Мазмұнға өту

Ехоба деген кім?

Ехоба деген кім?

Киелі кітаптың жауабы

 Киелі жазбаларда айтылғандай, Ехоба — бізді жаратқан жалғыз шынайы Құдай (Аян 4:11). Ыбырайым, Мұса және Иса пайғамбарлар Ехоба Құдайға құлшылық еткен (Мұсаның 1-жазбасы 24:27; Мұсаның 2-жазбасы 15:1, 2; Жохан 20:17). Ол тек бір ұлттың Құдайы емес, “бүкіл жер бетінің” Құдайы (Зәбүр 47:2).

 Киелі жазбаларға сай, “Ехоба” дегеніміз Құдайдың ең ұлы есімі (Мұсаның 2-жазбасы 3:15; Зәбүр 83:18). Еврей тілінде бұл есім “болу” деген етістіктен шыққан. Көп ғалымдардың ойынша, Ехоба деген есім “ол болғызады” дегенді білдіреді. Бұл анықтама Ехоба Құдайдың Жаратушы әрі өз ниетін жүзеге асырушы ретіндегі рөліне сай (Ишая 55:10, 11). Киелі жазбалардан Ехобаның есімін ғана емес, оның қандай Құдай екендігі және оның зор сүйіспеншілігі туралы біле аламыз (Мұсаның 2-жазбасы 34:5—7; Лұқа 6:35; Жоханның 1-хаты 4:8).

 Еврей тілінде Құдай есімі יהוה (ЕХБХ) деген төрт әріптен, яғни тетраграмматоннан тұрады. Бұл есім қазақ тілінде “Ехоба” деп айтылады. Құдай есімінің көне еврей тілінде қалай дыбысталғаны белгісіз.

Неге Құдай есімінің еврей тілінде нақты қалай дыбысталғаны белгісіз?

 Көне еврей жазуында тек дауыссыз әріптер қолданылған. Еврейше сөйлейтін адамдар қажетті дауысты дыбыстарды еш қиындықсыз өздері қойып оқи беретін. Алайда Еврей жазбалары (“Көне өсиет”) жазылып біткен соң яһудилердің арасында Құдай есімін дауыстап айтуға болмайды деген ырым пайда болды. Сондықтан Жазбаларды дауыстап оқығанда олар Құдай есімінің орнына “Жаратушы Ие”, “Құдай” деген сөздерді қолданатын болған. Бұл ырым ғасырлар бойы тарап, Құдай есімі ежелде қалай дыбысталғаны ақыры ұмыт болды a.

 Кейбіреулер Құдай есімі “Яхве” деп дыбысталу керек деп пайымдаса, өзгелері басқа ұсыныстар айтады. Өлі теңіз шиыршықтарындағы Мұсаның 2-жазбасының грек тіліндегі үзіндісінде Құдай есімі “Йао” деп берілген. Сондай-ақ ертедегі грек жазушыларының еңбектерінде “Йае”, “Йабе”, “Йауе” деген нұсқалары да кездеседі. Алайда бұлардың ешқайсысының Құдай есімінің көне еврей тіліндегі дыбысталуына сай келетінін дәлелдеу мүмкін емес b.

Киелі жазбалардағы Құдай есіміне қатысты жаңсақ пікірлер

 Жаңсақ пікір: “Ехоба” деген есімді Киелі кітапқа аудармашылардың өздері енгізген.

 Шындық: Құдай есімінің еврей тіліндегі баламасы Киелі жазбаларда 7000-ға жуық рет кездеседі. Аудармалардың көбісінде Құдай есімі алынып тасталып, оның орнына “Жаратқан Ие”, “Құдай” деген лауазымдар қолданылады.

 Жаңсақ пікір: Біреулер Құдіреті шексіз Құдай біреу болғандықтан, оған есімнің қажеті жоқ деп есептейді.

 Шындық: Құдайдың нұсқауымен оның есімі Киелі жазбаларда мыңдаған рет жазылған. Сондай-ақ ол қызметшілерін бұл есімді қолдануға шақырады (Ишая 42:8; Жоел 2:32; Малахи 3:16; Римдіктерге 10:13). Ехоба Құдай есімін ұмыттыруға тырысқан жалған пайғамбарларды айыптаған (Еремия 23:27).

 Жаңсақ пікір: Яһудилердің дәстүрі бойынша, Құдай есімін Киелі жазбалардан алып тастау керек.

 Шындық: Яһуди көшірмешілерінің кейбірі Құдай есімін аузына алмағаны рас, бірақ олар оны өз көшірмелерінен алып тастамаған. Қандай болған күнде де, Құдай адамдардың дәстүрлеріне бола өзінің заңын бұзғанымызды қаламайды (Матай 15:1—3).

 Жаңсақ пікір: Еврей тілінде нақты қалай дыбысталатыны белгісіз болғандықтан Құдай есімін Киелі жазбалардан алып тастау керек.

 Шындық: Бұл Құдай өз есімінің барлық тілде бірдей дыбысталуын талап етеді дегенмен пара-пар. Алайда Киелі жазбалардан көрінетіндей, тілдері әртүрлі болған Құдайдың ертедегі қызметшілері жалқы есімдерді әртүрлі атаған.

 Мысал үшін Исраил халқының биі Ешуаның есімін алайық. Бірінші ғасырдағы Құдай қызметшілерінің еврейше сөйлегендері Ешуаның есімін “Ехошуа”, ал грекше сөйлегендері “Иесус” деп айтқан. Киелі жазбаларда Ешуа деген еврей есімінің грекше баламасы жазылған. Демек, ертедегі Құдай қызметшілері есімдерді өз тілдеріне тән дыбысталу заңдылықтары бойынша айтқан (Елшілердің істері 7:45; Еврейлерге 4:8).

 Бұл ережені Құдай есімінің дыбысталуына қатысты да қолдануға болады. Ал ең бастысы — Құдай есімінің Киелі жазбалардағы өзіне тиесілі орындарында тұруы.

a Бір энциклопедияға сай, Бабыл тұтқындығынан оралғаннан кейінгі бір мезгілде яһудилер Яхве есімін ерекше қастерлей бастады да, оны Адонай немесе Элохим деген сөздермен ауыстыратын болды (“New Catholic Encyclopedia”, екінші басылымы, 14-том, 883, 884-беттер).

b Көбірек мәлімет алу үшін “Киелі жазбалар. Жаңа дүние аудармасынан” “Еврей жазбаларындағы Құдай есімі” деген А4 қосымшасын қараңыз.