эволюция жолымен пайда болады деп айтып жатады. Бірақ бұл, шын мәнінде, бір түрдің ішіндегі түрлену ғана (мұнда “түр” деп Киелі кітаптағы мағынасы айтылып тұр).

b Бұл түсінік кейде микроэволюция деп аталады.