Мазмұнға өту

Лас-Вегас бульварының (Невада, АҚШ) бойындағы әртүрлі әдебиет арбалары

5 НАУРЫЗ, 2024
ҚҰРАМА ШТАТТАР

Киелі кітап хабары 2024 жылғы Супербоул ойынында кең тарады

Киелі кітап хабары 2024 жылғы Супербоул ойынында кең тарады

2024 жылдың 11 ақпанында Лас-Вегаста (Невада, АҚШ) американдық футболдан Супербоул өтті. Осы танымал ойын өткен қалаға сол аптада шамамен 300 000 адам келді. Әдебиет арбалары адам көп өтетін Лас-Вегас бульварының бойына 50 жерге қойылды. Онда Киелі кітапқа негізделген әдебиеттер 9 тілде болды. Шамамен 1500 бауырлас осы арнайы уағыздау науқанына қатысты. Көп қызық оқиғалар болды. Солардың кейбіреулері мыналар:

Бір ер адам “Жер планетамыз аман қала ма?” деп жазылып тұрған арбаның қасынан өтеді. Ол бірден кері бұрылып, бауырластарға жақындап, олармен сөйлесе бастайды. Оны планетамыздың жағдайы алаңдататынын айтады, бірақ Еремия 29:11-де жазылған Киелі кітаптағы уәдені естігеннен кейін, көңілі орнына түседі. Бауырластарымызбен бір сағаттан аса уақыт сөйлескеннен кейін, кездесулерімізге қатысып көргісі келетінін айтады.

Әйел бауырластар әдебиет арбасына жақындаған отбасымен сөйлесіп тұр

Тура осы жазуды бір стадион күзетшісі басқа әдебиет арбасынан көріп қалады. Ол жұмыста болғандықтан, кезекшілігі біткен соң қайтып келетінін айтады. Қайтып келгенде, ол жақында Киелі кітапты оқып бастағанын айтып береді. Бауырластар оған Киелі кітап курсы туралы айтқанда, көбірек білгісі келеді. Сондықтан бауырластар басқа бір куәгердің онымен хабарласуына қам жасайды.

Супербоул басталардан бір күн бұрын бауырластарымыз үйме-үй уағыздап жүріп бір әйелді кездестіреді. Сол әйел жаңалықтардан біздің әдебиет арбаларымыз жайлы естігенін айтады. Ол: “Жарайсыңдар, сендер жақсы нәрсе істеп жүрсіңдер. Осындай қиын заманда бәрімізге үміт керек”,— деді. Сосын ол кездесулеріміз қашан және қай жерде өтетінін сұрады.

Осындай арнайы науқандардың арқасында көп адам даналықтың шақыруын ести алады, ал адамдардың оған құлақ асып жатқаны қуантады (Нақыл сөздер 1:20, 21). Ең бастысы осылайша Құдайымыз Ехобаның есімі мадақталып жатыр.