Мазмұнға өту

Бас періште Микайл деген кім?

Бас періште Микайл деген кім?

Киелі кітаптың жауабы

 Микайл не Мекәйіл деген (кейбір діндерде “Қасиетті Михаил” деп те аталады) Иса Мәсіхтің жерге келгенге дейінгі және көкке тірілгеннен кейінгі есімі болса керек a. Киелі кітапта Микайл Шайтанмен Мұса пайғамбардың мәйіті жөнінде айтысқаны жазылған. Сондай-ақ ол бір періштеге Құдайдың хабарын Даниял пайғамбарға жеткізуге көмектескен (Даниял 10:13, 21; Яһуда 9). Микайл деген есім “Құдай сияқты кім бар?” дегенді білдіреді. Ол осы атына сай өмір сүріп, Құдайдың билігін қорғайды және оның жауларымен шайқасады (Даниял 12:1; Аян 12:7).

 Исаны бас періште Микайл деуге қандай негіз бар екенін көрейік.

  •   Микайл — бас періште (Яһуда 9). “Бас періште” деген лауазым Киелі кітаптың екі жерінде ғана кездеседі. Екеуінде де бұл сөз жекеше түрде қолданылып, бір ғана періштеге нұсқайды. Сол тармақтардың біреуінде Исаның “өзі көктен бас періштенің даусымен бұйрық беріп,.. түсетіні” айтылған (Салоникалықтарға 1-хат 4:16). Мұнда “бас періштенің даусы” деп тұрған — Исаның даусы, демек, ол бас періште Микайл болғаны.

  •   Микайл періштелердің қалың қолын басқарады. “Микайл мен періштелері айдаһармен [яғни Шайтанмен] соғысты”,— делінген Киелі кітапта (Аян 12:7). Демек, көктегі рухани әлемде Микайлдің орасан зор билігі бар. Себебі ол “басты әміршілердің бірі” және “ұлы әмірші” деп аталады (Даниял 10:13, 21; 12:1). Бұл лауазымдар, “Жаңа өсиетті” зерттеген Дейвид Он деген ғалымның айтуынша, Микайлдің “періштелерден құралған әскердің қолбасшысы” екенін көрсетеді.

     Киелі кітапта періштелердің қалың қолын басқаратын тағы бір есім айтылған. Онда “Иеміз Иса құдіретті періштелерімен жалындаған отпен көктен ашық көрінгенде,.. кек алатыны” жазылған (Салоникалықтарға 2-хат 1:7, 8; Матай 16:27). Иса “көкке көтерілген” соң, “Құдай оған періштелерді, билеушілер мен күш атаулыны бағындырып берді” (Петірдің 1-хаты 3:21, 22). Құдай киелі періштелерді басқару үшін бір-біріне қарсылас екі басшыны — Исаны да, Микайлды да тағайындады деу ойға қонымсыз болар еді. Сондықтан бұл екі есім де бір тұлғаға қатысты деу әлдеқайда қисынды.

  •   Микайл бұрын-соңды болмаған “қиын-қыстау уақытта” “әрекет ететін болады” (Даниял 12:1). Даниял кітабында түпнұсқа еврей тілінен “билікке келеді” деп аударылған тіркес жиі қандай бір патшаның ерекше бір әрекет жасайтынын білдіреді (Даниял 11:2—4, 21). Киелі жазбаларда “Құдай Сөзі” деп те аталған Иса Мәсіх “патшалардың Патшасы” ретінде ерекше әрекет жасайды, атап айтқанда, Құдайдың бүкіл жауларын жеңіп, Құдай халқын қорғайды (Аян 19:11—16). Бұл “дүние жаратылғаннан бері осы уақытқа дейін болмаған... зор алапатта” болмақ (Матай 24:21, 42).

a Киелі кітапта бірнеше есімі болған басқа адамдар жайлы да айтылған. Мәселен, Жақып Исраил деп, елші Петір Шимон, ал Тадей болса Жақып ұлы Яһуда деп те аталған (Мұсаның 1-жазбасы 49:1, 2; Матай 10:2, 3; Марқа 3:18; Елшілердің істері 1:13).