Мазмұнға өту

ОТБАСЫҢЫЗ БЕРЕКЕЛІ БОЛСЫН

Ашу-ызаны қалай тізгіндеуге болады?

Ашу-ызаны қалай тізгіндеуге болады?

 Жұбайыңыздың қандай да бір сөзі не әрекеті сіздің ашуыңызға тиеді делік. Осы кезде сіз іштей ашуыңызды басуға тырысасыз. Бірақ жұбайыңыз бір нәрсенің болғанын сезіп, сізді сұрақ астына ала бастайды. Бұнысы одан бетер қитығыңызға тиеді. Осындай жағдайларда қалай ашуды тізгіндеуге болады?

 Мұны білген жөн

  •   Ашу-ыза денсаулыққа зиян. Бір зерттеуге сай, ашуды тізгіндемейтін болсақ, бұл қан қысымының жоғарылауына, жүрек ауруына, депрессияға және асқорыту мүшелерінің ауруларына әкеп соғады. Қала берсе, ұйқысыздыққа, сарыуайымға, тері ауруларына, тіпті инсультке шалдықтыруы мүмкін. Сондықтан да Киелі кітапта: “Ашуланба, қаһарланба”,— делінген (Зәбүр 37:8).

  •   Ашуды іште сақтап жүру де зиян. Мұны адамды ішінен құртатын ауруға теңеуге болады. Мысалы, мұндай адам сынап-мінегіш болып кетуі мүмкін. Соның кесірінен некеде үлкен қиындықтар туады.

 Сіз не істей аласыз?

  •   Жұбайыңыздың жақсы қасиеттерін байқай біліңіз. Жұбайыңыздың сізге ұнайтын үш қасиетін жазып қойыңыз. Келесі жолы жарыңыздың бір ісіне ашуланған кезде, жазып қойған сол қасиеттер туралы ойланыңыз. Бұл сізге ашуыңызды тізгіндеуге көмектеседі.

     Киелі кітап кеңесі: “Әрдайым алғыс білдіріңдер” (Қолостықтарға 3:15).

  •   Кешірімді болуды үйреніңіз. Болған жағдайға жұбайыңыздың көзқарасымен қарауға тырысыңыз. Бұл сізге жанашырлық танытуға көмектеседі. Киелі кітап мұны “қайғыға ортақтас болу” деп атайды (Петірдің 1-хаты 3:8). Сосын өзіңізден былай деп сұрап көріңіз: Мені ашуландырған жағдай жұбайымды кешіре алмайтындай сонша ауыр ма?

     Киелі кітап кеңесі: “Кінәні кешіргені тартымды етер” (Нақыл сөздер 19:11).

  •   Сезімдеріңізді мейірімділік пен ілтипаттылық таныта отырып жеткізіңіз. “Мен” деген есімдікті қолданыңыз. Мысалы, “Сен неге телефон шалып, қай жерде жүргеніңді айтып ескертпейсің?” деп айтудың орнына, “Білесің бе, кеш болып қалған кезде қай жерде жүргеніңді білмесем, мен сені ойлап уайымдаймын” десеңіз болады. Ойыңызды жұмсақтықпен жеткізе білсеңіз, бұл ашуды тізгіндеуге көмектеседі.

     Киелі кітап кеңесі: “Сөздерің әрқашан жағымды да дәмді болсын” (Қолостықтарға 4:6).

  •   Құрметпен тыңдай біліңіз. Ойыңызды айтып болғаннан кейін, жұбайыңызға сөз беріп, оны бөлмей тыңдаңыз. Жұбайыңыз сөзін аяқтағаннан кейін, оны дұрыс түсінгеніңізге көз жеткізу үшін, оның айтқандарын өз сөзіңізбен қайталап айтып көріңіз. Осылай жай ғана тыңдай білгеніңіз ашуды тізгіндеуде зор көмегін тигізеді.

     Киелі кітап кеңесі: “Тыңдауға жүйрік, сөйлеуге... баяу болсын” (Жақып 1:19).