Мазмұнға өту

Канаданың байырғы тілдерінде ізгі хабарды уағыздау

Канаданың байырғы тілдерінде ізгі хабарды уағыздау

Канадада байырғы халықтардың 60-тан астам тілі бар. Бұл тілдер шамамен 213 000 Канада азаматының ана тілі боп саналады.

Ізгі хабарды сол адамдардың жүрегіне жеткізіп айту үшін, көп Ехоба куәгері сол тілдерді үйренді. 2015 жылдың соңына таман 250-ден аса жариялаушы Куәгерлер ұйымдастырған байырғы тілдерді үйрену курсын бітірді.

Бұған қоса, Ехоба куәгерлері Киелі кітапқа негізделген басылымдарды, соның ішінде қысқаша бейнероликтерді, Канаданың байырғы 8 тіліне, атап айтсақ, алгонкин, блэкфут, жазықтық кри, батыс батпақ кри, инуктитут, могаук, оттава және солтүстік оджибве тілдеріне аударды *.

Бұл тілдерді үйреніп жүргендер мұның оңай іс емес екенін айтады. Мысалы, Карма есімді әйел былай дейді: “Блэкфут аударма тобына көмектесе бастағанымда, өзімді тура бір көзімді байлап қойып жұмыс істегендей сезіндім. Ол кезде бұл тілді жақсы білмейтінмін. Тіпті ол тілде оқи да алмайтынмын, естіген сөздерімді түсінбейтінмін де”.

Ал батыс батпақ кри тілінің аударма бөлімімен істесетін Теренс: “Бұл тілдегі сөздердің басым көпшілігі тым ұзын әрі айтуға қиын”,— дейді. Онтариодағы Манитулин аралында толық уақытты қызмет ететін Дэниел былай дейді: “Оқулықтар өте аз. Сондықтан тілді үйренудің ең жақсы әдісі — сол тілді жақсы білетін ата-әжелермен әңгімелесу”.

Енді осының нәтижесі қандай боп жатыр? Оджибве тілінде сөйлейтін бір әйел Ехоба куәгерлерінің басқа адамдарға көмектесу үшін барын салуымен өзге діндерден ерекшеленетінін айтты. Оның айтуынша, Куәгерлер оджибве тілінде сөйлейтін адамдардың үйлеріне барып, олардың ана тілдерінде Жазбаларды оқып береді. Осының арқасында адамдар Киелі кітап жайлы пікір алысуға қысылмайды екен.

Альбертадағы Кайна тайпасында туып өскен әрі аудармашы болып қызмет ететін Берт былай дейді: “Мен блэкфут тілінде сөйлейтін адамдардың әдебиетімізді кеудесіне қысып тұрып: —Бұл — менің тілім. Бұл мен үшін жазылған!— деп қуанғанын, сондай-ақ бейнероликтерді ана тілінде тамашалағанда, көздеріне жас алған талай адамды көрдім”.

Кри тілінде сөйлейтін бір әйел “Киелі кітапты оқудың қандай пайдасы бар?” деген бейнероликтің ана тілінде шыққаны үшін алғысын жаудырды. Бұл оған туған анасы сөйлеп тұрғандай сезім қалдырыпты.

Ауыр сапар

Ізгі хабарды байырғы халықтардың аймақтарына жеткізу үшін, ауыр сапар шегіп, көп тер төгуге тура келеді. Теренс пен әйелі Орлеан осындай бір сапарларын еске түсіріп былай деді: “Уағыздағымыз келген Литтл-Гранд-Рапидс аймағына жету үшін, автокеруеннің қатарында 12 сағат бойы мұзды жолмен жүрдік. Бірақ еңбегіміз зая кетпеді. Ондағы адамдар хабарымызды өте жақсы қабылдады!”

Ал кейбіреулер жылы ұяларын қалдырып, сол аймақтардың маңына көшіп барған. Мысалы, Дэниел мен әйелі Леан Манитулин аралында үш айдай қызмет еткен соң, сол жерге көшіп баруды шешті. Дэниел былай дейді: “Енді бізде жергілікті тұрғындармен достасып, шындыққа қызығушылығын арттыруға уақытымыз жетеді. Біз бұған дән ризамыз”.

“Өйткені мен оларды шын жүректен жақсы көремін”

Неге Ехоба куәгерлері байырғы халыққа уағыздау үшін күштерін сарп етуге дайын? Бұның себебін Берттің әйелі Роуз былай деп түсіндіреді: “Өзім осы жерлікпін. Киелі кітаптан оқығандарымның пайдасын көргендіктен, басқалардың да соны білгенін қалаймын”.

“Мен кри халқының да адамдары Ехобаның басшылығымен жүрсе екен деймін,— дейді Орлеан.— Оларға Ехобамен дос болуға әрі кезігіп жатқан қиындықтарымен күресуге көмектесу — мен үшін зор мәртебе!”

Марк блэкфут аударма тобында қызмет етеді. Ол неліктен жерлестеріне уағыз айтуға қатты ықыласты? Ол былай дейді: “Өйткені мен оларды шын жүректен жақсы көремін”.

^ 4-абзац Бұл тілдердің кейбірінде Құрама Штаттарының байырғы халықтары да сөйлейді.