Мазмұнға өту

Құтқарылу деген не?

Құтқарылу деген не?

Киелі кітаптың жауабы

 “Құтқарылу” деген сөз Киелі кітаптың кей тұстарында әлдекімнің қандай да бір қауіптен не жойылудан аман қалғанына нұсқайды (Мұсаның 2-жазбасы 14:13, 14; Елшілердің істері 27:20). Бірақ көбінесе бұл сөз күнәдан босау мағынасында қолданылады (Матай 1:21). Адам баласының өлімінің түпкі себебі күнә болғандықтан, күнәдан құтқарылған адам мәңгі өмір сүруге үміттене алады (Жохан 3:16, 17) a.

Құтқарылу үшін не істеу керек?

 Құтқарылу үшін Иса пайғамбарға сенім дамытып, сол сенімді оның өсиеттеріне құлақ асумен таныта аласыз (Елшілердің істері 4:10, 12; Римдіктерге 10:9, 10; Еврейлерге 5:9).

 Киелі кітапта адам сенімінің тірі екендігін іс-әрекетімен, яғни мойынсұнушылық танытумен дәлелдейді делінген (Жақып 2:24, 26). Алайда адам құтқарылуға еңбек сіңіріп лайық бола алмайды. Өйткені құтқарылу рақыммен берілген “Құдайдың сыйы” болып табылады (Ефестіктерге 2:8, 9).

Адам құтқарылу үмітінен айырылып қалуы мүмкін бе?

 Иә. Мысалы, суға батып бара жатқан адам құтқарылып қалса да, ол кейін қайтадан суға құлап кетуі не секіруі мүмкін ғой. Тура сол сияқты, күнәдан құтқарылған адам да сенім танытуды қойса, яғни қайтадан күнәға батса, құтқарылу мүмкіндігін жоғалтады. Сол себепті де Киелі кітап күнәдан құтқарылған мәсіхшілерді “сенім үшін аянбай күресуге” шақырады (Яһуда 3). Сондай-ақ оларға: “Әрі қарай да мойынсұнғыш болып, қалтырай қорқып, құтқарылуға ұмтыла беріңдер”,— делінген (Філіпіліктерге 2:12).

Құтқарушымыз кім? Құдай ма, әлде Иса пайғамбар ма?

 Құдай Киелі кітапта құтқаратын негізгі Тұлға ретінде сипатталып, көп рет “Құтқарушы” деп аталған (Самуилдің 1-жазбасы 10:19; Ишая 43:11; Титке 2:10; Яһуда 25). Бұған қоса, ежелгі заманда өзінің Исраил халқын азат ету үшін әртүрлі адамдарды қолданған. Киелі кітапта олар да “құтқарушы” деп аталған (Нехемия 9:27; Билер 3:9, 15; Патшалар 2-жазба 13:5). Осы іспетті, Иса да “құтқарушы” аталған, өйткені Құдай адамзатты күнәдан азат етуге Иса Мәсіхтің төлем құрбандығын негіз етті (Елшілердің істері 5:31; Титке 1:4) b.

Бәрі бірдей құтқарыла ма?

 Жоқ, кейбір адамдар құтқарылмайды (Салоникалықтарға 2-хат 1:9). Бірде Исадан біреу: “Құтқарылатындар аз болатыны рас па?”— деп сұрағанда, ол былай деген: “Тар есіктен кіруге барынша тырысыңдар. Өйткені сендерге мынаны айтамын: көп адам кіруге ұмтылатын болады, бірақ кіре алмайды” (Лұқа 13:23, 24).

Бүкіл адамзат құтқарылады дейтіндердің жаңсақ пікірлері

 Жаңсақ пікір. Қорынттықтарға 1-хат 15:22-дегі “Мәсіхпен байланыстағылардың бәрі тіріледі” деген сөздер барша адам құтқарылады дегенді білдіреді.

 Шындық. Киелі кітаптың бұл тарауында қайта тірілу туралы әңгіме болып жатыр (Қорынттықтарға 1-хат 15:12, 13, 20, 21, 35). Сондықтан “Мәсіхпен байланыстағылардың бәрі тіріледі” деген сөздер қайта тірілетіндердің бәрі бұл сыйға Иса Мәсіх арқылы ие болатынын ғана білдіреді (Жохан 11:25).

 Жаңсақ пікір. Титке 2:11-дегі “Құдайдың бүкіл адамзатқа құтқарылуды ұсынатын рақымы” деген сөздер бүкіл адамзаттың құтқарылатынына нұсқайды (“Жаңа өмір” баспасының аудармасы).

 Шындық. Гректің “бүкіл” деп аударылған сөзінің “әртүрлі” c деген мағынасы да бар. Демек, Титке 2:11-де шын мәнінде Құдай әртүрлі адамдардың құтқарылуына жол ашқаны туралы айтылған. Бұған “әрбір ұлттан, рудан, халықтан және тілден шыққан” адамдар да кіреді (Аян 7:9, 10).

 Жаңсақ пікір. Петірдің 2-хаты 3:9-дағы “[Құдай] бірде-бір адамның жойылмай, бәрінің өкінгенін қалайды” деген сөздер әрбір адамның құтқарылатынын білдіреді.

 Шындық. Құдай барлық адамның құтқарылғанын қалайды, бірақ ол ешкімді құтқару үшін жасаған шарасын қабыл алуға мәжбүрлемейді. Оның кітабында “құдайсыздардың сотталып, жойылатын күні” жайында айтылған (Петірдің 2-хаты 3:7).

a Киелі жазбаларда кейбір адамдарға “құтқарылдыңдар” деген сөз қолданылған. Бірақ толық мағынада олар күнә мен өлімнен болашақта ғана құтқарылады (Ефестіктерге 2:5; Римдіктерге 13:11).

b “Иса” деген есім “Ехоба—Құтқарушы” дегенді білдіретін “Ехошуа” деген еврей есімінен шыққан.

c Дәл осы грек сөзі Матай 5:11-де де қолданылған. Ол жерде Исаның ізбасарларын жұрт “әртүрлі” жала жауып жамандайтыны айтылған (“Жаңа өмір” баспасының аудармасы).