Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

5-ТАРАУ

Құдайдың керемет қасиеттері

Құдайдың керемет қасиеттері

КИЕЛІ ЖАЗБАЛАРДАН Құдайдың көптеген тамаша қасиеттері жайлы біле аламыз. Солардың ішінде құдірет, әділдік, даналық пен сүйіспеншілік оның басты төрт қасиеті болып табылады. Енді осылардың әрқайсысына жеке тоқталып өтейік.

Құдіреті шексіз Құдай

Құдайдың құдіреті зор

Ехоба Құдай Ыбырайым пайғамбарға: “Мен Құдіреті шексіз Құдаймын”,— деген (Мұсаның 1-жазбасы 17:1). Оның құдіреті теңдессіз әрі еш сарқылмайды. Ол осы құдіретімен бүкіл әлемді жаратты.

Құдай ешқашан құдіретін бұрыс қолданбайды. Оны әрдайым игере біледі және орнымен қолданады. Сондай-ақ құдіретін көрсеткенде, әділдігін, даналығы мен сүйіспеншілігін де қоса танытады.

Ехоба өзінің адал қызметшілеріне молынан күш береді. Бұл туралы Жазбаларда былай делінген: “Ехоба өзіне бар жүрегімен берілгендерді қолдау үшін, бүкіл жер бетін мұқият бақылап отыр” (Шежірелер 2-жазба 16:9). Осындай құдіреті зор, сөйтсе де қамқор Құдайға жақындағыңыз келе ме?

Әділдіктің Құдайы

Ехоба Құдай “әділдікті сүйеді” (Зәбүр 37:28). Ол өзінің мінсіз талаптарына сай, әрқашан тура да әділ әрекет етеді.

Құдай ешкімді алаламайды

Құдай әділетсіздікті жек көреді. “Ол ешкімді алаламайды, пара да алмайды” (Мұсаның 5-жазбасы 10:17). Басқаларға жәбір көрсететіндерді оның жаны жаратпайды, ал “жесірлер мен жетімдер” сияқты қорғансыздарға пана болады (Мұсаның 2-жазбасы 22:22). Құдай адамның бет-жүзіне қарамайды. Жазбалардан былай деп оқимыз: “Құдай ешкімді алаламайды... Ол өзінен қорқатын және әділ әрекет ететін әрбір адамды, қай ұлттан шықса да, қабыл алады” (Елшілердің істері 10:34, 35).

Ехоба Құдай әділдігін байсалдылықпен танытады: ол тым жұмсақ не тым қатал емес. Күнәсіна еш өкінбейтіндерді жазалайды, ал өкінетіндерге зор мейірімін көрсетеді. “Ехоба мейірімді де жанашыр, Ашулануға асықпайды, айнымас сүйіспеншілігі мол. Ол қателікті жіпке тізбейді, Мәңгі ашулана да бермейді. Бізді күнәларымызға қарап жазаламайды, Есемізді де заңсыздығымызға сай қайтармайды” (Зәбүр 103:8—10). Құдай өз қызметшілерінің адал істерін ұмытпайды әрі сол үшін батасын береді. Осындай әділ Құдай сенім артуға тұрарлық емес пе?!

Дана Құдай

Киелі жазбалар да Құдайдың даналығын паш етеді

Ехоба Құдай — даналықтың қайнар көзі. Киелі жазбаларда: “О, неткен зор Құдайдың баталары! Неткен мол даналығы мен білімі!”— деп орынды айтылған (Римдіктерге 11:33). Оның даналығы шексіз әрі теңдесі жоқ.

Құдайдың даналығын оның жаратқандарынан көруге болады. Зәбүр кітабында былай делінген: “Уа, Ехоба, істерің неткен көп десеңші! Сен олардың бәрін даналықпен жасадың” (Зәбүр 104:24).

Киелі жазбалар да Құдай даналығын паш етеді. Дәуіт патша: “Ехобаның ескертулері сенімді, тәжірибесізді дана қылады”,— деп жазған (Зәбүр 19:7). Ойлап көріңізші, сіз Құдайдың шексіз даналығынан сусындай аласыз! Осы мүмкіндікті пайдаланғыңыз келе ме?

