Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ОТБАСЫҢЫЗ БЕРЕКЕЛІ БОЛСЫН | АТА-АНАЛАР

Ерте бастан еңбекке баулу

Ерте бастан еңбекке баулу

ҚИЫНДЫҚ

Кей отбасыларда үй тірлігіне көмектесу талап болғандықтан, балалар мұны еш бұлқынбай атқарады. Өзге ата-аналар көп нәрсе күтпейді, балалары болса ешқандай міндет алмағандарына мәз болып жүре береді.

Зерттеушілер әсіресе батыс елдерінде балалардың еңбектенуші емес, тұтынушы болуға бейім екенін байқаған. Стивен есімді бір әке былай дейді: “Бүгінде балалар өзі би, өзі қожа болып алған. Олар видео-ойындарына әуес, ғаламторды шарлағыш және көгілдір жәшікке телміргіш. Мойындарында ешқандай міндет жоқ”.

Қалай ойлайсыз, үй тірлігін атқару баланың дамып-жетілуіне әсер ете ала ма?

МҰНЫ БІЛГЕН ЖӨН

Балалары мектептен кейін үйірмелерге баратын болса, оқитын сабақтары үйіліп тұрса, кей ата-аналар оларды үй жұмыстарынан босата салады. Алайда баланы еңбекке баулудың пайдалы жағы көп.

Тұлға ретінде қалыптасуы. Үй тірліктеріне араласатын баланың мектепте үлгерімі жақсы болатыны байқалған. Мұндай балалар өз-өзіне сенімді, тәрбиелі, ерік-жігері мықты болып өседі. Бұлар болса оқып-тоқуға өте қажет қасиеттер.

Өзгенің қамын ойлауы. Үйді жинастырып жүретін ұл-қыздардың есейгенде қоғамға пайдасы тиер азамат болып өсетіні расталды. Себебі үй тірліктері оларды басқаның мүддесін өзінікінен жоғары қоюға баулиды. Ал ештеңемен ісі жоқ балалардың күйін Стивен былай деп сипаттады: “Өздерінен ештеңе талап етілмесе, балаларда бәрі олардың айтқандарын істеу керек деген ой тууы мүмкін. Осыдан жауапкершілік алу мен тер төгіп еңбек етуге қатысты көзқарастары теріс қалыптасады”.

Отбасын жұмылған жұдырықтай етуі. Үй шаруасына қолғабыс ететін балалар отбасының бағалы мүшесі екенін сезінумен қатар, үйде қандай да бір жауапкершілікке де ие екенін түсінеді. Алайда ата-аналар үй шаруасынан гөрі мектептегі үйірмелерге басымдық беретін болса, балалары жауапкершілік дегеннің не екенін түсінбей өседі. Ата-ана ретінде мына сұраққа қалай жауап берер едіңіз: “Балаңыздың футбол командасына сіңіп, ал отбасыңыздан бөлініп қалғанын қалайсыз ба?”

СІЗ НЕ ІСТЕЙ АЛАСЫЗ?

Тал бесіктен бастаңыз. Кейбір ата-аналар балаларды үш жастан бастап жұмсау керек деп ойлайды. Басқалары болса екі жастан я одан да ерте бастауды жөн көреді. Негізінде, кішкентай балалар ата-анасына көмектескенді, олардың істерін қайталауды жақсы көреді (Киелі кітаптың кеңесі: Нақыл сөздер 22:6).

Жасына қарай жұмсаңыз. Үш жасар бөбекке ойыншықтарын жинатуға, төгіп алғанын сүртуге я болмаса кір киімді түсі бойынша бөлуді тапсыруға болады. Үлкенірек балаларға шаң сорғызып, машина жуғызуға, тіпті тамақ жасатса болады. Не тапсырсаңыз да, балаңыздың қабілеттеріне қарай көсіліңіз. Сонда оның үй шаруасына деген ынта-ықыласын көріп таңғалуыңыз әбден мүмкін.

Үйдегі жұмыстарға басымдылық беріңіз. Бұл әсіресе балаңыздың мектептегі тапсырмалары бастан асып жатқанда қиын көрінуі мүмкін. Алайда “Бақыттың бағасы” деген кітапта “мектептегі жақсы баға үшін баланы үйдегі барлық жұмыстан босату — маңызды істерді елемеу” екені айтылып өткен. Өйткені, жоғарыда айтылғандай, үйдегі жұмыстар балаға жақсы оқушы болуға көмегін тигізеді. Болашақта өз отбасын құрғанда да бала мұның зор пайдасын көрмек (Киелі кітаптың кеңесі: Філіпіліктерге 1:10).

Нәтижесін емес, мақсатын ойлаңыз. Балаңыз берілген тапсырманы сіз ойлағандай тез, сіз ойлағандай ұқыпты атқармауы мүмкін. Осындай жағдайда “әкелші, өзім-ақ істейміннің” әніне салмаңыз. Сіздің мақсатыңыз — жұмысты балаға үлкендерше орындату емес, оны жауапкершілікке үйретіп, еңбектің тәтті жемісін көруге көмектесу (Киелі кітаптың кеңесі: Уағыздаушы 3:22).

Балаңыздың ниетін бұзып алмаңыз. Кейбіреулердің ойынша, ақша беремін деп балаға үйдің жұмыстарын істету жауапкершілікке үйретеді. Мұнымен келіспейтіндер де бар. Олардың айтуынша, мұндай әдіс балаларға отбасына не берсем екен деп емес, не алсам екен деп ойлауға түрткі болады. Психологтар баланың қомақты ақшасы жиналған соң, оның үй шаруасымен мүлдем шаруасы болмайтынын айтып ескертеді. Бұдан қандай қорытынды шығаруға болады? Балаға ақша берсеңіз, оны үйде атқарған ісі үшін сыйақы етіп емес, қажетіне қарай берген дұрыс.