Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Әдемі қартаюдың сыры неде?

Әдемі қартаюдың сыры неде?

ҚАРТАЮ жайлы ойлағанда не сезінесіз? Көп адамды уайым, мазасыздық, тіпті үрей билейді. Өйткені көпшілік қарттықты беттің әрі кетуі, күш-қуаттың сарқылуы, есте сақтау қабілетінің нашарлауы және денсаулықтың сыр беруі деп көңілсіз қабылдайды.

Алайда қартаю үдерісі барлық адамда бірдей емес. Егде тартқан шағында тәндік және эмоциялық денсаулығы салыстырмалы түрде жақсы сақталған кісілер де бар. Медицина алға жылжып жатқандықтан, созылмалы ауруларды ушықтырмай, денсаулықты қадағалау мүмкін болып отыр. Осының арқасында кей елдерде бара-бара көп адамның салауатты әрі ұзағырақ өмір сүруі байқалуда.

Қарт болсақ та, жас болсақ та, бәріміз дерлік әдемі қартайғымыз келеді. Ал мұның сыры неде? Бұл біздің көзқарасымызға, өмірдің кезекті бір белесін әзірлікпен қабылдай білуімізге байланысты. Осыған көмектесетін Киелі кітаптың кейбір қарапайым да, пайдалы кеңестерін қарастырып көрейік.

ШАМА-ШАРҚЫҢЫЗДЫ ЕСКЕРІҢІЗ. “Қарапайымдарға даналық тән” (Нақыл сөздер 11:2). Бұл ретте, “қарапайымдар” деп күш-қауқарының бұрынғыдай еместігін мойындап, мүмкіндігі шектеулі екенімен санасатын адамдарды айтады. Бразилияда тұратын Чарльз есімді 93 жасар қария: “Ұзақ өмір кешкен сайын, қартаймасқа не шара? Уақытты кері сырғыта алмайсың ғой”,— дейді.

Дегенмен қарапайым болу “асарымды асадым, жасарымды жасадым” деп қол қусырып отыруды білдірмейді. Бұлай ойлайтын адам өмірге деген құштарлығын жоғалтуы мүмкін. Өйткені Киелі кітапта: “Қиын шақта сағың сынса, күш-жігерің таусылар”,— делінген (Нақыл сөздер 24:10). Ал оң көзқарас сақтап, өз жағдайыңызда қолдан келгеннің бәрін істесеңіз, сізге даналық тән екенін көрсетесіз.

Итальяндық 77 жасар Корадо деген ер кісі бұған орынды мысал келтірді: “Көлікпен қырға қарай шыққанда, жылдамдықты бәсеңдетіп, қозғалтқыштың өшіп қалмауын қадағалау керек”. Сол сияқты, жасымыз ұлғайған сайын біраз өзгерістер жасау қажет болып жатады. Аты аталған Корадо жұбайы екеуі үй шаруасын атқарғанда таразы басын тең ұстауды үйренген. Кешке таман күштері таусылып, қалжырап қалмас үшін олар істерін шамаларына қарай жоспарлайды. Бразилияда тұратын Мериан есімді 81 жасар әжей де шындыққа тура қарай біледі. Ол былай дейді: “Мен өз-өзімді тежейтін болдым. Тірлік істеп жатып, қажет кезінде аздап демалып аламын. Отырып не төсекке қисайып жатамын да, бірдеңе оқимын, болмаса әуен тыңдаймын. Мен күш-қайратымның бұрынғыдай емес екеніне көндім”.

