Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ДОМИНИКА РЕСПУБЛИКАСЫ

Азаттық және қайта салынған тыйым

Азаттық және қайта салынған тыйым

Аяқ астынан берілген азаттық

Мануэль Иерресуэло билік иелерінің тергеуі барысында өлтірілді

Леннарт пен Вирджиния Джонсондар және Рой мен Хуанита Брандттар тыйым салу кезіндегі қиын-қыстау жылдарға қарамастан, миссионерлік қызметтерін жалғастыра берді. Леннарт былай деп есіне алады: “Рой Брандт екеуміз тергеуге шақырылдық. Трухильо үкіметінің билік басындағылары бізге дейін Мануэль Иерресуэло бауырласымызды шақырған екен”. Ең өкініштісі, Мануэль бауырлас тергеу кезінде өлтірілді. Ол өмірінің соңына дейін адалдық сақтады. Ал Леннарт пен Рой екеуімен не болмақ еді? Леннарт былай деп жалғастырды: “Біз Рой екеуміз жеке-жеке тергелдік. Берген жауаптарымыз таспаға жазылып жатқанында күмән жоқ еді. Тергеуден кейін екі ай өткен соң газет беттерінде Трухильо үкіметінің Ехоба куәгерлеріне салынған тыйымды алып тастағаны туралы және іс-шараларымызды қайта атқара алатынымыз жайлы мақала жарық көрді”.

1950 жылы тыйым салынғанға дейін Доминика Республикасында 261 жариялаушы болды. Ал 1956 жылдың тамызында, яғни Куәгерлерге салынған тыйым алынып тасталған кезде, ізгі хабарды жариялаушылардың саны 522-ге жетті. Алты жыл бойы түрмеден, тұтқындалу мен бақылаудан көз ашпаған бауырластардың азаттық алғанда қалай қуанғандары айтпаса да түсінікті!

Оқиғалар аяқ астынан осылай өзгергенде, Ехобаның халқы бірден уағыз ісін ұйымдастыруды қолға алды және қауым кездесулерін өткізетін жерлер іздеп, учаскелер картасы мен қауым құжаттарын жаңадан жасады. Бауырластар тапсырыс бойынша әдебиеттер ала алатындары үшін өте риза болды. Олар еркін уағыздай алатындарына қуанып, құлшына жариялауға кірісіп кетті. Нәтижесінде, үш айдың ішінде, 1956 жылдың қараша айында, жариялаушылардың саны 612-ге жетті.

Қарсыласқан дінбасылар жүргізген науқан

Толедано өз хатында әдебиеттерімізді елге кіргізуге тыйым салу керектігін атап өтті

Католик дінбасылары Ехоба куәгерлерінің атына күйе жағу үшін бірден жоспар құра бастады. Трухильоның Ватикан елімен жасаған келісім шартын алға тартып, шіркеудегі дінбасылар Ехоба куәгерлерінің көзін құрту үшін билік басындағыларға ықпал етуге тырысты. Католик шіркеуінің дінбасы Оскар Роблес Толедано Ішкі істер министрі Вирхилио Альварес Пиньеге хат жазып, Ехоба куәгерлері сектасы доминикалықтарға үлкен қауіп төндіріп тұрғанын ескерту үшін мемлекет тарапынан қолдау күтетінін айтты.

Толедано өзінің негізгі мақсаты халықты өз ұйымдарына тартуға тырысып жатқан Ехоба куәгерлерінің ісін доғарту екенін айтты. Ол өз хатында әдебиеттерімізді, әсіресе “Шындық сендерді азат етеді” кітабы мен “Күзет мұнарасы” журналын, елге кіргізуге тыйым салу керектігін де атап өтті.

Қайтадан тыйым салынды

Дінбасылар мен олардың Трухильо үкіметіндегі жақтастары бірігіп, Куәгерлерге қарсы шықты. Доминика Республикасының партия президенті Франсиско Пратс-Рамирес 1957 жылдың маусымында Трухильоға хат жазып: “Мен Ехоба куәгерлерінің патриоттыққа қарсы жүргізетін қауіпті үгіт-насихаттарын біржола тоқтату үшін бірқатар кездесулер өткізбекпін”,— деген.

“Трухильо — Кариб аралдарының кішкентай патшасы” деген кітапта сол жалақорлыққа толы науқанның қатты соққы болғаны жайлы айтылады. Онда былай делінген: “1957 жылдың жаз айларында Доминика елінің баспа беттерінде үкімет басшыларының Ехоба куәгерлеріне бүлікке бастаушылар әрі қауіпті іспен айналысады деп таққан айыптары тізіліп жазылды. Бұған қоса, иезуит шіркеуінің дінбасы Мариано Васкес Санс “Ла Вос Доминикана” (Доминика даусы) деген Трухильоның жеке радиожелісі арқылы Ехоба куәгерлерін секта әрі коммунизмнің қызметшілері деп айыптады. Ал олардың қолдаушыларына бұзылған, қу, қылмыскер және сатқын жаулар деп жала жапты. Содан кейін архиепископтар Рикардо Питтини мен Октавио Антонио Берас барлық дінбасыларға хат жазып, шіркеуге келушілерді осы сорақы күпірліктен қорғауды тапсырды”.

Шіркеу мен үкімет бірігіп, өз дегендеріне жетті. Сол жылдың шілде айында Доминика Республикасының конгресі Ехоба куәгерлерінің ісіне тыйым салу жайлы заң шығарды. Бауырластар соққыға жығылып, полиция тарапынан жапа шекті. Жалпы алғанда, 150 шақты бауырласымыз тұтқындалды.