Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Жапониядағы Бетел (сол жақта) мен Анголадағы ғимараттың (оң жақта) құрылыс істері үшін ерен еңбек қажет

САДАҚАЛАРЫҢЫЗ ҚАЙДА ЖҰМСАЛАДЫ?

Құрылыс ісі уағыз ісі үшін!

Құрылыс ісі уағыз ісі үшін!

20 ҚАЗАН, 2023

 Басқарушы кеңес түскен садақаларды даналықпен жаратып, дүниежүзілік уағыздау ісін алға жылжытуды қатты қалайды. Бұл үшін лайықты ғимараттар қажет. Мысалы, 2023 қызмет жылында ұйымымыз түрлі елдерде Патшалық және Конгресс сарайларына қажетті ғимаратты сатып алуға, оларды салуға, жөндеу мен күтіп ұстауға 500 миллионнан астам АҚШ долларын жұмсады. Бұл — жергілікті қауымдардың өз Патшалық сарайларын жақсы күйде ұстау үшін кеткен шығындарын қоспағандағы сома.

 Бұдан бөлек, түскен садақалар түрлі филиалдарды салуға және күтіп ұстауға жұмсалады. Ал бұл филиалдардың мақсаты жержүзі бойынша уағыз ісін ұйымдастыру мен қолдау болып табылады. Филиалда атқарылатын істерді қарапайым еткеніміздің арқасында қаржы үнемделіп, садақаларды Патшалық және Конгресс сарайларын салу мен қайта соғуға жұмсай аламыз. Десе де филиалдарды жөндеу, өзгерту және басқа жерге көшіру үшін әлі де қомақты қаражат керек. Бірақ бұлай етудің не қажеті бар? Филиалдар уағыз ісіне қалай көмектеседі? Келіңіз, білейік.

“Қайта соғу — ғимараттың өмірін қайта ұзарту”

 Көптеген филиалдар 30 не 40 жыл бұрын салынған. Дүниежүзілік жобалау және құрылыс бөлімінде қызмет ететін Николас бауырлас былай дейді: “Ғимараттарды қанша жерден жақсы күтіп ұстағанмен, жылдар өте олар тозады. Оларды қайта соғу ғимараттың өмірін қайта ұзартады деуге болады”.

 Сонымен қатар Бетел ғимараттары ұйымның қазіргі қажеттіліктеріне де сай келуі керек. Филиалдардың көбісі салынғаннан бері шартараптағы жариялаушылар саны едәуір өсті. Осы өсім бәсеңдемес үшін Бетелдерде көбірек еріктілер еңбек атқарып жатыр. Сондықтан кезінде кең болған филиалдар бүгінде тарлық етуде.

 Қауіпсіздік мәселесі де есепке алынды. Осы дүниенің соңы таяған сайын, өкінішке қарай, жойқын табиғи апаттар да көбеюде (Лұқа 21:11). Қайта соғу ісі кезінде озық құрылыс тәсілдері қолданылатындықтан, ғимараттарымыз әлдеқайда қауіпсіз бола түседі. Соның нәтижесінде оларды табиғи апаттан соң көмек көрсету орталығы ретінде пайдалануға болады. Сондай-ақ апаттан кейін осы жерлерден уағыз ісін әрі қарай басқаруға болады.

“Бұл шешім Ехобадан болды!”

 Басқарушы кеңестің рұқсат етуімен 2023 қызмет жылында 43 филиалда ауқымды құрылыс ісі жүрді. Бұл — дүниенің төрт бұрышындағы Бетел ғимараттарының жартысында дерлік құрылыс не жөндеу жұмыстары жүрді деген сөз. Бұл істің маңыздылығын көрсететін, мінеки, бірнеше мысал.

 Ангола. Ангола филиал комитетінің мүшесі Мэтт былай деп ой бөлісті: “Біздің көз алдымызда Хагей 2:7-дегі пайғамбарлық адам нанғысыз жолмен орындалып жатыр. Небәрі 10 жылдың ішінде еліміздегі жариялаушылар саны 60 пайызға артты! Осыған орай бізге үш есе көп бетелдік қажет болды. Бірақ филиалымызға сыймайтын болғандықтан осыншама адамды шақыра алмадық. Сондықтан көп бетелдіктің мойнына қосымша жүк артылып, жиі жұмыстан тыс істеулеріне тура келді”.

Кеңейтілген офис орны (оң жақта) бетелдіктердің жемісті еңбектенуіне ықпал етеді

 Бауырластарға осы мәселені шешудің қандай амалы бар екенін қарастыру тапсырылды. Алғашында оларға өзіміздің филиал ғимараттарымызды қайта соғу тез әрі тиімді болып көрінді. Бірақ шығындарды есептей келе, олар бұның түскен садақаларды жұмсаудың жақсы жолы емес екенін түсінді. Сөйтіп, олар жақын маңдағы бір ғимаратты сатып алып, жөндеуді ұсынды. “Филиал комитеті бұл ұсынысқа кішкене секеммен қарады. Олар бұл ғимарат бәрібір өзіміз соққандай болмайды деп уайымдады,— деді Мэтт.— Бірақ ақыр соңында ол ғимарат барлық талабымызға сай келді. Бұл шешім Ехобадан болды!”