Байсалды болыңыз

БАЙСАЛДЫ БОЛЫҢЫЗ. “Әйелдер әрленіп-сәнденгенде,.. қарапайым да есті болып, жарасымды киінсін” (Тімөтеге 1-хат 2:9). “Жарасымды киіну” деген байсалдылықпен әрі жақсы талғаммен киінуді білдіреді. Канададағы Барбара есімді 74 жасар апа былай дейді: “Мен әрдайым “қанттай” болып жүруге тырысамын. “Жасым келді, не кисем де бәрібір” деп, ұқыпсыз көрінгім келмейді”. Бразилияда тұратын 91 жастағы Ферн есімді әжей болса: “Көңіл-күйімді көтеру үшін анда-санда жаңа киім сатып аламын”,— дейді. Ал қариялар жайлы не дейміз? 73 жастағы бразилиялық Антонио қария: “Күтімді көріну үшін тап-таза киінуге тырысамын”,— дейді. Сондай-ақ жеке гигиенаға қатысты: “Мен күн сайын қырынып, суға түсемін”,— деп қосты қариямыз.

Әйтсе де сырт көрінісіңізге шектен тыс мән беріп, “есті болуды” ұмыт қалдырмағаныңыз жөн. Оңтүстік Кореяда тұратын 69 жастағы Бок Им есімді апай орнымен киінуге мән береді. “Әрине, жас кезімдегі кейбір киімдерімді қазір киіп алғаным орынсыз болар еді”,— дейді ол.

Жақсы жағын көре біліңіз

ЖАҚСЫ ЖАҒЫН КӨРЕ БІЛІҢІЗ. “Мұңшыл адамның барлық күні қайғылы, Көңілді жанның әр күні той-думан” (Нақыл сөздер 15:15). Жасыңызға жас қосылған сайын, жастық шағыңыздағы күш-қуатыңызды, кезінде көп тірлікті бітіре алғаныңызды ойға алып жабырқайтын шығарсыз. Бұл түсінікті-ақ. Бірақ сол жағымсыз сезімге тізе бүгіп қалмаңыз. Өткенді ойлай берсеңіз, өзіңізді бақытсыз сезініп, әлі де қолыңыздан келетін нәрселерді істеуге ынта-жігеріңіз сарқылуы мүмкін. Бұл ретте оң көзқарас танытатын Джозеф деген 79 жасар канадалық қария былай дейді: “Бұрын істей алған, бірақ қазір шамам жетпейтін нәрселерді ойлап күңіренбеймін. Қайта, күшім жетіп тұрған істермен айналысып, қуаныш табамын”.

Білімге ұмтылып, кітап оқығаныңыз да ой-өрісіңізді кеңейте түсіп, өзіңізді жақсы сезінуге септігін тигізеді. Сондықтан шамаңыз келгенше, жаңа нәрселерді оқып-білудің мүмкіндіктерін пайдаланыңыз. Мәселен, Филиппинде тұратын 74 жасар қария Ернесто ара-тұра кітапханаға барып, қызықты кітаптарды алып тұрады. Ол былай дейді: “Кітап беттері арқылы үйдегі төрт қабырғадан тыс әлемге сапар шегіп, шытырман оқиғаларды бастан кешіруді әлі де ұнатамын”. Керек десеңіз, швециялық 75 жасар Леннарт есімді ақсақал, қиын болса да, жаңа тіл үйренуге бел шешіп кіріскен екен.

Барыңызбен бөлісіңіз

БАРЫҢЫЗБЕН БӨЛІСІҢІЗ. “Беріңдер, сонда жұрт сендерге де береді” (Лұқа 6:38). Басқалар үшін шамалы уақытыңыз бен күшіңізді арнауды дағды етіңіз. Бұл өзіңізге қанағаттанып, бақытты сезінуіңізге ықпал етеді. 85 жасар бразилиялық Оза әжей басқаларға мүмкіндігінше қол ұшын беруге тырысады. Ол былай дейді: “Ауырып қалған не еңсесі түсіп жүрген достарыма хабарласамын, оларға хат жазамын. Кейде кішігірім сыйлықтар жіберемін. Ауырып қалғандарына тамақ не тәтті-пәтті пісіргенді де ұнатамын”.

Жомарт болсақ, басқаларды да жомарттыққа талпындырамыз. Швецияда тұратын 66 жастағы Ян есімді кісі: “Адамдарға сүйіспеншілікпен қарасаң, олар да сені жақын тартып, сүйіспеншілігіне бөлейді”,— дейді. Қолы ашық адам айналасына жылулықтың нұрын шашып тұрады. Сондай-ақ басқаларды ризашылық сезіміне бөлеп, қуантады.

