Мазмұнға өту

Нефилимдер деген кімдер болған?

Нефилимдер деген кімдер болған?

Киелі кітаптың жауабы

 Нефилимдер үлкен алыптар болған. Қатыгез әрі табиғаттан тыс құдіретке ие болған бұл ұрпақ Нұхтың күндерінде зұлым періштелер мен адами әйелдердің қосылуынан туылған a.

 Киелі кітапта “Құдай ұлдары адам қыздарының сұлу екенін көргені” жайлы айтылады (Мұсаның 1-жазбасы 6:2, сілтеме). Рухани жаратылыстар болған Құдайдың бұл ұлдары көктегі “тиесілі тұрақтарын тастап”, Құдайға қарсы шыққан. Олар адамдардікіндей тәнмен жерге келіп, таңдаған қыздарын “әйелдікке ала берген” (Яһуда 6; Мұсаның 1-жазбасы 6:2).

 Табиғатқа жат қатынастың нәтижесінде туылған бұл гибридтер кәдімгі балаларға ұқсамайтын (Мұсаның 1-жазбасы 6:4). Алып әрі озбыр бұзақылар болған нефилимдер дүниені зұлымдыққа белшесінен батырған (Мұсаның 1-жазбасы 6:13). Киелі кітапта: “Қара күштің иесі болған бұлар ежелде аты шыққан адамдар еді”,— делінген (Мұсаның 1-жазбасы 6:4). Олардан кейін де қатыгездік пен қорқыныш еш толастамады (Мұсаның 1-жазбасы 6:5; Мұсаның 4-жазбасы 13:33) b.

Нефилимдерге қатысты қате пікірлер

 Қате пікір: Нефилимдер әлі де жер бетінде бар.

 Шындық: Ехоба Құдай ежелдегі зұлым дүниені жою үшін дүниежүзілік Топан су қаптатты. Сол кезде нефилимдер бүкіл зұлым адамдармен бірге жойылып кетті. Тек Нұх пен оның отбасы ғана Құдайдың рақымына ие болып, сол уақытта аман қалды (Мұсаның 1-жазбасы 6:9; 7:12, 13, 23; Петірдің 2-хаты 2:5).

 Қате пікір: Нефилимдердің әкелері адамдар болған.

 Шындық: “Құдай ұлдары” нефилимдердің әкелері атанған (Мұсаның 1-жазбасы 6:2). Киелі кітапта періштелерге қатысты тура осы тіркес қолданылады (Әйүп 1:6; 2:1; 38:7). Сол уақытта періштелерде адамдардікіндей тәнмен жерге келетін құдірет болған (Мұсаның 1-жазбасы 19:1—5; Ешуа 5:13—15). Елші Петір Нұх пайғамбардың заманында Құдай “шыдамдылықпен күткенде” мойынсұнбаушылық танытқан “қапастағы рухтар” жайлы жазған (Петірдің 1-хаты 3:19, 20). Киелі кітап жазушысы Яһуда да осы жағдайға нұсқап, кейбір періштелердің “бастапқы орындарын сақтамай, тиесілі тұрағын тастап кеткенін” айтқан (Яһуда 6).

 Қате пікір: Нефилимдер көктен түскен періштелер болған.

 Шындық: Мұсаның 1-жазбасы 6:4-тің мәнмәтінін қарасақ, нефилимдердің періштелер емес екенін көреміз. Олар — адамдардікіндей тәнмен келген періштелер мен адами әйелдердің жыныстық қатынасынан туылған гибридті ұрпақ. Періштелер “таңдағандарын әйелдікке ала берген” соң, Ехоба сол құдайсыз заманды жою үшін 120 жылдан кейін шара қолданатынын айтты (Мұсаның 1-жазбасы 6:1—3). Ал аталмыш тармақтың өзінде “сол кезде” адамдардікіндей тәнмен келген періштелер “адам қыздарымен жақындасып”, олардан “қара күштің иесі болған” алыптар туылғаны айтылған (Мұсаның 1-жазбасы 6:4).

a “Нефилим” деген еврей сөзі “сұлатып салатындар” деген мағынаны білдіруі мүмкін. Беделді бір еңбекке сай, бұл сөз “қатыгездікпен өзгелерге бас салып, тонап, сұлатып салатындарға” нұсқайды (“Wilson’s Old Testament Word Studies”).

b Мұсаның 4-жазбасы 13:33-ке сай, исраилдік барлаушылар адамдардың ірі екенін көргенде, ғасырлар бұрын жойылып кеткен нефилимдерді еске алса керек (Мұсаның 1-жазбасы 7:21—23).