Мазмұнға өту

ОТБАСЫҢЫЗ БЕРЕКЕЛІ БОЛСЫН | БАЛА ТӘРБИЕСІ

Баланы балабақшаға беру керек пе?

Баланы балабақшаға беру керек пе?

 Көп отбасында әкесі де, анасы да бірдей жұмыс істегендіктен, балаларын балабақшаға беруді ұйғарады. Кей ата-аналар баланы дамыту орталықтарына беріп жатады. Ал бұның қандай жақсы-жаман жақтары бар?

 Ой салар сұрақтар

 Балабақшаның балаңызбен байланысыңызға зияны тимей ме? Әбден мүмкін. Алғашқы жылдарында бала қоршаған ортаны танып, басқалармен байланыс орнатуды үйренеді. Дәл сол қалыптасу кезеңінде ата-ананың баласының қасында болғаны өте маңызды (Мұсаның 5-жазбасы 6:6, 7).

  •    Балабақшаға ойлары кетіп жүрген ата-аналар баласымен жақын байланысын жоғалтып алмас үшін не істейтіндерін ойлау керек.

 Балабақша сіздің ықпалыңызды әлсіретпей ме? Ол да мүмкін. Бір кітапта былай дейді: “Мектепке дейінгі балалар бір-бірімен көп уақыт өткізсе, бір-біріне деген ықпалы үстемірек болады” (“Hold On to Your Kids”).

  •    Ата-ана “баламызды балабақшаға берсек, кейін оған сөзіміз жүрмей қалмай ма?” деп ойлану керек.

 Балабақшаға барса ғана баланың мектепте үлгерімі жақсы болады деген пікір дұрыс па? Біреулер осымен келіседі. Ал басқалары болса баланың мектепте зерек болуына балабақшаның тигізер пайдасы жоқ дейді. Бұған қатысты психолог Пенелопа Лич мынандай тұжырым айтқан еді: “Ата-аналарға бір айтарым — баланы ерте жастан білімге баули берген дұрыс, өйткені ертеңгі өмірінде ең керек нәрсе — сол деп ойламаңыздар. Неге? Өйткені туылғанынан бастап балаға ең қажетті тәлім-тәрбиені ата-анасынан артық ешкім бере алмайды”.

  •    Ата-ана “баламды балабақшаға шынымен беруім керек пе, сол жерден бір пайда алып шыға ма?” деп ойлану керек.

 Үйде баламен қалу үшін біреуіңіз жұмыстан бас тарта аласыз ба? Кейбір ата-аналар ақшадан қысылғандықтан емес, жақсы тұрмыстарын одан сайын жақсарту үшін екеуі бірдей жұмысқа шығады. Бірақ балаға бұның пайдасынан гөрі зияны тиіп жүрмей ме?

  •   Ата-аналар мына жайында ойланғандары жөн: екеуінің біреуі жұмыс істемей баламен үйде қалу үшін, ақшаларын қалай үнемдей алады?

 Ата-ана баласын балабақшаға бермей тұрып, бұдан не ұтамыз, ал неден ұтыламыз деп ойланып алу керек. Ойланған соң да балабақшаға береміз деп шешсе, әрі қарай не істеулері керек?

 Сіз не істей аласыз?

 Киелі кітапта: “Парасатты әр қадамын ойлап басады”,— делінген (Нақыл сөздер 14:15). Сіз де балаңызды қайда жіберетініңізді жақсылап ойланып барып шешіңіз.

 Жан-жақты ойланыңыз

  •   Кейбір ата-аналар бірнеше ғана балаға қарайтын және бір не бірнеше тәрбиешісі бар үй балабақшасын таңдайды.

  •   Басқалары балаларын туыстарына тастайды немесе бала қараушы жалдайды.

 Әрине, әр нәрсенің жақсы да, жаман да жақтары бар. Сондықтан осындаймен ұшырасқан өзге ата-аналармен сөйлесіп көріңіз. Құдайдың Сөзінде: “Ақылдасатындар даналыққа ие болар”,— делінген (Нақыл сөздер 13:10).

 Сіз балаңызды балабақшаға не баланы дамыту орталығына беруді шештіңіз делік. Олай болса...

 Мекеме жайында ақпарат жинаңыз

  •   Мекеме заңсыз жұмыс істеп жатқан жоқ па? Құжаттары дұрыс па? Басқа ата-аналар бұл мекеме туралы қандай пікірде?

  •   Ғимараттың іші таза ма, қауіпсіздік ережелерін ұстана ма?

  •   Балаларыңыз ол жерде немен айналысады? a

 Тәрбиеші жайында ақпарат жинаңыз

  •   Тәрбиешілері қандай оқудан өткен? Олар міндетті түрде мектепке дейінгі балалармен жұмыс жасай алу керек және алғашқы жәрдем көрсете білу керек.

  •   Балаңызға қарайтын адамның қылмыспен байланысы болған-болмағанын анықтаңыз.

  •   Ол жердің тәрбиешілері қаншалықты жиі ауысады? Жиі ауысатын болса, балаңызға әрқайсысына үйрену керек болады.

  •   Бір тәрбиеші қанша балаға қарайды? Егер бала саны тым көп болса, балаңыз елеусіз қалып кетуі әбден мүмкін. Әрине, кейбір балаларға қабілетіне, жасына қарай оншалықты көңіл бөлу қажет емес те шығар.

  •   Тәрбиешіге сізді мазалайтын жайттар туралы ашық айта алар ма едіңіз? Ал тәрбиеші балаңыздан байқағандарын сізге айта ма?

a Мысалы, уақыт өткізу үшін балаларға теледидар қосып бере ме, әлде ақыл-ойды дамытатын ойындар ойнатып, денелерін шынықтыра ма?