“Құдай — сүйіспеншілік”

Ехоба Құдайдың негізгі қасиеті — сүйіспеншілік. Жазбаларда: “Құдай — сүйіспеншілік”,— делінген (Жоханның 1-хаты 4:8). Ол не істесе де, сүйіспеншілікті арқау етеді.

Құдай бізге сүйіспеншілігін түрлі жолмен көрсетеді. Ол бізге бар жақсыны береді. Оның Сөзінде былай делінген: “Игі істерімен өзі жайлы куәлік беруін тоқтатпады: аспаннан жауын жаудырып, мезгілімен мол өнім берді және көл-көсір ас-су сыйлап, жүректеріңді қуанышқа толтырып келді” (Елшілердің істері 14:17). Расында да, “игі де кемелді сыйдың бәрі көктен, аспан шырақтарын жаратқан Әкеден келеді” (Жақып 1:17). Аса құнды сый болып табылатын Жазбалар арқылы Құдай өзі жайлы шындықты ашады, сондай-ақ сүйіспеншілікке толы заңдары мен талаптарын үйретеді. Иса пайғамбар Құдайға сиынғанда: “Сенің сөзің — шындық”,— деп айтқан (Жохан 17:17).

Құдайдың жаратқандарынан оның даналығы көрінеді

Құдай біз қиындық көргенде де, қол ұшын береді. Зәбүр кітабында “Бар ауыртпалығыңды Ехобаға арт, Ол сені демейді. Әділ жанның құлауына ол ешқашан жол бермейді” деген сөздер бар (Зәбүр 55:22). Сонымен қатар Құдай күнәларымызды кешіреді. Бұл жайында: “Уа, Ехоба, сен ізгі әрі кешіруге дайынсың, Өзіңе арқа сүйейтіндердің ешқайсысынан айнымас сүйіспеншілігіңді аямайсың”,— деп оқимыз (Зәбүр 86:5). Ол тіпті бізге мәңгілік өмір сыйламақ. Оның Сөзінде: “Құдай олардың көзіндегі әрбір жасты сүртіп тастайды, енді қайтып өлім, жоқтау, зар еңіреу мен ауру болмайды”,— делінген (Аян 21:4). Құдайдың сүйіспеншілігі сізге қалай әсер етеді? Сіздің де оған сүйіспеншілік көрсеткіңіз келе ме?

Құдайға жақындаңыз

Құдайға жақындау үшін оған сиыну және оның қасиеттері туралы ой жүгірту маңызды

Құдай өзін жақсырақ білгеніңізді қалайды. Оның Сөзінде “Құдайға жақындаңдар, сонда ол да сендерге жақындайды” деген шақыру бар (Жақып 4:8). Құдай Ыбырайым пайғамбарды өзінің “досы” деп атаған (Ишая 41:8). Ол сізбен де дос болуды қалайды.

Құдай жайлы неғұрлым көп білсеңіз, оған соғұрлым жақындай түсесіз әрі бақытты боласыз. Киелі жазбаларда бақытты адамды былай деп сипаттайды: “Ол Ехобаның заңынан қуаныш табады, Оның заңын күні-түні күбірлеп оқиды” (Зәбүр 1:1, 2). Сондықтан Жазбаларды оқып-білуді жалғастыра беріңіз. Құдайдың қасиеттері мен жаратқандары туралы ой жүгіртіңіз. Білгендеріңізді өмірде қолдану арқылы Құдайға деген сүйіспеншілігіңізді көрсетіңіз. Оның Сөзінде: “Құдайды сүю дегеніміз — оның өсиеттерін орындау. Ал оларды орындау қиын емес”,— деп айтылған (Жоханның 1-хаты 5:3). Сондай-ақ Зәбүр кітабының жыршысы сияқты: “Маған жолдарыңды көрсетші, уа, Ехоба, Жолдарыңмен жүруді үйретші. Шындығыңда жүруге көмектесші”,— деп Құдайға сиынып, дұға етсеңіз болады (Зәбүр 25:4, 5). Сонда Құдайдың “әрқайсымыздан алыс емес” екеніне көзіңіз жетеді (Елшілердің істері 17:27).