Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Ақырзаманда ненің ақыры келеді?

Ақырзаманда ненің ақыры келеді?

Адамдардың көбісі “ақырзаман болады, дүниенің соңы келеді” дегенді естіп жүр. Киелі жазбаларда да дүниенің соңы келетіні айтылған (Жоханның 1-хаты 2:17). Сол кезде бүкіл адамзат қырылып қала ма? Ал Жер шарымыз ше? Ол елсіз-күйсіз қала ма? Әлде мүлдем жойылып кете ме?

ЖОҚ! КИЕЛІ ЖАЗБАЛАРДЫҢ ЖАУАБЫ — ОСЫ

Не жойылмайды?

АДАМЗАТ

Киелі жазбалардың айтары: Алла Тағала “жерді... бекерден-бекер емес, мекендеу үшін жаратқан” (ИШАЯ 45:18).

ЖЕР ШАРЫ

Киелі жазбалардың айтары: “Бір ұрпақ келеді, бір ұрпақ кетеді, Ал жер мәңгілік тұрады” (УАҒЫЗДАУШЫ 1:4).

МӘНІ: Киелі жазбаларда айтылғандай, Жер шарымыз ешқашан жойылмайды. Ол әрдайым адамдардың мекені болып қала береді. Сонда заманның ақырында не жойылады?

ОЙ ТАРҚАТУ: Киелі жазбаларда алда төніп келе жатқан заманның ақыры Нұх пайғамбардың күндеріндегі жағдаймен салыстырылған. Сол кезде “жер беті зұлымдыққа толды” (Мұсаның 1-жазбасы 6:13). Ал Нұх пайғамбар Құдай деп жүрген әділ кісі еді. Сондықтан Құдай Тағала зұлым адамдарды Топан сумен жойып, ал Нұх пен оның отбасын аман алып қалды. Сол кезде не болғаны Киелі кітапта былай сипатталған: “Ежелгі замандағы дүние осы сулардың астында қалып, жойылды” (Петірдің 2-хаты 3:6). Бұл сол кездегі ақырзаман еді. Бірақ не жойылғанын байқадыңыз ба? Жойылған — жер емес, жаман адамдар. Демек, Киелі жазбаларға сай, дүниенің соңы жердің жойылуын емес, зұлым адамдар мен олардың басқару жүйелерінің жойылуын білдіреді.

Не жойылады?

ҚИЫНШЫЛЫҚ ПЕН ЗАҢСЫЗДЫҚ

Киелі жазбалардың айтары: “Көп ұзамай зұлымдар жоқ болады, Тұрған жерлеріне қарайсың, Бірақ оларды еш таппайсың. Ал момындар жерді мұра етеді, Керемет тыныштық орнағанын көріп, шаттыққа кенеледі” (ЗӘБҮР 37:10, 11).

МӘНІ: Топан су кезінде зұлымдық атаулы біржола жойылған жоқ. Одан кейін зұлым адамдар қайтадан пайда болып, өмір қиындап кетті. Бірақ Құдай жақында зұлымдық пен заңсыздықты түп-тамырымен жояды. Зәбүр жыршысы айтып кеткендей, “көп ұзамай зұлымдар жоқ болады”. Құдай Тағала мұны қалай істейді? Өзінің Патшалығы арқылы. Ал Патшалық деген — көктен бүкіл дүниежүзіне билік ететін Құдайдың үкіметі. Бұл үкіметтің қол астында тек Құдайдың айтқанымен жүретіндер ғана болады.

ОЙ ТАРҚАТУ: Құдай Патшалығына қазіргі үкімет басшылары бағынатын бола ма? Киелі кітапта жазылғандай, олардың бағынғысы келмейді. Тіпті сол үкіметке қарсы шығады (Зәбүр 2:2). Олардың мұндай ақылсыз әрекеті неге әкеп соғады? Құдай Патшалығы жер бетіндегі барлық үкіметтерден билікті алып қойып, өз билігін мәңгіге орнатады (Даниял 2:44). Бірақ неге адамдардың билігін ауыстыру керек?

БИЛІК АУЫСУ КЕРЕК

Киелі жазбалардың айтары: “Адам тіпті өз қадамына бағыт бере алмайды” (ЕРЕМИЯ 10:23).

МӘНІ: Адамдар өзге адамдарға билік етсін деп жаратылмаған. Сондықтан олар билік жүргізуге де, адамдардың проблемаларын шешіп беруге де дәрменсіз.

ОЙ ТАРҚАТУ: Бір энциклопедияда “адамзаттың жауына айналған кедейшілікті, ашаршылықты, аурулар мен табиғи апаттарды, соғыс пен зорлық-зомбылықты тоқтату жеке дара үкіметтердің қолынан келмейтіні” айтылған. Әрі қарай былай делінген: “Кейбіреулер осы проблемаларды түгел жоюдың жалғыз жолы — әлемдік бір үкімет құру деп ойлайды” (“Britannica Academic”). Алайда бүкіл үкіметтер біріккен күннің өзінде әлгі проблемалар шешілмейді, себебі адамдарды басқаратын бәрібір пенде болып қалады. Барлық ғаламдық проблемаларды мәңгіге шешіп бере алатын жалғыз үкімет — Құдай Патшалығы ғана.

Міне, сондықтан жақсы адамдар заманның ақырынан, яғни мына зұлым жүйенің жойылуынан еш қорықпаса болады. Қайта, олар шаттану керек, өйткені Алла Тағала қирауға шақ тұрған мына дүниені жойып, керемет заман орнатады!

Бұл қашан болады? Келесі мақала сол жайлы болмақ.