Ангола филиалының аумағындағы өзгермелі шағын үйлер көбірек жұмысшыларды жайғастыруға мүмкіндік береді

 Анголадағы филиал алдағы уақытта әлі де кеңейе беретін шығар. Дегенмен осы сатып алынған ғимарат пен филиал аумағындағы өзгермелі шағын үйлер, сондай-ақ сырттағы жалдамалы пәтерлер еріктілерді жайғастыруға мүмкіндік берді. Осының арқасында елдегі қарыштап өсіп жатқан жариялаушылардың қамын жасау мүмкін болып отыр.

Ангола филиалындағы құрылысқа көптеген әйел бауырластар қатысуда

 Жапония. Жергілікті филиалдың негізгі ғимараттары шамамен 40 жыл бұрын соғылған, әрі олар ешқашан күрделі жөндеуден өтпеген. Бұл ғимараттарды күтіп ұстауға көп күш салынды, сондықтан олар күткеннен де ұзақ уақытқа жетті. Десе де ауқымды жөндеу жүргізетін кез келді.

 Оның үстіне, Бетел өмірі де өзгерді. 2015 жылға дейін таңғы, түскі және кешкі асты Бетел асүйі дайындайтын. Сондықтан бетелдіктердің бөлмелерінің көбісіндегі асүйдің “асүй” деген аты ғана болатын. Қазір болса бетелдіктер тамақты негізінен өздері әзірлейді. Жөндеу жұмыстарының бір мақсаты да бетелдіктерге ас дайындайтын жерді жасап беру еді. Жапония филиалында қызмет ететін Кумико былай дейді: “Асүй болғандықтан, өзімді тура бір үйімде жүргендей сезінемін. Қазір маған Бетелдің жаңа тәртібін ұстану әлдеқайда жеңіл”.

Жаңа асүйлердің (оң жақта) салынғаны бетелдіктерге ыңғайлы болды

 Жапониядағы филиал дүниежүзілік ісімізге орасан зор үлес қосады (Матай 28:19, 20). Толық Киелі кітапты басып шығаратын екі филиалымыз бар болса, соның бірі — осы Жапония филиалы. Міне, сондықтан құрылыс ісінің тағы бір мақсаты баспаханада жұмыс жасайтындардың денсаулығына залал келмеу үшін қиындылар мен шаңды жинайтын құрылғыны орнату болды. Бұл құрылғыны сатып алу мен орнатуға бір миллиондай АҚШ доллары жұмсалды. Есесіне, Жапония филиалы әрі қарай да рухани ас-суды басып шығарып, тасымалдай алады.

Баспаханадағы жұмысшылардың денсаулығы үшін қиындылар мен шаңды жинайтын құрылғы орнатылды

 Бірақ құрылыс кезінде Киелі кітапты басып шығару бір сәтке да тоқтаған жоқ. Жапон филиалының комитет мүшесі Трей былай дейді: “Баспаханада құрылыс жүріп жатқанда, Киелі кітап бұрынғыдан да көп тілге аударылып, Киелі кітапқа деген сұраныс одан сайын арта түсті. Әдебиетті басып шығару мен жаңа құрылғыны орнатуды жоспарлау үшін, Бетелдің көптеген бөлімдерімен және мердігерлермен тығыз қызметтесу керек болды”. Осындай қиындықтарға қарамастан, баспаханадағы құрылыс ісі дәл қызып тұрған шақта, 2023 жылдың наурыз — тамыз аралығында ай сайын 220 000-ға жуық Киелі кітап басылды. Бірақ бұл құрылысқа бөлінген қаржыға еш әсер еткен жоқ.

 Жапония филиалындағы қайта соғу жұмысы энергияны үнемдеуді де көздеді. Бұл үшін күн панельдері орнатылады, мұның нәтижесінде электр энергиясына жыл сайын кететін 120 000-дай АҚШ доллары үнемделеді. Сондай-ақ үш қабатты әйнегі бар терезелер қойылмақ. Осының арқасында жыл сайын шығын 10 000-дай долларға қысқарады. Күн панельдері мен жаңа терезелерді орнату құрылыс шығынын көбейткенімен, жалпы оларды тұтынатын кезді алсақ, 3,5 миллионнан астам доллар үнемдей аламыз. Бұл қоршаған ортаға тиетін залалды да азайтады.

Үш қабатты әйнегі бар терезелердің арқасында энергия жақсырақ сақталады

“Істейтініміз әлі көп”

 Құрылыс жобасы туралы осы екі мысалдан Бетел ғимараттары танаптың қажеттілігіне сай болу үшін қаншама тер төгу керектігі көрінеді. Осы орайда дүниежүзілік жобалау және құрылыс бөлімінде қызмет ететін Аарон бауырлас: “Біз көп нәрсе тындырдық, бірақ істейтініміз әлі де көп”,— деді. Бұл үшін нақты не керек екенін ол былай түсіндірді: “Жомарттықпен жасалған садақалардың ғимараттарды қаржыландыруда маңызы аса зор. Еріктілеріміздің көмектесуге ыстық ықыластары жайлы да осылай дейміз. Құрылыс жобаларына қатысқан және алда қатысуды жоспарлап жатқан еріктілердің бәріне мың алғыс! Бауырластардың еңбегі мен қаржылай көмегі — Ехоба бізге батасын беріп жатқанына айдай айғақ” (Зәбүр 110:3).

 Біздің құрылыс пен жөндеу жобаларымыз ерікті садақалардың есебінен жүзеге асуда. Бұл садақаның көп бөлігі donate.isa4310.com сайты арқылы келіп түседі. Сіздерге кең көңілдеріңіз үшін алғыстан басқа айтарымыз жоқ!