ДОСТЫҚ ПЕЙІЛ ТАНЫТЫҢЫЗ. “Оқшауланған жан қара басын ойлар, даналық атаулыдан бас тартар” (Нақыл сөздер 18:1). Әрине, кейде жалғыз қалғыңыз келетін сәттер болуы мүмкін. Алайда оқшауланып, тұйық мінезді болып кетуден сақтаныңыз. Нигериялық Инесент есімді 72-дегі ақсақал достарымен бас қосып, арқа-жарқа болғанды жақсы көреді. “Мен әртүрлі жастағы адамдармен қуана араласамын”,— дейді ол. Ал 85 жасар швециялық Берье қария былай дейді: “Жастардың ортасында болғанды жақсы көремін. Олардың өмірге деген құштарлығын көріп, мен де іштей жасарып қаламын”. Ара-тұра достарыңызды қонаққа шақырып тұрыңыз. Оңтүстік Кореяда тұратын 72 жастағы Хан Сик есімді кісі: “Әйелім екеуміз жас болсын, қарт болсын, кез келген жастағы достарымызды үйге шақырып, отырыс жасаймыз не бірге түстенеміз”.

Достық пейіл танытыңыз

Достық пейіл таныту үшін басқалармен тіл табысумен қатар, оларды тыңдай білу де маңызды. Сол себепті адамдарға шын жүректен көңіл бөліңіз. Мозамбиктегі 71 жасар Елена есімді апа: “Мен ашық-жарқын болуға және басқаларға ізет білдіруге тырысамын. Олардың ой-пікірін және нені ұнатып-ұнатпайтынын білу үшін, сөздеріне құлақ түремін”,— дейді. 73 жастағы бразилиялық Жозе есімді қария болса былай дейді: “Адамдар тыңдай білетін, жанашыр, қамқор, дер кезінде мақтап, қалжыңдаса білетін жандармен араласқанды жақсы көреді”.

Өз ойыңызбен бөліскенде “сөздеріңіздің әрқашан жағымды” болуына мән беріңіз (Қолостықтарға 4:6). Айналаңыздағы адамдарға мұқият болып, жігерлі сөздер айтыңыз.

АЛҒЫС БІЛДІРІҢІЗ. “Әрдайым алғыс білдіріңдер” (Қолостықтарға 3:15). Біреудің көмек қолын сезінгенде, игі ниетіне ризашылық айтыңыз. Алғыс сөздер арадағы қарым-қатынасты нығайта түседі. Канадалық 74 жасар Мари-Пол есімді әже өз басынан өткерген бір жағдайды айтып берді: “Шалым екеуміз жақында жер үйден пәтерге көштік. Сонда достарымыз көптеп келіп, жәрдемдесті. Оларға өте риза болдық. Сөйтіп, әрқайсысына жеке алғыс хаттарын жіберіп, кейбірін қонаққа шақырдық”. Оңтүстік Кореяда тұратын Джей Вон есімді 76 жастағы әжей бір сенімдегі бауырластары Патшалық сарайына апарып-әкеліп тұратынына алғысын білдірді. “Олардың көмегіне өте ризамын, сондықтан жанармайға азын-аулақ ақша беруді әдетке айналдырдым. Кейбір кездері оларға алғыс хатыммен бірге кішкентай сыйлықтар дайындаймын”,— дейді ол.

Киелі кітапта айтылғандай, өмірдің қайнар көзі — Құдай. Сондықтан, бәрінен бұрын, Құдайдан келген осы ғажап сыйға риза болыңыз (Зәбүр 36:9). Сонымен, қорытындылайтын болсақ, оң көзқарас ұстанып, жаңа жағдайларға бейімделуге дайын болсаңыз, әдемі қартаю қолыңыздан келеді!

Алғыс білдіріңіз