Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Құдайды танып-біле аламыз ба?

Құдайды танып-біле аламыз ба?

“Құдайды танып-білу мүмкін емес” (I ғасыр философы Филон Александрийский).

“[Құдай] әрқайсысымыздан алыс емес” (Құдайдың I ғасырдағы қызметшісі Пауылдың Афины философтарына айтқан сөзі).

СІЗ осы екі пікірдің қайсысымен келісер едіңіз? Көбісі үшін елші Пауылдың сөздері көңілге қонымды (Елшілердің істері 17:26, 27). Киелі жазбаларда жанымызға жылу беретін мұндай сөздер көптеп табылады. Мысалы, Иса пайғамбар дұғасында өз ізбасарларының Құдайды танып-біле алатындарын және оның батасына кенеле алатындарын айтып өткен (Жохан 17:3).

Бірақ Филон Александрийский секілді философтар өзге пікірді насихаттаған. Олар Жаратушыны ешқашан да тани алмаймыз, себебі оған адам баласының түсінігі жетпейді деп санаған. Бұл рас па?

Киелі жазбаларда адамның Құдайға қатысты кейбір жайттардың түбіне бойлай алмайтыны ашық айтылған. Мысалы, Жаратушымыз қай уақыттан бері бар, оның ақыл-ойы қаншалықты биік, оның даналығы қаншалықты зор екенін ешқандай өлшеммен өлшей алмаймыз. Оған адам баласының санасы жетпейді. Әйтсе де бұл жайттар Құдайды танып-білуге кедергі емес. Қайта, осылар туралы ойланғанымыз “Құдайға жақын” болуға көмектеседі (Жақып 4:8). Осы мақалада біз толықтай түсіне алмайтын Құдайға қатысты бірнеше жайттарды мысалға алып, талқылап көрелік. Ал кейін Жаратушымыз жайлы біз ұғына алатын жайттарды қарастырайық.

Біз түбіне бойлай алмайтын жайттар

ҚҰДАЙДЫҢ МӘҢГІ БАР БОЛУЫ. Киелі кітапта Жаратушымыз “мәңгілік Құдай” деп аталған (Зәбүр 90:2). Басқаша айтқанда, Құдайдың бар болуының басы да, соңы да жоқ. Адами өлшеммен “оның жылдарының санына жету мүмкін емес” (Әйүп 36:26).

Мұны білгеннің пайдасы. Егер Құдайды шынымен танып-білуге күш салсақ, ол бізге мәңгі өмір сыйлайтынын уәде еткен (Жохан 17:3). Ал егер Құдайдың өзі мәңгі жасамаса, оның бұл уәдесіне сене алар ма едік? “Мәңгілік Патша” ғана бұл уәдені жүзеге асыра алады, солай емес пе? (Тімөтеге 1-хат 1:17).

ҚҰДАЙДЫҢ АҚЫЛ-ОЙЫ. Құдайдың ақыл-ойы біздікінен тым жоғары болғандықтан, Киелі кітапта біз оның “даналығының түбіне жете алмайтынымыз” айтылған (Ишая 40:28; 55:9). Сондықтан да онда: “Кім Жаратқанның ақыл-ойын ұққан, кеңесшісі болып бағыт берді Оған?”— деген орынды сұрақ қойылған (Қорынттықтарға 1-хат 2:16 “Жаңа өмір баспасының” аудармасы).

Мұны білгеннің пайдасы. Құдай бір уақытта миллиондаған адамның дұғасын тыңдауға қабілетті (Зәбүр 65:2). Алайда күндердің күнінде Құдайдың ақыл-ойы шамадан тыс мәліметке толып, сізді байқамай, дұғаңызды тыңдай алмай қалуы мүмкін бе? Жоқ, өйткені оның ақыл-ойының ұшы-қиыры жоқ. Тіпті жерге құлап түскен торғай екеш торғай да оның назарынан тыс қалмайды. Ал сіз Құдайға “көптеген торғайлардан әлдеқайда қымбат” емессіз бе?! (Матай 10:29, 31).

ҚҰДАЙДЫҢ ІСТЕРІ. Киелі кітапта айтылғандай, “адамдар Құдайдың әуел бастан аяғына дейін не істегендерін түсіне алмайды” (Уағыздаушы 3:11). Демек, біз ешқашан да Құдай жайлы бәрін біле алмаймыз. Құдай істерін қандай даналықпен атқаратынын “ешкім зерттеп бітпес” (Римдіктерге 11:33). Алайда өзіне ұнамды болғысы келетіндерге ол өз жолын білдіруге дайын (Амос 3:7).

Жаратушымыз қай уақыттан бері бар, оның ақыл-ойы қаншалықты биік, оның даналығы қаншалықты зор екенін ешқандай өлшеммен өлшей алмаймыз

Мұны білгеннің пайдасы. Егер сіз Киелі кітапты мұқият оқып-зерттесеңіз, Құдай мен оның істері жайлы жаңа жайттарды біле бермексіз. Демек, біз Жаратушымыз жайлы мәңгілік бойы білген үстіне біле аламыз.

Біз біле алатын жайттар

Құдайдың кейбір сипаттарын аяғына дейін ұғына алмасақ та, бұл оны еш танып-біле алмайтынымызды білдірмейді. Киелі кітапта Құдайды жақсырақ танып-білуге көмектесетін мәлімет өте көп. Солардың бірнешеуін қарастырайық.

ҚҰДАЙДЫҢ ЕСІМІ. Киелі кітапта Құдайдың өзіне есім бергені айтылған. Ол: “Мен Ехобамын. Бұл — менің есімім”,— дейді. Киелі жазбаларда Құдайдың есімі шамамен 7000 рет кездеседі, әрі бұл сондағы ең көп кездесетін есім болып табылады (Ишая 42:8).

Мұны білгеннің пайдасы. Иса пайғамбар өз дұғасында: “Көктегі Әкеміз, сенің есімің киелі тұтылсын”,— деп сұраған (Матай 6:9). Сіз де өзіңіздің Құдайға арнаған өтініш-тілектеріңізде оның есімін атай аласыз ба? Ехоба Құдай өз есіміне тиісті құрмет танытатын әркімді құтқарғысы келеді (Римдіктерге 10:13).

ҚҰДАЙДЫҢ МЕКЕНІ. Киелі кітапта екі әлем жайлы айтылған: біріншісі, рухани жаратылыстар мекендейтін рухани әлем, ал екіншісі, жер мен ғаламды қамтитын физикалық әлем (Жохан 8:23; Қорынттықтарға 1-хат 15:44). Киелі жазбаларда “көк” деп жиі рухани әлем жайлы айтылады. Жаратушының да тұрағы сол “көкте” (Патшалар 1-жазба 8:43).

Мұны білгеннің пайдасы. Бұдан біз Құдайды анығырақ елестете аламыз. Ол барлық жерде, барлық нәрседе болатын тылсым күш емес. Ехоба Құдай — шынымен бар мекенде тіршілік ететін шынайы Тұлға. Ол нақты бір мекенде тіршілік еткенмен, оның “назарынан жасырын ешбір жаратылыс жоқ” (Еврейлерге 4:13).

ҚҰДАЙДЫҢ БОЛМЫСЫ. Киелі кітапта сипатталған Ехоба Құдайдың керемет қасиеттері жайлы білгенде, оны жанымызға жақын тарта түсеміз. “Құдай — сүйіспеншілік” (Жоханның 1-хаты 4:8). Ол ешқашан жалған сөйлемейді (Титке 1:2). Ол ешкімді алаламайды, мейірімді де жанашыр, ашулануға асықпайды (Мұсаның 2-жазбасы 34:6; Елшілердің істері 10:34). Сондай-ақ Жаратушымыз өзін қастерлейтін жандармен дос болғысы келеді. Бұл таңғалдырарлық жайт емес пе?! (Зәбүр 25:14).

Мұны білгеннің пайдасы. Сіз Ехоба Құдайдың досы бола аласыз (Жақып 2:23). Ехобаның болмысын жақыннан таныған сайын, Киелі кітапта жазылып кеткен оқиғаларды жақсырақ ұғынатын боласыз.

“ОНЫ ІЗДЕҢДЕР”

Киелі жазбалардың арқасында біз Ехоба Құдайдың қандай екенін анығырақ түсінеміз. Білгеніміз, ол — адам баласының санасы жетпейтін тылсым күш емес, қайта өзін танып-білгенімізді қалайтын тірі Тұлға. Құдай Сөзі Киелі кітапта мынадай уәде жазылған: “Егер оны іздейтін болсаң, ол өзін табуыңа мүмкіндік береді” (Шежірелер 1-жазба 28:9). Олай болса, Құдайды жақынырақ тану үшін неге Киелі жазбалардағы оқиғаларды оқып, түбіне бойламасқа? Солай етсеңіз, Құдай “сізге жақындайды” (Жақып 4:8).

Егер Киелі кітапты мұқият оқып-зерттесеңіз, Құдай мен оның істері жайлы білген үстіне біле бересіз

Бәлкім, “Құдай туралы барлық нәрсені түсінбесем, қалай оның досы бола аламын?”— деп сұрарсыз. Мына мысал жайлы ойланып көріңізші: хирургтың ең жақын досы бар делік. Оның да медицина маманы болуы шарт па? Әрине, жоқ. Оның мамандығы мүлде басқа болуы мүмкін ғой. Әйтсе де бұл араларындағы тығыз достыққа кедергі емес. Өйткені ең маңыздысы — досы әлгі хирургтың мінезін, оның нені ұнатып, нені ұнатпайтынын біледі. Сол сияқты сіз де Киелі кітаптан Ехоба Құдайдың болмысы қандай екенін, яғни онымен дос болуға нағыз қажет мәліметті біле аласыз.

Киелі кітапта Жаратушымыз бұлыңғыр, түсініксіз етіп сипатталмайды. Қайта, ондағы жазылған мәлімет Құдайды тани түсуге көмектеседі. Сіз Ехоба Құдай туралы көбірек білгіңіз келер ме еді? Ехоба куәгерлері адамдарға Киелі кітаптан тегін білім алуға көмектеседі. Бұл үшін өзіңіз тұратын жердегі Ехоба куәгерлеріне жолығыңыз немесе біздің www.isa4310.com/kk сайтымызға кірсеңіз болады.