Мазмұнға өту

Ізгі хабарды таратқан су тасқыны

Ізгі хабарды таратқан су тасқыны

2017 жылы Москито (Никарагуа) жағалауынан 12 Куәгердің кемемен саяхаты басталды. Кеменің аты “Стури Ямни” еді. Мискито тілінен аударғанда ол “Ізгі хабар” дегенді білдіреді. Кеменің ішінде болған Стефан деген бауырлас былай деді: “Біздің мақсатымыз алыста тұратын бірнеше Куәгерге жігер беру еді. Олардың уағыздайтын аймағы кең байтақ, сондықтан біз оларға ізгі хабарды таратуға көмектескіміз келді”.

12 бауырлас Лагуна де Перлас деген жерден Рио-Гранде-де-Матагальпе өзенімен 200 шақырымдық сапарға шықты. Сол кеменің “Ізгі хабар” деген атауы шынымен де бүкіл халық үшін ізгі хабар болатынын 12 бауырлас білген де жоқ. Жалпы алғанда олар 12 сағаттай кемемен жүзді, бір жерге тоқтап түнегендері тағы бар. Сөйтіп, діттеген Ла-Крус-де-Рио-Грандеге жетті. Сонда тұратын 6 бауырлас оларды құшақ жая қарсы алды.

Сол түні күтпеген жерден апат келді. Қатты дауыл соғып, артынан нөсерге ұласты. Сөйтіп, Рио-Гранде-де-Матагальпе өзені бірнеше сағаттың ішінде суға толып, арнасынан аса бастады. Су екі күн бойы тасыды. Ла-Крустағы Патшалық сарайы мен көп үйлерді су басып кетті. Сол ауылға қонақ болып келген бауырластар жергілікті тұрғындарға өз үйлерінен шығуға көмектесті. Ауыл тұрғындарының көбісі Куәгер әйелдің екі қабатты үйінде 2 күн тұрды.

Судың астында қалған Ла-Крустағы Патшалық сарайы

Үшінші түні Ла-Крусдың әкімі бауырластарға келіп көмек сұрады. Өйткені тек “Ізгі хабар” кемесі ғана тасып жатқан өзенге шыдай алар еді. Сондықтан әкім өзеннің төменгі жағында орналасқан ауылдарға көмектесу үшін бір топ құтқарушыны апарып келуді сұрады. Әрине, Куәгерлер қуана келісті.

Келесі күні үш Куәгер мен құтқарушы топ жолға шықты. Стефан былай дейді: “Біз шыққан кезде өзен долданып жатты. Үлкен тамырымен жұлынған ағаштар өзеннің бойымен төмен қарай ағып жатты. Өзеннің түбіне тартып әкететін дөңгеленген иірімдер пайда болды. Өзен суының жылдамдығы сағатына 18 километрден көп еді”. Осындай қиын жағдайға қарамастан Куәгерлер үш ауылға жетті.

Үш Ехоба куәгері зардап шеккен тұрғындарға жұбаныш берді. Олар дәл сол жылы шыққан “Ояныңдар!” журналының “Төтенше жағдайда жан сақтайтын шаралар” деген санын таратты.

Өзеннің бойында тұратын ауыл тұрғындары Куәгерлердің көрсеткен көмектері үшін, айтқан жылы-жылы сөздері үшін қатты риза болды. Мысалы, кейбір тұрғындар: “Олар көмектерін еш аямады”,— десе, басқалары: “Олар басқа адамдарды шынымен-ақ сүйеді екен”,— деп лебіздерін білдіріп жатты. Куәгерлердің тек өз діндестеріне ғана емес, басқаларға да танытқан жанқиярлықтарын көрген кезде көптеген ауыл тұрғындары Киелі кітаптағы сүйінші хабарға құлақ асуға ықыласты болды.

Марко “Ізгі хабар” кемесінен түсіп, ауыл тұрғындарына ізгі хабарды айтуға бара жатыр

“Ізгі хабар” кемесі су басқан ауылға келді