Елшілердің істері 13:1—52

  • Барнаба мен Саулды уағыз сапарына аттандыру (1—3)

  • Кипр аралындағы қызмет (4—12)

  • Пауылдың Писидиядағы Антиохияда сөз сөйлеуі (13—41)

  • Халықтарға бет бұру жайлы пайғамбарлық нұсқау (42—52)

13  Антиохиядағы жергілікті қауымда пайғамбарлар мен ұстаздар бар еді+. Бұлар: Барнаба, Нигер деп те аталған Шимеон, күренелік Лүси, аймақ әкімі Иродпен бірге білім алған Манаин және Саул.  Олар Ехобаға қызмет етіп, ораза тұтып жүрген кездерінде, киелі рух: “Мен тапсырған істі атқару үшін+ Барнаба мен Саулды бөлек шығарып беріңдер+”,— деді.  Сонда олар тағы да ораза тұтып, дұға еткеннен кейін, екеуінің үстіне қолдарын қойып, жолға аттандырды.  Киелі рухтың әмірімен жіберілген екі елші Селеукияға қарай түсіп, сол жерден Кипр аралына жүзіп кетті.  Содан Саламис қаласына келіп, яһудилердің мәжілісханаларында Құдай сөзін уағыздай бастады. Жохан оларға еріп, көмектесіп жүрді+.  Олар бүкіл аралды кезіп, Пафосқа жеткенде, сиқыршы әрі жалған пайғамбар болған Барешуа есімді яһудиді кезіктірді.  Ол Серги Пауыл есімді аймақ әміршісіне* қызмет ететін. Серги Пауыл ақылды кісі еді. Ол Құдай сөзін естуді шын жүректен қалап, Барнаба мен Саулды шақыртып алды.  Алайда әлгі сиқыршы Елима (“Елима” сиқыршы деп аударылады) оларға кедергі жасап, әміршіні сенімінен тайдырмақ болды.  Сонда Пауыл деп те аталатын Саул киелі рухқа кенеліп, оған қадала қарады да, 10  былай деді: “Ей, іші арамдық пен зұлымдыққа толы адам! Шайтанның баласы+, әділдік атаулының жауы, Ехобаның тура жолдарын бұрмалауды қашан қоясың? 11  Енді, міне, Ехобаның қолы саған қарсы көтерілді! Сондықтан соқыр болып, біраз уақыт күн нұрын көрмей қаласың”. Сол мезетте-ақ оның көзі тұманданып, қарауытып кетті де, қолынан жетелейтін адам іздеп, сипаланды да қалды. 12  Осы оқиғаға куә болған әмірші Ехоба туралы білгендеріне қатты таңғалып, Исаның ізбасары болды. 13  Пауыл мен оның серіктері Пафостан кемеге отырып, Памфилиядағы Перге қаласына барды. Бірақ Жохан+ оларды тастап, Иерусалимге оралды+. 14  Екі елші болса Пергеден кетіп, Писидия өлкесіндегі Антиохияға келді. Демалыс күні* олар мәжілісханаға+ келіп отырды. 15  Көпшіліктің алдында Мұса Заңы+ мен пайғамбарлар жазбалары оқылғаннан кейін, мәжілісхана жетекшілері Барнаба мен Пауылға: “Бауырластар, халыққа жігер беретін сөздерің болса, айтыңдар”,— деді. 16  Сонда Пауыл орнынан тұрып, қолымен белгі берді де, былай деді: “Исраилдіктер және Құдайды қастерлейтін басқа да адамдар, сөзіме құлақ түріңіздер. 17  Исраил халқының Құдайы ата-бабаларымызды таңдап алды. Ол Мысырда жатжерлік ретінде тұрып жатқан бұл халықты жоғарылатты, әрі сол жерден өзінің құдіретті қолымен алып шықты+. 18  Содан 40 жылдай шөл далада жүрген кездерінде оларға төзді+. 19  Ол Қанахан жеріндегі жеті халықты жойғаннан кейін, сол жерді исраилдіктерге мұралыққа берді+. 20  Бұл шамамен 450 жылға созылды. Сосын Самуил пайғамбар келгенге дейін, оларға билер тағайындап отырды+. 21  Бірақ кейіннен олар өздеріне патша беруді талап етті+, сонда Құдай бениямин руынан шыққан Қиштың ұлы Саулды патша етіп тағайындады+. Ол 40 жыл бойы билік құрды. 22  Құдай оны тақтан түсіргеннен кейін, Дәуітті патша етіп қойды+. Ол жайлы Құдай: —Мен көңілімнен шығатын адамды+, Есей+ ұлы Дәуітті, таптым. Ол менің бар қалауымды орындайтын болады,— деп куәлік берген еді. 23  Құдай өз уәдесіне сай, Исраилге осы адамның ұрпағынан құтқарушыны, Исаны, шығарды+. 24  Ол келмес бұрын, Жақия бүкіл Исраил халқына өкінудің белгісі ретінде шомылдыру рәсімінен өтуді жариялап жүрді+. 25  Қызметін аяқтап қалған Жақия: —Мені кім деп ойлайсыңдар? Мен ол емеспін. Бірақ артымнан біреу келе жатыр. Мен оның сандалын шешуге де татымаймын+,— деп айтатын. 26  Ағайындар, Ыбырайымның ұрпақтары және араларыңыздағы Құдайды қастерлейтіндер, құтқарылу жайлы осы хабар бізге жіберілді+. 27  Иерусалим тұрғындары мен билеушілері оны танымады. Бұл кісіге үкім шығаруымен олар әр Демалыс күні ел алдында оқылатын пайғамбарлардың сөздерін жүзеге асырды+. 28  Олар өлім жазасына кесуге еш себеп таппаса да+, Пилаттан оны өлтіруді талап етті+. 29  Олар осы адам туралы жазылғандардың барлығын орындағаннан кейін, оны бөренеден түсіріп, қабірге қойды+. 30  Алайда Құдай оны қайта тірілтті+. 31  Ол өзімен бірге Ғалилеядан Иерусалимге барғандарға көп күн бойы көрініп жүрді. Бұлар қазір ол жайында куәлік етуде+. 32  Осылайша біз ата-бабаларымызға берілген уәде туралы ізгі хабарды жариялап жатырмыз. 33  Құдай Исаны қайта тірілтіп+, бұл уәдені олардың ұрпақтары болып табылатын біздер үшін толығымен орындады. Осы жайында Зәбүрдің екінші жырында: —Сен менің ұлымсың. Бүгін мен саған әке болдым+,— делінген. 34  Құдай оны қайта тірілткенін және тәні ешқашан шірімейтінін алдын ала: —Дәуітке уәде еткен айнымас сүйіспеншілігімді сендерге де танытамын, бұл уәдем берік,— деп білдірді+. 35  Сондай-ақ Зәбүрдің басқа бір жырында: —Адал қызметшіңнің тәнін шірітпейсің,— деген еді+. 36  Дәуіт өз заманында Құдайдың еркін орындағаннан кейін, өлім ұйқысына кетті. Ол ата-бабаларының жанына қойылып, тәні шіріп кетті+. 37  Ал Құдай тірілткен қызметшінің тәні шірімеді+. 38  Сондықтан, бауырластар, мынаны біліңіздер: Құдай күнәларыңызды осы кісінің өлімі арқылы кешіреді+. 39  Мұса Заңы сіздерді ақтамады+, алайда сенім білдірген әрбір адам Исаның өлімі арқылы ақталады+. 40  Сондықтан пайғамбарлар жазбаларында айтылған мына сөздер бастарыңызға түспес үшін сақ болыңыздар: 41  —Жек көретіндер, қараңдар, таңғалыңдар да, жоқ болыңдар, өйткені мен сендердің күндеріңде бір іс атқарудамын. Бұл жайлы тіпті біреу егжей-тегжейлі айтып берсе де, сенбейсіңдер+”. 42  Пауыл мен Барнаба мәжілісханадан шығып бара жатқанда, адамдар осылар жайлы келесі Демалыс күні де айтып берулерін өтінді. 43  Мәжілісханадағы жиналыс тарқағаннан кейін, көптеген яһудилер мен яһуди дінін қабылдағандар Пауыл мен Барнабаның соңынан ерді. Екеуі олармен сөйлесіп, Құдайдың рақымынан айырылмауға шақырды+. 44  Келесі Демалыс күні қала халқының басым көпшілігі Ехобаның сөзін естуге жиналды. 45  Қалың жұртты көргенде, кейбір яһудилердің қызғаныштан іштері күйді. Олар зұлым пиғылмен Пауылдың айтқандарына қарсы сөйлей бастады+. 46  Сонда Пауыл мен Барнаба батылдықпен былай деді: “Құдай сөзі алдымен сіздерге айтылу керек еді+. Бірақ сіздер одан бас тартып, өздеріңізді мәңгілік өмірге лайық санамадыңыздар, сондықтан біз басқа ұлттарға бет бұрамыз+. 47  Өйткені Ехоба бізге: —Сендерді халықтарға нұр еттім, сондықтан құтқарылу жолын жердің қиыр шетіне дейін жариялаңдар,— деп бұйырды+”. 48  Басқа ұлт өкілдері осыны естігенде қуанып, Ехобаның сөзін мадақтай бастады және мәңгі өмірге ыңғай танытқандардың барлығы Исаның ізбасары болды. 49  Ехобаның сөзі бүкіл аймаққа тарап жатты. 50  Бірақ яһудилер Құдайды қастерлейтін беделді әйелдерді және қаланың ықпалды кісілерін Пауыл мен Барнабаға қарсы айдап салды. Осылайша олар екеуін қудалап+, өз жерлерінен қуып шығарды. 51  Ал олар ескерту ретінде аяқтарының шаңын қағып, Иқонияға қарай жол тартты+. 52  Шәкірттер болса қуанып+, киелі рухқа кенеле берді.

Сілтемелер

Немесе “проконсул”. Түсіндірмедегі “Проконсул” сөзін қараңыз.