Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Anton Petrus/Moment via Getty Images

“СЕРГЕК БОЛЫҢДАР!”

Дүниежүзілік соғыс басталып кетуі мүмкін бе? Киелі кітапта не делінген?

Дүниежүзілік соғыс басталып кетуі мүмкін бе? Киелі кітапта не делінген?

 Соңғы 30 жылда көп елдің арасындағы қарым-қатынас тұрақты, тіпті жақсарып жатқандай көрінетін. Бірақ жақын арада болған оқиғалар бұл пікірді жоққа шығаратындай.

  •    “Ливанның шекарасында Израиль мен “Хезболланың” арасында қақтығыс басталып кетті. Сондықтан адамдар Газа секторындағы соғыс басқа да елдерге әсер етеді деп қорқады” (“Reuters”, 6 қаңтар, 2024).

  •    “Иран басқарып отырған топтар түрлі жерлерге шабуыл жасап жатыр және Иран аяқ астынан қайтадан ядролық қару жасауға кірісіп кетті. Бұған қоса, Ресей мен Қытай қазір Иранмен ауыз жаласып отыр. Бұл батыс елдеріне жаңа қауіп төндіріп тұр” (“The New York Times”, 7 қаңтар, 2024).

  •    “Ресейдің шабуылы әлі де Украинаны күйретіп жатыр” (“UN News”, 11 қаңтар, 2024).

  •    “Қытайдың экономикасы мен әскери күшінің күшейіп жатқанын және Тайваньның дербестікке ұмтылып жатқанын ескерсек, онсыз да қарым-қатынастары ушығып тұрған Бейжің мен Вашингтонның арасында қақтығыс басталып кетуі мүмкін” (“The Japan Times”, 9 қаңтар, 2024).

 Қазір бәріміз де куә болып отырған дүниедегі тұрақсыздық жайлы Киелі кітапта не айтылған? Бұның арты дүниежүзілік соғысқа айнала ма?

Киелі кітапта қазіргі болып жатқан оқиғалар алдын ала айтылған

 Киелі кітапта қазір болып жатқан нақты бір соғыс туралы айтылмаған. Бірақ онда “жер бетінен тыныштықты” жойып жатқан және қазіргі заманды айрықшалайтын зұлмат соғыстар туралы айтылған (Аян 6:4).

 Киелі кітаптың Даниял пайғамбар жазған кітабында “ақырғы уақытта” өзара бәсекелес дүниежүзілік державалардың “текетіресетіні” алдын ала айтылған. Бұл үшін олар әскери қуаты мен “қазыналарын”, яғни экономикалық ресурстарын жұмылдыратын болады (Даниял 11:40, 42, 43).

Алда болатын соғыс

 Киелі кітап дүниедегі жағдай жақсармас бұрын, оның күннен-күнге нашарлайтынын айтады. Иса пайғамбар “дүние жаратылғаннан бері осы уақытқа дейін болмаған... зор алапат болатынын” алдын ала айтқан (Матай 24:21). “Зор алапат” болса, “Құдіреті шексіз Құдайдың ұлы күні болатын соғысқа”, яғни Армагеддон соғысына ұласатын болады (Аян 16:14, 16).

 Бірақ Армагеддон соғысы адамзатты жоймайды, керісінше, оны құтқарады. Осы соғыстың арқасында Құдай жер бетіндегі барлық жойқын соғыстарға себепші болып отырған адами үкіметтердің көзін құртады. Армагеддон соғысы қалайша жер бетінде мәңгі бейбітшілік пен тыныштық орнататынын білу үшін келесі мақалаларды оқып көріңіз: