Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

НЕГІЗГІ ТАҚЫРЫП | САРЫУАЙЫМҒА САЛЫНБАУ МҮМКІН БЕ?

Сарыуайым басқан заман

Сарыуайым басқан заман

“Азық-түлік алуға барсам, дүкенде тек печенье бар екен. Бірақ ол өз бағасынан 10 000 есе қымбаттап кетіпті! Ал келесі күні дүкендерде жейтін ештеңе қалмады” (Пол, Зимбабве).

“Бір күні күйеуім бізді тастап кететінін айтты. Оның осы сатқындығын қалай көтеремін? Балаларыммен не болмақ?” (Жанет, Құрама Штаттар).

“Дабыл қағылғанда, жасырынатын жерге жүгіріп барып, еденге жата қалдым. Жан-жақта зымырандар атылып жатты. Сосын бірнеше сағат бойы қолым дірілдеп тұрды” (Алона, Израиль).

Біз уайымға толы “ерекше қиын уақытта” өмір сүрудеміз (Тімөтеге 2-хат 3:1). Бүгінде қаржы дағдарысынан, отбасының ойран болуынан, соғыстан, қатерлі індеттердің таралуынан және табиғи не адам қолымен жасалған апаттардан көп адам қасірет шегуде. Бұған қоса, әр адамның бас-басына өз уайымы жетерлік. Мысалы, кейбірін “Денемде пайда болған ісік қатерлі емес пе?”, “Немерелерім өмір сүретін заман қандай болады?” деген ойлар мазалайды.

Алайда орынды уайым түрі де бар. Мәселен, тест тапсырарда, сахнаға шығарда не жұмысқа тұру үшін сұхбат бергенде, қобалжитынымыз түсінікті-ақ. Ал қауіпті жағдайлар алдындағы орынды қорқыныш зардап шегуден сақтайды. Бірақ “Уайым түбі — жез қайық, батасың да кетесің” демекші, үнемі және шектен тыс уайымға салыну адамды күйретеді. 68 000-нан аса адам қатысқан зерттеуге сай, тіпті кішкене уайымның өзі мерзімінен бұрын өліп кету қаупін арттырады. Иса пайғамбар: “Уайымдаумен қайсысың өміріңді бір сәтке болсын ұзарта аласың?”— деп текке айтпаған. Иә, уайым қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырымызды қысқартпаса, еш ұзартпайтыны анық. Сондықтан Иса: “Уайымдауды қойыңдар!”— деп кеңес берген (Матай 6:25, 27). Бұны қалай орындай аламыз?

Бұл үшін даналықпен әрекет етуіміз, Құдайға шынайы сенім танытуымыз және жарқын болашаққа үміттенуіміз керек. Бәлкім, тынышымызды алатын жағдайлармен дәл қазір кезігіп жүрген жоқ шығармыз. Бірақ ертелі-кеш уайымға батыратын жағдайларға ұшырауымыз әбден мүмкін. Олай болса, жоғарыда сөздері келтірілген Пол, Жанет пен Алонаға бұл кеңестердің сарыуайымға салынбауға қалай көмектескенін көрелік.