Мазмұнға өту

Киелі кітап өзгертіліп, бұрмаланған ба?

Киелі кітап өзгертіліп, бұрмаланған ба?

 Жоқ. Ежелгі қолжазбаларды салыстыра келе біз, мыңдаған жылдар бойы ұзаққа шыдамайтын материалдарға көшіріліп отырғанына қарамастан, Киелі кітаптың негізінен өзгертілмегенін білеміз.

Бұл көшірмелер жасалғанда бірде-бір қате кетпеген дегенді білдіре ме?

 Киелі кітаптың мыңдаған көне қолжазбалары табылған болатын. Олардың кейбірінде өзгешеліктер байқалды. Демек, көшірмелер жасалғанда қателер енген. Өзгешеліктердің басым көпшілігі болмашы ғана әрі бұл мәтіннің мағынасына еш әсер етпеген. Бірақ бірнеше үлкен айырмашылықтардың бары да анықталды. Олардың кейбірі Киелі кітап хабарын бұрмалау мақсатымен әдейі жасалған көрінеді. Осының екі мысалын көрейік.

  1.   Киелі кітаптың кейбір ескі аудармаларында Жоханның 1-хаты 5:7-де мынандай сөздер бар: “аспанда... Әке, Сөз және Қасиетті Рух, осы үшеуі біртұтас”. Алайда сенімді қолжазбалар бұл сөздердің түпнұсқа мәтінде болмағанын дәлелдейді. Олар кейін енген болатын a. Сол себептен Киелі кітаптың біздің күндеріміздегі беделді аудармаларында бұл сөздер алынып тасталған.

  2.   Киелі кітаптың көне қолжазбаларында Құдайдың есімі мыңдаған рет кездеседі. Бірақ Киелі кітаптың көптеген аудармаларында бұл есім “Ие” не “Құдай” деген сөздермен алмастырылған.

Киелі кітаптың көшірмелерінде бұдан басқа да қателер табылмайтынына неге сенімдіміз?

 Бүгінде өте көп қолжазбалар табылғандықтан, көшірмелерде қандай қателер кеткенін анықтау әлдеқайда оңай b. Осы қолжазбаларды салыстырудың арқасында бүгінде қолда бар Киелі кітаптың туралығы жайлы не деуге болады?

  •   Уильям Генри Грин деген зерттеуші-ғалым Еврей жазбаларының (жиі Көне өсиет деп аталады) мәтіні жайлы былай деді: “Көне кітаптардың арасында мазмұны осыншалықты тура сақталған еңбек жоқ десек артық кетпеспіз”.

  •   Киелі кітап зерттеуші-ғалым Фридерик Брюс болса Грек жазбалары не Жаңа өсиет туралы былай деп жазды: “Көне классикалық шығармалардың дәлдігіне ешкім ешқашан күмән келтірмеген, ал оларға қарағанда Жаңа өсиеттің туралығын дәлелдейтін айғақтар анағұрлым көп”.

  •   Киелі кітап қолжазбаларын зерттейтін Фредерик Кеньон есімді беделді бір кісі былай деген: “Киелі кітапты қолына алған адам оның шынымен де Құдай Сөзі екенін еш қорықпастан әрі күмәнданбастан айта алады”. Ол Киелі кітаптың ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа аса үлкен өзгеріссіз жеткенін айтты.

Киелі кітаптың бүгінгі күнге дейін тура жеткеніне тағы қандай дәлелдер бар?

  •   Яһуди және мәсіхші көшірмешілер Құдай халқының ауыр күнәлары жайлы еш бүкпесіз көшіріп жазған c (Мұсаның 4-жазбасы 20:12; Самуилдің 2-жазбасы 11:2—4; Ғалаттықтарға 2:11—14). Сондай-ақ яһуди халқының тілазарлық танытқанын айыптайтын және адам ойынан шыққан ілімдерді әшкерелейтін тармақтарды сақтап қалған (Ошия 4:2; Малахи 2:8, 9; Матай 23:8, 9; Жоханның 1-хаты 5:21). Жазбаларды бұрмаламай көшіруімен олар Құдайдың киелі Сөзін терең құрметтейтін адал жандар екендерін көрсетті.

  •   Құдай Киелі кітапты өз рухының жетелеуімен жаздырған болса, ол оның бізге тура жетуіне қам жасайтыны қисынды емес пе? d (Ишая 40:8; Петірдің 1-хаты 1:24, 25). Ол Киелі кітапты ежелде өмір сүрген адамдар үшін ғана емес, біздер үшін де жаздырған (Қорынттықтарға 1-хат 10:11). Киелі кітаптың өзінде былай делінген: “Бұрын жазылғандардың бәрі бізге тәлім болсын деп жазылған. Осылайша табандылығымыз арқылы және Жазбалардан алған жұбанышымыз арқылы үмітке ие бола аламыз” (Римдіктерге 15:4).

  •   Исаның өзі де, ізбасарлары да Еврей жазбаларының көшірмелерінен үзінділер келтіргенде, олардың тура екеніне еш күмәнданбаған (Лұқа 4:16—21; Елшілердің істері 17:1—3).

a Бұл сөздер мына қолжазбаларда кездеспейді: “Синай кодексі”, “Александрия кодексі”, “Ватикан кодексі”, “Латын Вульгатасының” түпнұсқасы, Филоксен мен Геракли сириялық аудармасы, “Сирия Пешиттасы”.

b Мысалы, Інжіл немесе Жаңа өсиет деп те аталған Грек жазбаларының 5000-нан астам грекше қолжазбалары табылған.

c Киелі кітапта Құдай қызметшілері мүлтіксіз деп еш жерде жазылмаған. Қайта, онда шындықты мойындап: “Күнә жасамайтын адам жоқ”,— делінген (Патшалар 1-жазба 8:46).

d Киелі кітапта Құдай пайғамбарларға не жазу қажеттігін әрқашан сөзбе-сөз айтпаса да, ой салып отырғаны айтылған (Тімөтеге 2-хат 3:16, 17; Петірдің 2-хаты 1:21).