Мазмұнға өту

ОТБАСЫҢЫЗ БЕРЕКЕЛІ БОЛСЫН | АТА-АНАЛАР

Бала және смартфон. 2-бөлім: Балаға смартфонды дұрыс пайдалануды үйрету

Бала және смартфон. 2-бөлім: Балаға смартфонды дұрыс пайдалануды үйрету

 Смартфонды a өткір пышаққа теңесек болады. Дұрыс пайдалансақ, оның пайдасын көреміз, ал егер абайламасақ, оның зияны тиіп кетуі мүмкін. Сондықтан ата-ана ретінде сіз балаңызға осы “өткір құралды” дұрыс пайдалана білуді үйретуіңіз қажет. Мысалы, сіз балаңыз телефонды қанша уақыт пайдаланатынын қадағалайсыз ба?

 Мұны білген жөн

  •   Смартфон балаға қауіп төндіреді. “Бала және смартфон. 1-бөлім: Балама смартфон қажет пе?“ деген мақалада смартфон интернеттегі жақсы-жаманның бәріне есікті айқара ашып беретіні айтылды.

     Смартфон арқылы бала өте қауіпті адамдар мен идеялардың құрығына түсіп қалуы мүмкін ғой. Біз соған мән бере бермейтін сияқтымыз” (Бренда).

  •   Балаларды үйретіп отыру қажет. Технология дәуірінің жастары гаджеттерді шемішкедей шағатын болса, үлкен кісілер енді-енді үйреніп келеді. Бірақ бұл “ата-аналар бәрібір техниканы түк түсінбейді, сондықтан балалар смартфонды қашан және қалай қолданамын десе де өз еркі” дегенді білдірмейді.

     Балаңыз смартфонды сізге қарағанда жақсырақ білсе де, оны орнымен пайдалануға ақылы жетпейді. Тіпті техниканы беске білетін балаларды да ата-аналары смартфонды дұрыс пайдалануға үйрету керек.

     “Мысалы, сен балаңа көлік айдауды үйретпей жатып, оған кілтті беріп, рульге отырғызып, машинаны оталдырып, оған: “Ал енді балам, абайлап айда!”— деп айтпайсың ғой. Смартфонды да дұрыс пайдалануды үйретпей жатып, баланың қолына ұстата салу тура солай” (Сет).

 Не істей аласыз?

  •   Балаңыздың телефонындағы функцияларды біліп алыңыз. Балаңызға смартфонды орнымен пайдалануға көмектесетін арнайы функцияларды меңгеріп алыңыз.

     Кейбір смартфондардағы арнайы функциялар арқылы балаңыздың телефонды қанша уақыт пайдаланатынын және қандай сайттарға кіретінін шектеуге болатынын білгенсіз бе? Балаңыздың смартфонында ата-ананың бақылап отыруына мүмкіндік беретін қандай баптаулар (настройки) бар?

     Лайықсыз мазмұндағы мәліметтерді бұғаттайтын баптаулардың жүз пайыз қорғамайтынын білесіз бе?

     Балаңыздың смартфоны жайлы көбірек білген сайын, оған оны ақылмен әрі дұрыс пайдалануды жақсырақ үйрете аласыз.

     Киелі кітап даналығы: “Білімімен адам күшін нығайтар” (Нақыл сөздер 24:5).

  •   Нақты ережелер орнатыңыз. Неге рұқсат етіп, ал не нәрсеге рұқсат етпейтініңізді шешіп алыңыз. Мәселен:

     Балаңызға дастарқан басына телефонын алып келуге немесе туыстарыңыз бен достарыңызға қонаққа барғанда смартфонды қолдануға рұқсат етесіз бе?

     Балаңызға түнде телефонын алып жатуға рұқсат етесіз бе?

     Қандай мобильді қосымшаларды (приложение) жүктеуге рұқсат бересіз?

     Балаңыз күніне смартфонды қанша уақыт қолдана алады?

     Қандай ережелер орнататыныңызды балаңызға айтып қойыңыз. Егер оларды бұзатын болса, жаза қолдануға дайын болыңыз.

     Киелі кітап даналығы: “Баланы жөнге салудан еш тартынба” (Нақыл сөздер 23:13).

  •   Тексеріңіз. Балаңыздың телефонға кіретін паролін біліп, оның хабарламаларын, мобильді қосымшаларын, кірген сайттары мен суреттерін тексеріп отырыңыз.

     “Біз қызымызға: “Телефоныңды саған айтпай тексеріп тұрамыз. Егер дұрыс пайдаланбай жүргеніңді білсек, смартфонды қолдануға шектеулер қоямыз“,— деп ескертіп қойдық” (Лоррейн).

     Балаңыз смартфонды қалай қолданып жүргенін білуге ата-ана ретінде сіздің толық құқығыңыз бар.

     Киелі кітап даналығы: “Баланың ісіне қарап, жүріс-тұрысының таза да дұрыс екенін білерсің” (Нақыл сөздер 20:11).

  •   Жақсы мен жаманды айыра білуді үйретіңіз. Балаңыз дұрыс нәрсені өзі қалап істеуі үшін, оған көмектесіңіз. Неге? Өйткені сіз қанша тексермеңіз, ол сізден бірдеңені жасырамын десе, бұның амалын табады b.

     Сондықтан балаңызға тәлім-тәрбие беріп, бойына шыншылдық, ұстамдылық сияқты жақсы қасиеттерді сіңдіріңіз. Сондай-ақ ойланып әрекет ететін жауапты адам болуға үйретіңіз. Осылай тәрбиеленген бала телефонын да дұрыс пайдалана біледі.

     Киелі кітап даналығы: “Толысқан адамдар... түйсіну қабілетін қолдану арқылы машықтандырып, жаман мен жақсыны ажырата алады” (Еврейлерге 5:14).

a Бұл мақалада “смартфон” интернетке қосылатын телефонды білдіреді. Басқаша айтқанда, ол — миникомпьютер.

b Мысалы, өңін жасыратын арнайы мобильді қосымшалар бар. Оның түрі калькулятор немесе басқа бір еш зиянсыз қосымша болып көрінеді. Бірақ балаңыз оның ішіне сізден жасырғысы келетін кез келген мәліметті тығып қоя алады.