Мазмұнға өту

Иса үйленген бе? Оның бауырлары болған ба?

Иса үйленген бе? Оның бауырлары болған ба?

Киелі кітаптың жауабы

 Киелі кітапта Исаның үйленгені жайлы нақты ештеңе айтылмағанмен, одан Исаның әйелі болмағанын анық көруге болады a. Бұған дәлел болатын келесі жайттарды қарастырайық:

  1.   Киелі кітапта Исаның туыстары жайлы жиі айтылған, сондай-ақ оған қызметінде еріп жүрген және өлім жазасына кесілгенде қасында болған әйелдер туралы да жазылған. Бірақ еш жерде оның әйелі болғаны сөз етілмеген (Матай 12:46, 47; Марқа 3:31, 32; 15:40; Лұқа 8:2, 3, 19, 20; Жохан 19:25). Киелі кітапта Исаның әйелі жайлы сөз етілмегеніне қарағанда, Иса ешқашан үйленбеген деген тұжырымға келу қисынды.

  2.   Құдайға көбірек қызмет ету үшін некеге тұрмағандарға қатысты Иса шәкірттеріне: “Кім осылай өмір сүре алатын болса, солай етсін”,— деген (Матай 19:10—12). Иса Құдайға көбірек қызмет ету үшін салтбасты болып қалуды шешкендерге үлгі қалдырған (Жохан 13:15; Қорынттықтарға 1-хат 7:32—38).

  3.   Өлер алдында Иса бір шәкіртіне анасына қамқорлық көрсетуді тапсырған (Жохан 19:25—27). Егер Исаның әйелі не балалары болғанда, ол оларға да қамқорлық жасамас па еді?!

  4.   Киелі кітапта Иса күйеулерге үлгі ретінде жазылған. Бірақ онда Исаның әйеліне қалай қарағаны жайлы еш нәрсе айтылмаған. Қайта, онда: “Күйеулер, әрдайым әйелдеріңді сүйіңдер. Мәсіх те қауымды сүйді, әрі сол үшін өмірін қиды”,— делінген (Ефестіктерге 5:25). Егер Иса шын мәнінде үйленген болғанда, осы тармақта ол тура мағынада кемелді күйеудің үлгісін қалдырғаны жазылмас па еді?!

Исаның бауырлары болған ба?

 Исаның алты бауыры және екі қарындасы болған. Бауырларының есімі — Жақып, Жүсіп, Шимон және Яһуда (Матай 13:54—56; Марқа 6:3). Бұлар Исаның анасы Мәриям мен оның күйеуі Жүсіптен туған балалар еді (Матай 1:25). Киелі кітапта Иса Мәриямның “тұңғыш ұлы” деп аталған. Бұл Мәриямның басқа да балаларының болғанына нұсқайды (Лұқа 2:7).

Исаның бауырлары жайлы бұрыс тұжырымдар

 Мәриям өмір бойы тұрмыс құрмай, пәк болып қалған деген тұжырымды растау үшін кейбіреулер Исаның “бауырлары” деген сөзге басқа мағына беруге тырысады. Мысалы, кейбір адамдар Исаның бауырлары деген Жүсіптің басқа некеден туылған балаларына нұсқайды деп түсіндіреді. Алайда Киелі кітаптан білетініміздей, Иса — Дәуітке уәде етілген Патшалықтың заңды мұрагері (Самуилдің 2-жазбасы 7:12, 13; Лұқа 1:32). Егер Жүсіптің Исадан үлкен балалары болғанда, солардың тұңғышы мұрагер болар еді емес пе?!

 Бауырлары деген сөз Исаның шәкірттеріне, яғни рухани бауырларына нұсқауы мүмкін бе? Жоқ. Себебі мұндай ой Жазбаларға қайшы келеді. Киелі кітапта Исаның інілерінің бір кездері оған сенбегені жайлы жазылған (Жохан 7:5). Жазбаларда Исаның бауырлары мен шәкірттерінің аражігі ажыратылып айтылған (Жохан 2:12).

 Басқа бір тұжырымға сай, Исаның “бауырлары” деген оның туыстары, атап айтқанда, ағайындылары не бөлелері болып табылады. Бірақ Грек жазбаларының жазушылары “бауыр” және “туыс” деген сөздерді екі түрлі сөздермен берген (Лұқа 21:16; Қолостықтарға 4:10). Киелі кітапты зерттейтін ғалымдардың көбісі Исаның бауырлары деген оның туыстарына емес, туған бауырларына нұсқайтынымен келіседі. Мысалыға, бір еңбекте былай деп жазылған: “Бауырлары” деген сөз Мәриям мен Жүсіптің балаларын, яғни Исаның анасы жағынан бауыр болып келетін іні-қарындастарын білдіреді деу ақылға қонымды” (“The Expositor’s Bible Commentary”) b.

a Киелі кітапта Иса күйеужігіт ретінде аталғанмен, мәнмәтіннен бұның бейнелі мағынада айтылғанын көруге болады (Жохан 3:28, 29; Қорынттықтарға 2-хат 11:2).

b Мына кітаптарды қараңыз: Ястребев Г.Я. “Кем был Иисус из Назарета?” М., 2008. 2-тар., 7-бөл.; Мецгер Б.М. Жаңа өсиет. Мәнмәтін, қалыптастыру, мазмұны. М., 2006, 273-б.