Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ЖАРАТЫЛЫС ҒАЖАЙЫПТАРЫ

Периодтық цикаданың тіршілік айналымы

Периодтық цикаданың тіршілік айналымы

ЦИКАДА деген шегірткеге ұқсайтын жәндік Антарктидадан басқа барлық құрлықта мекендейді. Ал оның периодтық цикада деп аталатын түрі тек Солтүстік Американың шығысында кездеседі. Бұл жәндік биологтарды ұзақ уақыт бойы таңғалдырып келді. Не себепті?

Көңіл қоярлық жайттар. Көктемде миллиондаған периодтық цикадалар жарыққа бір уақытта шығып, бірнеше ғана апта өмір сүреді. Күннің көзінде өткізген қысқа уақыт аралығында олар сыртқы қабығын тастап түлейді, ұшады, құлақ тұндыра шырылдап ән салады, көбейеді. Олардың қысқа ғұмыры осымен аяқталады. Бір қызығы — цикаданың келесі ұрпағы түрлеріне қарай 13 я 17 жылдан кейін ғана пайда болады. Осы уақыт аралығында олармен не болады?

Бұл сұраққа жауап беру үшін цикаданың ерекше тіршілік айналымын білуіміз қажет. Пайда болғаннан кейін бір апта өткен соң, ересек цикадалар шағылысып, аналық цикадалар ағаш бұталарының қуыс-қуысына 400—600 дейін жұмыртқа салады. Содан кейін көп ұзамай ересек цикадалар өліп қалады. Келесі бірнеше аптада жұмыртқалардан босап шыққан дернәсілдер жерге түсіп, топыраққа көміледі де, жер астында тіршілік ете бастайды. Ол жерде дернәсілдер бірнеше жыл бойы ағаш тамырларының сөлін сорып қоректенеді. Сосын 13 я 17 жылдан кейін жаңа ересек цикадалар пайда болып, осы айналым қайталанады.

“Нейчер” журналында айтылғандай, осы цикадалардың күрделі тіршілік айналымы “ғалымдар үшін ғасырлар бойы жұмбақ болып келді... Тіпті қазірдің өзінде энтомологтар осы жәндіктердің айрықша тіршілік айналымы қалай пайда болғанын түсінбейді”. Бұл табиғат әлеміндегі сыры ашылмаған құпиялардың бірі болып отыр.

Сіз қалай ойлайсыз? Аталмыш цикаданың тіршілік айналымы эволюцияның барысында өздігінен пайда болды ма, әлде бұл Жаратушының туындысы ма?