Мазмұнға өту

ЖАСТАРДЫҢ САУАЛДАРЫ

Спорт туралы не білуім керек?

Спорт туралы не білуім керек?

Спорт адамға пайда әкелуі не зиян тигізуі мүмкін. Бұл не ойнайтыныңа, қалай ойнайтыныңа және қанша ойнайтыныңа байланысты.

 Қандай пайдасы бар?

Спорттық ойындар ойнау денсаулыққа пайдалы. Киелі кітапта денені жаттықтырудың пайдасы бар екені айтылады (Тімөтеге 1-хат 4:8). Райан есімді жігіт былай дейді: “Спорттың арқасында әрқашан белсенді болып жүре аласың. Бұл үйде отырып, бейнеойындар ойнағаннан әлдеқайда жақсы”.

Спорттық ойындар өзгелермен иық тіресе әрекет етуге және тәртіпке үйретеді. Киелі кітапта маңызды бір ойды түсіндіру үшін спорт түрі мысал ретінде қолданылған. Онда былай делінген: “Жарысқа түскен жүйріктердің бәрі жүгіргенмен, біреуі ғана жүлдеге ие болатынын білмейсіңдер ме?” Сосын: “Әрбір жарыскер барлық жағынан ұстамдылық танытады”,— делінген (Қорынттықтарға 1-хат 9:24, 25). Біз бұдан неге үйренеміз? Спорттық ойынның ережелері бойынша ойнау үшін тәртіпті ұстану және басқа ойыншылармен бір адамдай әрекет ету қажет. Абигейл есімді бойжеткен де солай ойлайды. Ол былай дейді: “Спортпен шұғылданғанның арқасында мен өзгелермен бірлесе әрекет етуді және жақсы пікір алысуды үйрендім”.

Спорт ойындары достар табуға көмектеседі. Әдетте спорттық ойындарды бірнеше адам бірге ойнайды. “Ойындардың барлығы дерлік бақталастықты талап етеді,— дейді Джордан деген жігіт.— Бірақ егер оны жай көңіл көтеру түрі деп қарастырсаң, ол адамдармен достасуға зор септігін тигізеді”.

 Қандай зияны бар?

Не ойнайсың? Жазбаларда былай делінген: “Ехоба әділді де, зұлымды да тексереді, Жауыздықты сүйетіндерді ол жек көреді” (Зәбүр 11:5).

Спорттың кейбір түрлері өте қатыгез. Лорен есімді бойжеткен былай дейді: “Боксшылардың мақсаты — қарсыласын ұрып-соғу. Ал біз мәсіхшілер болғандықтан төбелестен аулақ жүреміз ғой. Онда неге біз өзге адамдардың таяқ жеп жатқанын тамашалап отыруымыз керек?”

Ойланып көр: Қатыгез ойындарды ойнасам не оларды көрсем, қатыгез болып кетпеймін деп ақталып жүрген жоқсың ба? Егер солай болса, Зәбүр 11:5-те Ехобаның тек айналысатындарды емес, “жауыздықты сүйетіндерді” жек көретіні айтылғанын ұмытпа.

Қалай ойнайсың? Жазбаларда былай делінген: “Күншіл не атаққұмар болмай, қайта, кішіпейілділікпен басқаларды өздеріңнен жоғары қойыңдар” (Філіпіліктерге 2:3).

Екі қарсылас топ ойнайтын ойында қандай да бір шамада бақталастық болады. Алайда егер біз тек ұтуды көздесек, ойын еш қуаныш әкелмейді. “Адамның бақталастыққа салынып кетуі оп-оңай,— дейді Брайан есімді жасөспірім.— Ойынды неғұрлым жақсы ойнасаң, саған соғұрлым кішіпейіл болу қажет”.

Ойланып көр: Крис есімді жігіт былай дейді: “Біз апта сайын футбол ойнаймыз. Арасында жарақаттар алып жатамыз”. Ендеше, ойланып көрші: “Қалай ойнаған кезде ойыншылар көп жарақат алады? Жарақат алу қаупін қалай азайтуға болады?”

Қанша ойнаймын? Жазбаларда “ненің маңыздырақ екеніне көз жеткізіп алуымыз” керектігі айтылады (Філіпіліктерге 1:10).

Саған қандай істердің маңыздырақ екенін шешіп алу керек. Рухани істерді бірінші орынға қойғаның жөн. Ойындардың көбісін ойнауға не тамашалауға бірнеше сағат кетеді. Дария деген жас әйел былай дейді: “Анам екеуміз теледидардан ойындарды тамашалауға қанша уақыт жұмсайтыныма байланысты жиі сөзге келіп қалатынбыз, өйткені ол бұл уақытты пайдалы істерге жұмсауға болады деп ойлайтын”.

Спортқа тым көп көңіл бөлу тамаққа тым көп тұз салғанмен бірдей

Ойланып көр: Ата-анаң ненің маңыздырақ екеніне қатысты кеңес бергенде, айтқандарын тыңдайсың ба? Трина есімді бойжеткен былай дейді: “Біздер, балалар, маңызды міндеттерімізді ұмытып, спорт ойындарын көріп отырғанда, анамыз бұл ойыншыларды тамашаласақ та, тамашаламасақ та, олар өз жалақыларын алатынын айтатын. Сосын ол бізден: “Ал сендерге біреу жалақы төлеп отыр ма?”— деп сұрайтын. Оның айтқысы келгені: ойыншылардың жұмысы бар. Ал біз егер сабақты дұрыс оқымасақ және басқа да міндеттерімізді тиянақты атқаруды үйренбесек, болашақта күнімізді көре алмаймыз. Басқа сөзбен айтқанда, анамыз спорттық ойындарды көру не ойнау өмірімізде ең маңызды нәрсе болмау керектігін айтатын”.